Әлеумет

Ауылдан шыққан подполковник

Елі мен жерін шексіз сүйіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, ел бірлігі мен тыныштығын күзету жолында тартынбай тер төгіп жүрген жандардың арқасында әскеріміздің әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Дәл солай ел іргесінің беріктігіне атсалысып, күні-түні Отан үшін алғы шепте еңбек етіп жүрген әскери қызметшілердің бірі – «Орталық» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік қызмет басқармасының аға офицері, подполковник Болатбек Құлыбаев.

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында бірнеше жыл тұрақтаған Құлыбайдың әулеті туған ауылын аңсап, Талас ауданы, Майтөбе ауылына 1992 жылы қоныс аударады. Расында ауылдың қым-қуыт тіршілігін, ондағы бұлақтың үні мен табаға піскен ыстық нанының дәмін аңсап жеткен отбасы қарт Қаратауға тамырымен байланғанын ұғады. Әсіресе үйдің ортаншысы Болатбекке табанынан түйреген тікені мен маңдайынан сипаған самалының өзі дертке шипа, жанға сая көрінеді. Ол бала жүрегімен даланың тұмса табиғатына тамсанып, су сұраса сүт берген ауылдықтардың жанарындағы мейіріміне қанып өседі.

Болатбек ойын баласы болса да, ойлы бала болды. Төрде ілінген әкесінің туған ағасы Иманәлінің портретін құшағына басып, шені жоғары әскери тұлға болғанын мақтан тұтып, оның суретінен көз алмай, ұқсап баққысы келетін.

Болатбектің әкесі Иманбек Ұлы Отан соғысының ардагері болғандықтан, әскери өмірге құныға қызығып жүрген перзентіне майдандағы ерлік пен өрлік туралы жиі әңгімелеп беретін.

Сол сәт бала Болатбек әкесі Иманбектің кеуде толы орден-медальдарды бозбала шағында-ақ өмір мен өлімнің ортасында жүріп, көзсіз ерлігінің арқасында кеудесіне таққанын сезетін. Сезетін де жан-тәнімен Отан үшін отқа түскен жанның күймейтінінің растығына көзі жететін.

Әрбір әскери қызметші үшін ең басты міндет – еліміздің бейбітшілігін қорғап, тыныштығын баянды ету. Әскери қызметтің әр күні жауапкершілікке толы болғандықтан ел болашағы үшін маңызды рөл атқарады. Ендеше, «елім» деп елжіреген ұл мен «ұлым» деп егілетін жұрт аман болсын!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ