Мәдениет

Еңбек майданының майталманы

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қасіретті әрі ұлы ерлікке толы кезеңдердің бірі. Биыл төрткүл дүниені дүр сілкіндірген соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды. Соншама жыл өтсе де ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмады, ұмытылмайтынын да дәлелдеп отыр. Себебі Отан үшін от кешіп, оққа ұшқан ержүрек бабаларымыздың ерлік істерін, «Бәрі де майдан үшін!» деп жеңісті жақындату жолында жан аямай еңбек еткен тыл ардагерлерін ұмытпай, ұлықтау баршамыздың ұлы міндетіміз.

Мырзахан Бектұрғанов 1927 жылы Меркі ауданына қарасты қазіргі Сарымолдаев ауылдық округіндегі Ойтал ауылында дүние есігін ашқан. 1935 жылы туып-өскен ауылындағы мектепте алғаш білім нәрімен сусындап, кейіннен Калинин атындағы, қазіргі Ақкөз Қосанов есімін иеленген білім ордасында оқуын жалғастырған.

Сталиндік қуғын-сүргін талай тұлғаның тағдырын тәлкекке салғаны мәлім. Сол аумалы-төкпелі кезеңде ел тірегіне айналған азаматтар жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Зұлматты жылдар Мырзаханның да тағдырына әсер етпей қоймады. Әкесі Бектұрғанға жазықсыз жала жабылып, репрессия құрбанына айналды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, кейін алғашқы колхоздардың құрылуына мұрындық болған Қашқынбай атасы да қуғынға ұшырайды. Осылайша Мырзахан ағасы Шайхы мен жеңгесі Әшімханның қамқорлығында өсіп, сол кісілердің қолдауының арқасында білімге ден қояды.

Ұлы Отан соғысы басталып, азаматтар майданға аттанғанда ел ішіндегі бар ауыртпалық жасы жеткен қариялар мен әйелдерге, тіпті балалар мен жеткіншектерге түскені белгілі. Сол ауыр кезеңде Мырзахан да үлкендермен иық тірестіре еңбек етті. Қысы-жазы мал соңында болып, жаз шыға өгізге соқа жегіп, жер жыртып, астық сеуіп, оны қолмен орып, қырманға атарбамен тасып, нағыз еңбек майданының жауынгеріне айналды. Кейін бұл жанкешті еңбегі еленіп, ел есінде тыл ардагері ретінде сақталып, құрметке ие болды.

Иә, расында соғыс жылдарында тылда еңбек еткендерді жеңісті жақындатқан нағыз батырлар десек, артық айтқанымыз емес. Әйелдер мен балалар, қариялар күн-түн демей егіс даласында, зауыт-фабрикаларда жұмыс істеді. Қазақ даласындағы әрбір ауыл, әрбір отбасы жеңіс үшін барын салды.

Мырзахан Бектұрғанов пен адал жары Бүбізайым Бектұрғанова Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдықтарына арналған мерекелік медальдармен, «Ветеран труда» төсбелгісімен және көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған. 1970 жылы Лениннің 100 жылдығына орай арнайы медаль табыстылған.

Бүбізайым Бектұрғанова 2005 жылы қарашада 79 жасында дүниеден өткен. Араға екі жарым ай салып 2006 жылдың наурызында тыл ардагері де мәңгілік мекеніне аттанды.

Ұлы Жеңіс – қанмен, термен келген қасиетті жеңіс. Бұл – елдің бірлігі мен ерлігінің, сабыры мен табандылығының нәтижесі. Бейбіт өмір сыйлаған батырлар мен еңбек ерлерінің есімін ұлықтап, естен шығармау басты парызымыз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ