Жаңалықтар

Су үнемдеу үшін Қызылорда облысында 60 мың гектарға жуық күріш алқабы лазермен тегістелді

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысының диқандарымен кездесті, деп хабарлайды arainfo.kz

Биыл өңірде 60 мың гектарға жуық егіс алқабы лазермен тегістелді. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 55 мың гектарды лазермен тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделген болатын. Ал орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін ұлғайды. Айта кетсек, Үкімет ауыл шаруашылығы кооперативтерінің лазермен тегістегіштерді сатып алу шығындарын 50%-ға дейін субсидиялайды.

«Сіздермен ең алғаш кездескенімде бірнеше ұсыныс айтқан едіңіздер. Өтініштеріңіз бойынша біз кооперативтерге арналған субсидия мөлшерін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайттық. Осыған дейін субсидия егістік алқабы 200 гектардан асатын шаруашылықтарға ғана төленеді деген талап бар еді. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, бұл шектеуді де алып тастадық»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.