Брифинг

Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Руслан Шарипов Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу кезеңінің басталуы туралы баяндама жасады.

Дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған. Бұған дейін 3 іріктеу өткізіліп, нәтижесінде резервке 400 адам қабылданған. Резервке алынған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеуде, яғни жалпы санының 80 пайызы жұмысқа орналастырылған.

Баяндамашының айтуынша, алғашқы кезең бойынша құжаттарды қабылдау 2025 жылдың 1-30 маусымы аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режимде жүзеге асырылады. Екінші кезең – кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Талаптарға сәйкес келетін барлық кандидаттар мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өтеді. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50 пайызы жіберіледі.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ