Академик атындағы олимпиада
Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында 11-14 мамыр күндері алғаш рет Мұхтарбай Өтелбаев атындағы «Ойлан, тап!» республикалық математика олимпиадасы ұйымдастырылды.
Оқушылардың математикаға деген қызығушылығын арттырып, теориялық білімін тереңдету, практикалық дағдыларын шыңдау және дарынды оқушыларды қолдауды мақсат еткен білім бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ге жуық дарынды оқушы 4 күн бойы математикалық білім мен логикалық ой-өрістерінің мықтылығын сарапқа салды.
Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев пен шәкірттері – профессор Бақытбек Қошанов, профессор Ақтай Біргебаев қатысты. Сонымен қатар, олимпиаданың бас серіктесі «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының өкілдері де арнайы келді.
Қазылар алқасының шешімімен үздік нәтижеге қол жеткізген оқушылар І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тарқата айтқанда, І орын алған 13 оқушыға «Apple Watch» смарт-сағаттары, ІІ орын алған 20 оқушыға «AirPods» сымсыз құлаққаптары, ал ІІІ орын иеленген 31 оқушыға портативті проекторлар табысталды.
Сонымен қатар 14 оқушы арнайы грамоталармен марапатталды. Олимпиаданың абсолютті чемпиондары деп танылған Алматы қаласындағы «Nurorda Almaty» мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Дінмұхамед Саурбаевқа және республикалық физика-математика мектебінің 8-сынып оқушысы Абзал Күнғожинға «The Ulytau Educational Foundation» қоры атынан «iPad» планшеттері сыйға берілді.
Олимпиадада «Ең үздік команда – 2025» атағы Ақтөбе облысының командасына бұйырды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ