Жамбыл жаңалықтары

Жас көкпаршылардың жарқын жетістігі

Алматы облысында көкпардан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының ХІХ чемпионаты мәресіне жетті. Дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік жас шабандоздар бақ сынады.

Жамбыл облысының көкпаршылары чемпионат барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Алғашқы кездесуде Түркістан облысының командасын 5:4 есебімен жеңсе, кейін Жетісу облысын 9:2, Алматы облысын 6:3 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.

Финалдық ойында облысымыздың құрамасы мен Шымкент қаласының командасы алтын жүлдені сарапқа салды. Тартысқа толы болған бәсекенің негізгі уақыты тең аяқталды. «Алтын салым» кезеңінде әулиеаталық жас шабандоз Арнұр Есен шешуші ұпайды еншілеп, өз командасына жеңіс сыйлады.

Осылайша, жамбылдық жас көкпаршылар ел чемпионатында тоғызыншы мәрте топ жарып, өңір абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.

Жалпы чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 13 команда, 160-қа жуық спортшы қатысты.

Жүлде қоры 12 миллион 350 мың теңгені құрады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі