Әкеге апарар жолдың азабы
Редакцияға бас сұққан бір әйел өзін Гүлжанар Сәттібекқызы деп таныстырды. Жанары мұңға толы келіншек әкесін іздеп жүр екен. Анасы Күлайна Гүлжанар құрсағында жатқанда ажырасып кеткен көрінеді. Қыз 3 жасқа толғанда, анасы өмірден озыпты.
Шешесі өмірден өткен соң нағашы әжесінің қарауында болған Гүлжанар әжесінің сүйікті қызы болып өседі. Нағашы әжесінің жиеніне деген мейірімінің арқасында оған барлық кестелі көйлек, әсем қуыршақ, тілі дәм үйірер тәттілер бұйыратын. Сондықтан да анасының бауырлары шешесінің бар мейірімін сарқып алған кішкентай қызды аса ұната қойған жоқ. Оны отырса опақ, тұрса сопақ етті. Кішкентай қыздың ішкен-жегенін, отырып-тұрғанын сөз етіп, түртпектеп, әжесі көзін ала бере соққыға жығатын.
Әжесінің жиеніне деген базарлығын да тартып алып, өзін жылатып, бұрышқа тұрғызып қоятын. Кішкентай қыз «Әжеңе айтсаң таяқ жейсің» деген сөзден қатты қорқатын. Ол үйде Гүлжанарды әжесінен басқа ешкім аямайтын. Ол әкесінің кім екенін ді білмеді, ешкім айтып та берген емес. Әкесі жайлы әлдене деуге әжесі қатаң тыйым салған соң, асқар тауы туралы сөз қозғауға жүрегі дауламайтын.
Гүлжанар 14 жасқа толар-толмаста жалғыз жанашыры – әжесі өмірден озады. Нағыз қағажау осы кезден басталды. Тағдырдан теперіш көріп, өмірі өксумен өте бастады. Десе де қаршадай қыз бұл шаңырақта бір жыл әзер шыдайды. Мектепке бару жайына қалып, жоғалған мал, жуылмаған ыдыс, жиналмай қалған төсек үшін жас қыздың шашы жұлынып, талай көзі көгерген. Соңында Гүлжанар анасының бауырларынан көңілі қатты қалып, беті ауған жаққа қашып құтылады.
Қара жолды қақ тіліп, алба-жұлба көнетоз киіммен жылап кетіп бара жатқан қызды жолай бір көлік ала кетеді де, Тараз қаласындағы теміржол бекетіне апарып тастайды.
Балалар үйіне жиі барып, қызы мен ұлының жағдайын біліп, базарлық апарып тұратын Гүлжанар әкесін табуды әлі де армандайды. Жиендерін атасына көрсетіп, маңдайынан иіскетсем деп қиялдайды.
Балалары оқу үздігі екенін естіген сайын төбесі көкке жетіп, кеудесін мақтаныш кернейді. «Әкем табылып қалар» деген үмітпен өмір сүретін келіншек, «асқар тауымды бір көрсем, арманым болмас еді» деп іштей егіледі. Күндердің күнінде Сәттібек ақсақал да табылып қалар. Тек сол күнге ертерек жетуді жазсын!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ