Жаңалықтар

Жазда студенттерге арналған тегін оқу курстары ұйымдастырылады

Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мектеп оқушыларының жазғы демалыс уақытында ақша табу мүмкіндігін қамтамасыз етуге, олардың еңбек және жеке дамуына жағдай жасауға бағытталған еңбекпен қамтуды ұйымдастыру бойынша кешенді шаралар туралы айтты, деп хабарлайды arainfo.kz

Еңбек министрлігі басшысының үкімет отырысында айтуынша, заңға сәйкес жұмыс істеуге рұқсат етілген 14 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының саны – 1 млн 488,6 мың, оның ішінде 26,5 мың мүмкіндігі шектеулі оқушылар.

Сонымен қатар жұмыс істеуге құқылы оқушылардың ең көбі Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.

Министрліктің ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес бүгінде мектеп жасындағы 24,3 мың бала жұмыспен қамтылған. Олар көбінесе сауда саласында, тамақтану қызметтерінде жұмыс істейді.

Министр электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) арнайы "Менің жазғы демалысым" бөлімі құрылғанын, ол 14 жастан бастап білім алушыларға (мектеп оқушылары мен студенттер) платформаға тіркелуге, жеке кабинетін құруға, түйіндеме жариялауға және қолайлы бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 16 жасқа дейінгі білім алушылар үшін жүйеге заңды өкілдері (ата-аналар, қамқоршылар) тіркеп, жеке кабинет құрып береді.

Платформа 14 жастан бастап алғашқы кәсіби тәжірибені игеруге, жұмысқа орналастырудың цифрлық құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ қауіпсіз жұмыс іздеуді ұсынады, сонымен қатар еңбек дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Skills.Enbek онлайн оқыту платформасы мектеп оқушыларына жаңа дағдыларды үйренуге немесе бұрыннан бар қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі салалардағы тегін және ақылы курстарды ұсынады. Бүгінгі таңда платформада 1,2 мыңнан аса курс бар, оның 322-сі тегін, ал 137 курс мемлекеттік тілде ұсынылған.