Мәдениет мамандарының мерейі тасыған күн
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Байзақ ауданында өткен іс-шарада ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүрлер дәріптеліп, кітапханалар мен музейлердің көрмесі, театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды.
Облыс әкімі мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген 4 мыңға жуық азаматтың ұлт руханиятының дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оларға шынайы ризашылығын жеткізді.
Биыл мәдениет саласын дамытуға 16,5 миллиард теңге бөлінді (2024 жылы – 15,3 миллиард теңге).
2024 жылы 8 мәдениет нысаны ел игілігіне берілді. 2025 жылы 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде.
Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде өңір өнерпаздарының халықаралық және республикалық байқаулардағы жетістіктерін де жоғары бағалады.
Салтанатты іс-шара барысында мәдениет және өнер саласының бірқатар қызметкері сала дамуына қосқан елеулі үлесі үшін марапатталып, қаржылай сертификатқа ие болды.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Майра Әлімбетова «Құрмет» орденімен наградталды.
Кәсіби әнші Қаһарман Ілиясқа ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Алтын Барыс» белгісі тапсырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің де мерекелік марапаттары табысталды. Жамбыл ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев «Еңбек ардагері» медалін, Байзақ ауданы Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің домбырашысы Панабек Ахметов пен Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының жарық беруші технигі Мұратбек Исаев «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Бұдан бөлек, сала үздіктеріне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, өңір басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді.
Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев құттықтау сөз сөйлеп, әріптестеріне сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік кеш соңында сахна саңлақтары көрермен қауымды өз өнерлерімен тәнті етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі