Жұмысшы мамандықтарына кешенді көзқарас
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай облысымызда бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып, жұмысшы мамандықтарын қоғамда кеңінен насихаттауға баса назар аударылуда.
2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануына байланысты білім беру саласында кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, оны жүзеге асыру аясында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жоспар өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында колледждерді халықаралық салалық аккредиттеуден өткізу, заманауи талаптарға сай «1С» сертификаттау орталығын құру, 220 орындық жаңа жатақхана құрылысын салу көзделген. Сонымен қатар еңбек нарығының сұранысына бейімделген, нақты салалар бойынша 6 заманауи салалық (hub) кешен ашу жоспарланған.
Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің нақты тапсырыстары негізінде мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін ұлғайту, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен әріптестік орнатып, жаңа әрі сұранысқа ие мамандықтарды енгізуге назар аударылған.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков 6 салалық кешен тек оқу орындарының материалдық базасын нығайтумен шектелмейтінін айтады.
Басқарма басшысының айтуынша, 3 наурыз күні Тараз қаласында «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында «Жұмысшы мамандықтары жылының» салтанатты ашылуы өтіпті. Бұл іс-шара жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын халыққа кеңінен насихаттау, кәсіби білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін көрсету, сондай-ақ жастарды еңбек бағытына бағыттау мақсатында ұйымдастырылған. Ашылу салтанатында 11 тақырыптық көрме мен 10 интерактивті алаң жұмыс істеген. Мұнда облысымыздағы кәсіптік білім беру мекемелері ұсынатын мамандықтар жан-жақты таныстырылып, олардың ерекшеліктері мен артықшылықтары көрнекі түрде көрсетілген. Сонымен қатар іс-шара барысында 500-ге жуық мектеп оқушысына кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, оларға түрлі мамандықтар туралы жан-жақты мәлімет берілген.
2024 жылы өңірдің еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңа мамандықтар ашу және жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында стратегиялық маңызды жоба – «Жаңа мамандықтардың атласы» іске қосылған. Нәтижесінде өңірдің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, 68 жаңа мамандық анықталып, олар еңбек нарығындағы олқылықтарды толықтыруға бағытталған. Сонымен бірге, техникалық және өндірістік процестердің өзгеруіне байланысты 17 мамандық жойылатындар қатарына шығарылып, 41 мамандық трансформацияланатыны анықталған.
Сонымен қатар АЭС құрылысына қажетті кадрларды даярлау аясында №8 Мойынқұм колледжінде арнайы жұмыстар жүргізілуде. Атом энергетикасы саласына тән жоғары технологиялық мамандарды дайындау үшін колледждің қолданыстағы «Дәнекерлеу ісі» мамандығының материалдық-техникалық базасын жаңғырту басталыпты. Осылайша колледж өңірдегі атом энергетикасы саласының кадрлық қажеттіліктерін қамтуға мүмкіндік алуда.
Алдағы уақытта да бекітілген жоспарға сәйкес, өңірімізде кәсіби мамандықтарды дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жалғаса бермек.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ