Жаңалықтар

Джо Байденге қатерлі ісік диагнозы қойылды

Джо Байденге қуық асты безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылды, деп хабарлайды arainfo.kz

82 жастағы АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденге қуық асты безінің (простатаның) қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Бұл диагноз оған жұма күні зәр шығару жүйесіндегі проблемалардан кейін жасалған медициналық тексеру нәтижесінде қойылған.

Байденнің кеңсесі хабарлағандай, обыр агрессивті түрде дамып жатқанына қарамастан, гормондық терапияға жақсы жауап береді және ауруды бақылауда ұстауға мүмкіндік бар.

Диагноз Глиссон шкаласы бойынша 10-нан 9 баллға бағаланған, бұл өте жоғары қауіп саналады. Сонымен қатар, ауру 4-кезеңде анықталып, сүйекке метастаз берген.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, қуық асты безі қатерлі ісігінің көпшілігі ерте кезеңде анықталады. 2021 жылы тіркелген 236 мыңнан астам жағдайдың тек 8%-ы ғана соңғы сатыда белгілі болған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Байденге және оның отбасына қолдау білдіріп, оның сауығып кетуіне тілек білдірді.