Жаңалықтар

Қазақстанда жыл басынан бері 60 бала терезеден құлап кеткен

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі балалардың терезеден құлау жағдайларына байланысты алаңдаушылық білдіреді, деп хабарлайды arainfo.kz

Жылы мезгілдің басталуына байланысты балалардың терезеден құлау оқиғалары артып келеді. 2025 жылдың 19 мамырына дейін елімізде осындай 60 оқиға тіркеліп, оның 5-і өліммен аяқталған. 55 бала түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

2024 жылы 196 оқиға болған. Көбіне бұл — ересектердің қарауынсыз қалған 2-13 жас аралығындағы балалар. Қайғылы жағдайлар балалардың москит торына сүйенуі салдарынан орын алады, себебі торлар салмаққа төтеп бере алмайды.

Төтенше жағдайлар министрлігі ел бойынша профилактикалық шараларды күшейтіп, ата-аналармен кездесулер, рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Министрлік ата-аналарға қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін ескертеді:

  • Балаларды қараусыз қалдырмау;
  • Москит торларына сенбеу;
  • Терезеге бекіткіштер орнату;
  • Терезе маңындағы жиһаздарды алып тастау.