Оқушылардың жазғы демалысы ойдағыдай өтуі керек
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Онда санитарлық тазалық пен аумақтарды абаттандыру барысы және ҰБТ-ға дайындық, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Жиында алғаш сөз алған облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылуы мен «жасыл белдеу» құру бойынша 2025 жылғы жоспардың орындалуы жайын сөз етті. Басқарма басшысының айтуынша, 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспарына сәйкес елді мекендерде абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұған қоса, наурыз-сәуір айларында Тараз қаласы мен аудандарда көктемгі 2 айлық абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық іс-шаралары өткізілген. Тараз қаласы мен аудандарда апта сайын жалпы 9 сенбілік ұйымдастырылыпты. Әр сенбілікте шамамен 9-10 мыңға жуық адам қатысқан. «TazaLike» іс-шарасына қатысты 17 акция аясында көгеріштендіру және санитарлық тазалау жұмыстары атқарылып, 21,6 мың жасыл желек отырғызылыпты.
Басқосу барысында «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі саналатын «Telegram-бот» арқылы түскен өтінімдерден нәтиже шығаруда кейбір ауданның белсенділігі төмен екені, кездейсоқ қоқыстар жиі кездесетіні айтылды. Осы тектес кемшіліктер бойынша Тараз қаласы мен Талас, Қордай, Т.Рысқұлов секілді бірқатар ауданның аты аталды. Мойынқұм ауданы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын мекеменің жоқтығы сынға алынды.
Өз кезегінде облыс әкімі Тараз қаласы мен тиісті аудан әкімдерінен жауап алды. Мысалы, Тараз қаласының «Ұлы дала» ықшамауданындағы егілген жасыл желектерді күтіп ұстау, суғаруға қатысты сын-ескертпе әлеуметтік желілерде қоғам талқысына түскен болатын. Себебі ондағы көшетттердің біразы қурап қалған көрінеді.
Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне тазалық пен экологиялық тәртіпті сақтауды, ауылдық округ әкімдерінің жұмысын күшейтуді, кездейсоқ тасталған қоқысқа қарсы күресті жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындардың шағымдарына жедел жауап беру, қоғамдық бақылауды арттыру және өңірдегі санитарлық ахуалды жақсарту мақсатында «Telegram-бот»-ты халық арасында кеңінен насихаттау міндеттелді.
Бұдан кейінгі қаралған мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндама жасады.
Жиында аймақ басшысы жаз мезгіліндегі балалар қауіпсіздігі мен олардың демалысын ұйымдастыру мәселесіне айрықша назар аударды. Білім басқармасы басшысына бұл бағыттағы жұмыстарды жан-жақты бақылауда ұстау тапсырылды. Атап айтқанда, жазғы демалыс лагерьлерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдын ала дайындық шараларын сапалы жүргізу, ас мәзірінің құндылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз ету, медициналық бақылау мен санитарлық талаптардың толық орындалуы қажеттігі баса айтылды. Сонымен бірге лагерь қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары, бөгде адамдардың кіру тәртібі және санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың жүйелі жүргізілуін қатаң бақылауда ұстауды сөз етті. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектердің көлікпен шеру ұйымдастыруына, автокөлікті тізгіндеу арқылы көшеде салтанатты жағдайда жүріп өтуіне және мерекелік іс-шараларды тойханалар мен басқа орындарда да атап өтуіне қатаң түрде тыйым салу қажеттігін ескертті. Бұл ретте оқушылар мен ата-аналарға қауіпсіздік ережелері жөнінде алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізу артық болмайтынын атап өтті.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ