Оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жоба
Баласын мектепке жібергеннен кейін оның жолын тосып, амандығын ойлап отыратын ата-аналар көп. Қазір балалардың қауіпсіздігі ата-аналардың ғана емес, қоғамның да басты мәселесіне айналды. Олай дейтініміз, бағдаршамдардың жоқтығы немесе жиі істен шығуы, жаяу жүргінші жолақтарының талапқа сай болмауы, көліктердің жоғары жылдамдықпен жүйткуі балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының санын арттыруда. Осы ретте Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын Айша Бахыт жол-көлік оқиғаларын азайтудың нақты жолын ұсынып отыр.
16 жастағы өнертапқыш өрен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Safe Way To School» деп аталатын жоба жасап шықты. Айша алғашқы әлеуметтік жобасын қолға алмас бұрын айнайы зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 2025 жылы елімізде 8 315-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркелгеніне көзі жетеді. Соның 439-ын облысымыздағы апаттар құраса, оның ішінде 46 оқиға барысында балалар зардап шеккен.
Әуелі өнертапқыш өрен өзі тұратын «Салтанат» ықшамауданының тұрғындары арасында сауалнама жүргізеді. Жоба авторы әр тұрғынмен көзбе-көз жүздесіп, олардың қауымдастық мүшесі ретіндегі пікірін тыңдап, жол инфрақұрылымындағы олқылықтарды анықтауды көздейді. Жол қауіпсіздігіне қатысты өздерін алаңдатқан мәселелерді респонденттер алдын ала дайындалған картаға енгізеді.
Екінші кезеңде Айша сауалнамада көрсетілген деректерді цифрландыруға көшеді. Нақтылап өтсек, «Google Forms» платформасында статистикалық өңдеу жүргізіп, нәтижелерді Яндекс картаға орналастырады. Сонымен қатар, жобаның авторы респонденттердің жауабынан бөлек, ҚР жол-көлік апаттарының ресми онлайн картасын зерттеп, өз картасын ресми мәліметтермен толықтырды. Айшаның айтуынша, бұл қадам жобаның дәлдігі мен шынайылығын арттыруға сеп болды.
Үшінші далалық зерттеу кезеңінде автор үйінен 500 метр радиустағы көше-жол инфрақұрылымын зерттей отырып, нақты мәселелерді анықтайды. Әсіресе білім ошақтарының маңайына ерекше назар аударған екен. Фотофиксация арқылы алынған мәліметтерді «Далалық зерттеу» атты арнайы папкада жинақтайды. Бір айта кетерлігі, жол қауіпсіздігі бойынша анықталған мәселелерге көшелердің жарықтандырылмауы, жаяу жүргінші жолдарының жоқтығы, жолда шұңқырлардың көптігі, мектеп маңындағы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері және өзге де инфрақұрылымдағы үйлесімсіздіктер кіреді. Мұнан соң анықталған кемшіліктерді нақты орнымен онлайн картаға белгілеп, картасын жетілдіре түседі.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова талапты қыздың жобасының маңызы зор екенін айтты.
Айшаның мұнан өзге агросектордың тұрақты дамуына бағытталған «STEM» атты жобасы бар екенін айта кеткен жөн. Зейінді қыз ауылшаруашылығы саласына арналған жобасын әлі де жетілдіре түсіп, республикалық конференциялар мен байқауларда бағын сынап жүр. Кейіпкеріміз «Dos Group» еріктілер ұйымының лидері, «Дарын» республикалық шығармашылық конкурсының бас жүлде иегері, «STEM» байқаулары мен командалық кейс-хакатондардың жеңімпазы. Болашақта инженер мамандығын таңдауды жоспарлап отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ