«Өндірістік тәжірибе» жобасының мүмкіндігі мол
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Бияхметов жұмыс сапарымен өңірімізге келді. Вице-министр алдымен облыс әкімдігінде халықты жұмыспен қамту және өңірдің инвестициялық климатын жақсарту мәселелеріне арналған жиынға қатысты.
Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, жүргізді.
Мұнан соң тақырып аясында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасап, салада атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті. Басқарма басшысының айтуынша, биыл жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылатын жұмыс орындарының жоспары 65 647 орын болып бекітілсе, есепті кезеңге барлығы 20 723 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспар 31,6 пайызға орындалыпты.
Осы ретте басқарма басшысы вице-минситр Асқар Сақтағанұлына бұл бағытта тиісті қаражаттың республикалық бюджеттен бөлінуіне ықпал етуін сұрады.
Басқарма басшысы тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізген Асқар Биахметов жиынға қатысушыларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық технологиясы – инновациялық жобалар навигаторын таныстырды. Аталмыш навигаторға өңірлер бойынша барлық салада жүзеге асырылып жатқан жобаларға қатысты мәліметтер енгізілген. Платформаның басты бетінде карта арқылы өңірді таңдауға, онда қанша инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын, олардың қандай салаларға қатысты екенін, сондай-ақ жоба аясында қанша жұмыс орны құрылғанын көруге болады. Инновациялық навигатордың мәліметінде өңірде 58 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқаны көрсетілген екен.
Мұнан соң ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі «Таразкожобувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Сапар барысында Асқар Сақтағанұлы жұмысшылардың өзекті мәселелеріне құлақ түріп, министрлік тарапынан енгізіліп жатқан цифрлық жаңашылдықтар туралы айтып берді.
Келесі кезекті А. Биахметов «Запчасть» акционерлік қоғамына ат басын бұрды. Зауыттың бас директорының орынбасары Борис Полуда вице-министрді кәсіпорынның жұмысымен таныстырды.
Борис Полуданың айтуынша, зауытта барлығы 600 адам жұмыс істейді. Олар үш ауысыммен тамақтанады. Тамақтану шығындары толығымен кәсіпорын есебінен төленеді екен.
Сондай-ақ вице-министрге зауыттың цехтары көрсетіліп, өндірістің барысы, кәсіпорын қуаты мен негізгі міндеттері таныстырылды. Кәсіпорын жұмысымен толық танысып болғаннан кейін Асқар Сақтағанұлы зауыт ұжымымен әңгімелесіп, жұмысшылардың мәселелерін тыңдап, жергілікті жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Вице-министр сапар аясында барған соңғы нысан – «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үй құрылысы комбинаты. Бүгінде мұнда 100-ден астам адам еңбек еткенімен, кәсіпорын толық қуатында 400 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.
«Бином» ЖШС-нің атқарушы директоры Мақсат Бакеев зауыттың толық қуатта жұмыс істемеу себебі мемлекеттік тапсырыстың жоқтығынан екенін жеткізді.
Аталған кәсіпорын министрліктің жалақы беру мәселесі бойынша тәуекелдер картасына кіретінін еске салған А.Биахметов зауыт қызметкерлерінің орташа жалақысын сұрап, жалақы төлеу мәселесінде қандай да бір қиындықтар бар-жоғын нақтылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі құрылыс компаниясының қала мен облыс әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар ірі кәсіпорындар бос тұрмауы тиіс екенін айтты.
Сөзін қорытындылай келе Асқар Биахметов халықты жұмыспен қамту мен отандық кәсіпорындарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ