Жамбыл жаңалықтары

2 ауданда шетелдік колледждің филиалы ашылады

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында бизнес өкілдерімен бірге кеңес өткізді.

Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде ұйымдастырылған іс-шарада инвестициялық жобаларға кадр даярлау, көші-қон заңнамасы талаптарының сақталуы жан-жақты сараланды.

Ербол Қарашөкеев алдымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің көрмесін тамашалап, еңбектеріне оң бағасын берді.

Басқосуда облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің есебі тыңдалды.

Биыл аймақтағы 42 колледжді барлығы 7 020 студент аяқтайды, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыған 3 880 түлек бар.

Инвестициялық жобаларға білікті кадр дайындау мақсатында Шу және Қордай аудандарында шетелдік колледж филиалын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

№11 Сарысу және Жаңатас көпсалалы колледждері «Qazaq Soda» ЖШС, «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС тарапынан ашылатын 1000-ға жуық жұмыс орнын білікті кадрлармен қамтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде «Қазфосфат» ЖШС-ның «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені Қаратау құрылыс техникалық колледжінде студенттер үшін құзыреттілік орталығын ашты. Сонымен бірге аталған білім ұясы «Talas Investment Company», «Жамбыл-Недр» компанияларына мамандар даярлау үшін оқу алаңы ретінде пайдаланылмақ.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Knauf» компаниясы Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде құзыреттілік орталығын ашады деп күтілуде. Бұл бастама аясында оқу ордасының материалдық-техникалық базасы кұшейтіліп, жастар үшін жаңа тәжірибелік алаңдар пайда болады.

Облыста 62 инвестициялық жоба аясында 2029 жылға қарай 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Ербол Қарашөкеев білім беру және оқыту бағдарламаларын жетілдірудің, сондай-ақ колледжердің материалдық-техникалық базасын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге жауапты тұлғаларға еңбек нарығының сұранысына сай студенттерді жұмысқа орналастыру мақсатында инвесторлармен бірлесіп іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды.

Өңір басшысы жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды еңбекпен қамту мәселесіне де назар аударды. Бірқатар басқарма басшыларына бірлесе жұмыс істеу міндетін қойды.

Кеңес барысында облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасады.

«Кнауф гипс» ЖШС бас директорының орынбасары Наталья Хуснуллина, «Qazaq Soda» ЖШС директоры Юсуф Джейлан, «НДФЗ» ЖШС директорының орынбасары Сәния Бейсебаева және «QyzylshaZher» ЖШС директорының орынбасары Руслан Тұраров сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

Жиын қорытындысы бойынша бизнес өкілдері кадр даярлау ісінде облыстық әкімдікпен бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі