Жаңалықтар

Астанада ТКМ саласындағы корпоративтік университеттердің Қазақстандағы алғашқы халықаралық форумы өтті

Астанада елдегі тау-кен металлургия (ТКМ) саласындағы корпоративтік университеттердің кеңейтілген форматтағы халықаралық кездесуі өтті,деп хабарлайды arainfo.kz

Іс-шара ұйымдастырушысы – Eurasian Resources Group (ERG). Форум Азия аумағындағы EFMD-ге мүше корпоративтік университеттер мен білім беру құрылымдары, қызметкерлерді оқыту саласында еңбек ететін білім беру мекемелері мен қауымдастықтар арасында Қазақстандағы алғашқы тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Шараның мақсаты – озық тәжірибелер, үздік практикалар мен инновациялық ұстанымдар алмасу мүмкіндіктерін кеңейту. Форумға қатысушылар көшбасшылық, кәсіби білім беру мен қызметкерлерді оқыту мәселерін кеңінен талқылап, халықаралық қауымдастық мойындаған озық кейстермен танысты.

Негізгі спикерлердің бірі – CLIP  корпоративтік университеті аккредитациядан өту бағдарламаларының жетекшісі, EFMD корпоративтік сервистерінің директоры, доктор Мартин Мерле. EFMD – әлемнің 88 елінде 890 мүшесі бар Еуропалық менеджментті дамыту қоры. Ол менеджмент пен қызметкерлерді оқыту салаларындағы жетекші бизнес-мектептер, университеттер мен корпорацияларды біріктірген. Оқыту мен менеджмент саласындағы озық тәжірибелер алмасуға арналған жаһандық тұғырнама деуге болады. Ол бизнестің бәсекеге қабілеттілігін артыру үшін корпоративтік оқытуға халықаралық стандарттарды енгізудің маңызына ерекше тоқталды:

 – Біз EFMD тәжірибесінде әріптестер қауымдастығы корпоративтік оқыту стандарттарын дамыта отырып, компаниялардың ісін жетілдіру жолына барынша қарқын бере алатынына талай мәрте көз жеткіздік. ERG-дің бастамасы Қазақстандағы, тіпті Орта Азиядағы  корпоративтік оқыту саласына тың серпін бере алады деген сенімдеміз,- деді Мартин Мерле.

Форумда ERG-дің корпоративтік университеті халықаралық сертификациялау бағдарламаларда жүлделі орындарға ие болған өзінің білім беру бағдарламаларын таныстырды. Өткен жылы ERG-дің корпоративтік университеті халықаралық EFMD Excellence in Practice Awards 2024 байқауының «Кәсіби білім беру» аталымында «үздік» деп танылған. Ал, биыл ERG-дің Корпоративтік университеті Қазақстан мен ТМД-да алғашқы болып EFMD LIFT Learning Impact стандарты бойынша сертификатталды.

Бұл жүлде – білім беру өнімдерін даярлау мен оны басқарудағы жұмыстың сапасы жоғары, әдістемелері мен әзірлемелері толыққанды әрі халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін растады.  Сертификаттау барысында ERG CU төмендегі 3 тартымды жобасын таныстырған болатын:

карьерлердегі ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерін даярлауда тренажер-симуляторларды пайдалану;

дәнекерлеуші мамандарды даярлауда сандық, толықтырылған шындық (AR) технологияларын кеңінен пайдалану;

Strategic Leadership Program (SLP) көшбасшылықты дамыту бағдарламасы.

ТКМ саласындағы корпоративтік университеттер форумы Қазақстан мен Азияда осы корпоративтік білім беру бағытында жұмыс істеп жүрген құрылымдар арасындағы өзара серіктестікті нығайтуды көздейді. 

Халықаралық форумға ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов та қатысып, шараның маңызын ерекше атап айтты:

ERG Қазақстандағы корпоративтік университеттер арасында алғашқы болып тау-кен металлургия саласы кәсіпорындарының бәріне есігін айқара ашып отыр. Топ персоналды дамытуға инновациялық ұстанымдарды қолданып қана қоймай, стратегиялық көзқарас пен көшбасшылықтың жоғары деңгейін паш етіп келеді.

ERG Қазақстанда алғашқы болып 6 тау-кен металлургия компаниялары арасында зерттеулер жүргізіп, бенчмарк пен сараптама базасын құрды. Осылай тұрғырнама қаланып, компания өз бастамасын кеңейтуге даяр. Әрі 2025 жылдан бастап кәсіби қауымдастық тарапынан да қолдау тауып, зерттеуге қатысатын компаниялар саны ұлғая түсеріне сенімді.