Қоғам

Ащы суға қор болған ғұмыр

Ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң адам кейде қиындықтан жол таппай адасады. Қателеседі. Ойнақтап жүріп от басады. Кейде үзілгенді жалғаймын деп жүріп, өзі де үзіліп кетеді. Кімнің басына түспеген қиындық, кімнің алдынан шықпаған қателік дерсің бұл?! Алайда әркім хал-қадірінше күреседі.

...Темекісінің көк түтінін будақтатып, алысқа көз тастап отырған қартаң әйелдің азан шақырып қойған есімі Ханшайым еді. Ол темекісін тұтатқан сіріңкенің қолын күйдіргенін де сезбейтін сияқты. Жаздық жұқа күлгін көйлегінің әр жеріне темекінің шоғы түсіп, күйіп қалып жатыр. Қызыл шоқ әйелдің нәзік денесін қарып алғаны сөзсіз. Алайда өзі сезбеді де. Сезінгісі келмеді, әлде сезіне алмады. Екі саусағының ортасына қыстырған темекісін құшырлана сорып, арасында ащы суды ұрттап, әлемнің бар ауыртпалығын ұмытқандай күй кешіп отыра берді.

Ханшайымда кеше ғана бәрі бар еді. Бір үйдің жалғыз қызы болған соң жас құрақтай желкілдеп өсті. Бақыттың бақшасында өзіне тиесілі үлесінен де құр қалмады. Сүйікті жар атанып, перзент те сүйіп үлгерді. Жақсы тұрмыс кешуіне ешкім де, ештеңе де кедергі келтірген жоқ. Тек шаттанған үстіне шаттанып, өзінің масаң тартқан сәттерін қатты ұнататын. Сонда онсыз да түгел төрт дүниесі тіпті қызыл-жасыл түске еніп, ажарлана түсетін. Айналасы да шырайланып, жан біткеннің барлығы бақытты көрінетін.

Уақыт өте келе үйден безіп, көше кезіп ішетінді шығарды. Алқаш атанды. Бөтелкелес досының бәрі көшеде жүрсе, үйге оралып несі бар?! Тек солар ғана жандүниесін түсініп, солар ғана «ішпе» деп айтпайтын. Сол үшін оларды бәрінен артық көрді.

«Бүлінген түк те жоқ, бәрін қайта қалпына келтіруге болады» деп ойлады. Тіпті оның миында адами факторға саятын, қателік, ыза, ашу мен кек, тіпті жақсы көру мен сағыну деген сезімдер өшіп кеткен. Жанындай жақсы көрген ата-ана, сүйген жар мен тапқан балаларын ойлағысы келмейді. Оларға деген зор сүйіспеншілігі мен махаббаты қай күні, қалай өшкені өзіне де беймәлім. Ең қорқыныштысы да сол.

Жасыл желекпен көмкерілген «Мамыр» саябағына бас сұқтық. Басар тау, барар жері қалмаған, дүниеден баз кешіп, үйірінен адасып, отауынан айырылып қалғандар күн суығанда саябақта орналасқан Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықты жағалайды. Олар бұл орталықтың табалдырығын аязда үсіп қалмас үшін ғана аттайтын көрінеді. Көктем шығысымен қайта қашып шығып, баз-баяғы қалыптарына түседі. Бұлар Ханшайымның жан достары. Сырлас, тағдырлас әлемі.

Расында тағдырын тас-талқан етіп, бауыры мен балаларынан безініп жүргендерден не үміт, не қайыр дерсің?! Алайда олар да адам. Бірақ адамды адам ететін оның сезімталдығы, әлденеге жанашырлығы, қамқорлығы, мейірбандығы, әлдебір жетістікке ұмтылуымен, қуаныш пен қайғыны сезінуінде емес пе?! Ал орталықта қызмет алушылардың көбісі өзге тұрмақ, өзін ұмытқандар. Оларға бәрібір. Кейбірі бәрін біліп тұрғанымен, өзін қалпына келтіре алмайды. Яғни ішкілікке салынып, құмарлық дерті асқынған жандар. Емделуге өздері де құлықсыз.

Орталықта ащы су ішуге, есірткі тұтынуға қатаң тыйым салынған. Ал қызмет алушылар мамыражай тіршілігін, жақындарын жан азаттығы үшін тәрк еткендер. Сондықтан олардың ойында бір ғана жақсы ой, пікір болса, ол бостандық, еркіндік деген ұғымға деген ұмтылыс қана.

Алайда адасқанның бәрі ащы су мен қателіктің кесірінен осында тоғытылғандар емес. Бірлі-жарым жандар тәлкекке салған тағдырының теперішімен осында жүгінеді. Олардың қатарында Бекнұр да бар. Күлімкөз жігіттің самайын қырау шалыпты. Жасы қырықтың ар жақ, бер жағында. Ішімдік ішпейді. Жымиып тұратын жанары алдамайды екен. Әлдебір жылылықты аңсап тұратыны жүзінен аңғарылып тұр. Бұл мекеменің көмегіне жүгінгендердің бойында семіп қалған көп адами қасиет осы кісінің бойында сақталғаны да білінеді.

Бекнұр өмірге өкпелемейді. Бәрін қалай бар, солай қабылдап үйренгені байқалады. Жанарын мұң шалмаған, биязы жігіт туралы орталық қызметкерлері «Еңбекқор, адал, бақытты болуға әбден лайық» деп жылы пікірлерін айтты. Тек толыққанды өмір сүруге дерті кедергі болып тұрған көрінеді. Бір кем дүние!

Анадайдан көзін қадап, сыртымыздан бақылап тұрған жігітке көңіл аудардық. Ол өзінің 8 бауыры бар екенін және оларға өкпелі екенін жеткізді.

Азамат өзін видеоға түсіруімізге қарсы болмады. Бейнероликті әлеуметтік желіге жүктегеннен кейін, бізге көптеген адамдар хабарласты. Бірі сыныптасым еді десе, енді бірі ауылдасы екенін айтты. 8 бауыры да кезек-кезек қоңырау шалып, көздеріне жас алды.

Аяғынан айырылып, арбаға таңылған қарт та арбасының доңғалағын біз жаққа бұрды. Қолын сермеп әлденені түсіндіруге оқталды. Алайда онысынан түк шықпады. Тілі кеміс. Түсініксіз. Инсульт алған екен. Сондықтан сөйлеуден қалған.

Алайда біздің түсінбегенімізді көріп, ашуға мінді. Боқтай бастады. Бір қызығы, сөйлей алмайтын кісі жаман сөз айтуға келгенде аузы-аузына жұқпайды екен. Көздері шатынап, жұдырығын түйіп, әлдекімге ызалы, әлдекімге өкпелі кейіпте дүниенің бар боғауызын қарша боратты. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, екі бірдей ұлы әкесінен бас тартыпты. Оған себеп осы бір оспадар, бетпақ, бейәдеп мінезі екен.

Мұндай жандардың өмірін қалай жөнге келтіруге болады? Ата-ана, бала-шағасы тоқтата алмаған, тас жүрегін идіре алмаған бейбақтардың тағдырын бір бөтелке тас-талқанын шығарды деу тым ауыр. Бірақ расы сол.

Иә, адамдар адасады. Жолдың бұралаң-ирелеңіндей тағдырдың да тосынсыйы таусылмайды ғой. Бірақ бәрінен ауыры – барыңды жоғалту, тәрк ету, жоқ қылу. Абырой, сый-құрметсіз қалу былай тұрсын, өз атыңды ұмыту деген не сұмдық?! Абыройдан айырылмайық!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ