3 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты – жаңа технологиялар мен әдістерді тиімді қолдана алатын білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету, деп хабарлайды arainfo.kz
Жаңа форматтағы мектептерде педагогтердің кәсіби шеберлігін үздіксіз арттыруға басымдық беріледі.
Сондай-ақ қазіргі заман талабына сай, заманауи ойлайтын, қажетті білім мен қабілетке ие жас мұғалімдерді тарту үшін аталған мектептердің басшылығы мен жетекші педагогикалық ЖОО арасында ынтымақтастық орнатылады. Бұл мектептерге арнайы дайындалған мұғалімдер тарту мақсатында жасалатын шара. Мектептерді басқару тиімділік, ашықтық және жауапкершілік принциптері бойынша ұйымдастырылады. Директорларды тағайындауда басымдық «Білім беру саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге беріледі. Болашақта бұл мектептер моделі еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептердің дамуына негіз болмақ. Пысықталған стандарттар, әдістемелер және басқару шешімдері бүкіл республика бойынша масштабталатын болады. Бұл күрделі шаруаны жүзеге асыру үшін ұлттық жоба аясында салынған мектептерді басқару жүйесі құрылуда. Аталған құрылым Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының құрамында болады.