Одердегі ерлік
Тараз қаласына іргелес жатқан Байзақ ауданында Ақжар атты ауыл бар. Сонау ұжымдастыру заманында Қызылқұм селолық округі құрылып, орталығы Ақжар болған. Одан 3 кеңшар іріленіп құрылып, 1954 жылы Жамбыл кеңшары атанған. 1958 жылы Трудовой пахарь кеңшарына қосылып, орталығы Буденовка селосы атанды. Ақжар осы кеңшардың бөлімшесі ретінде тірлік кешті. Қазір де солай. Түймекент ауылдық округіне қарайды.
Алғаш кеңшар болып ұйымдасқанда ағайындар әулет болып бірігіп, атақоныстан ажырамауды көздеген. Малды, жанды Жиенбай әулеті де осында жаңа заманның көшіне ілескен. Жиенбай 12 ұл-қыз көрген екен. 6 баласының жастай шетінен ғұмыры үзіліп, қалған 6 ұлы аман-есен ер жетіпті.
Сабадай-сабадай 6 ұлы ер жеткен Жиенбай ел ішінде еңселі еді. Бұлғақ қағатын заман емес, бар жан-тәнімен колхоз тірлігіне кіріседі. Ақжар кеңшарының іргетасын қаласып, жұртты ұйымдастырады, жаңа тірлікке бейімдейді. Көзі ашық, көкірегі ояу Жиенбай заман талабын ерте сезінсе керек. Ер жеткен Аманқұл мен Жиенәлісін оқытқан. Үлкені Аманқұл соғыстан кейінгі ауыр жылдары кеңшар басшысы болған. Отызыншы жылдарда қазақ даласына төнген нәубет жұт, аштық, одан қалды қуғын-сүргін, артынша бұрқ ете қалған соғыс өте ауыр тиді. Соғыстың алғашқы жылында-ақ Жиенбайдың өрімдей 3 ұлы – Исақұл, Өксікбай, Тілеуқұл майданға аттанып кете барды. Үлкен ұлы кеңшар белсендісі Аманқұлды аудан броньмен қалдырады. Кенже ұлы Үмбетқұл сонда майдандағы ағаларын сағынып жылайды екен. Содан 1942 жылдың күзінде Жамбыл аудандық әскери комиссариатқа туған жылын жасырып, әскерге аттанып кете барады. Қарбалас кезеңде жеке басының құжатын толтыру кезінде ұлты өзбек болып жазылып кеткен. 4 бірдей ұлын сұм соғысқа жіберген Жиенбай қария қамығып отырып қалыпты.
Соғыстың аты – соғыс. Алдыңғы 2 ұлынан бірінен соң бірі «қара қағаз» келгенде зілмауыр қайғы-қасіреттен ауыл-аймақ теңселіп кетеді. Қарулы Жиенбайдың сақал-мұрты ағарып, еңсегей бойы еңкіш тартады. Ендігі бар үміті Тілеуқұлы мен кенжесі Үмбетқұлдың аман келуін бір Құдайдан тілеп, зар қағады.
Ол кісінің бір қасиеті қобыз тартады екен. Тартқанда да құр әуес үшін емес. Ауылдың шетіндегі қоңыр төбенің басында малдас құрып отырып, қобыз тартқанда үні ауылға жетіп жатады екен. Қабырғасын қайыстырған ауыр күндер осылайша өтіп жатты.
Қызыл әскер қатарына алынған Үмбеткұл Оңтүстік-Урал әскери округінің оқу-жаттығу базасында 2-атқыштар бригадасының, 45-сапер ротасына қатардағы жауынгер ретінде қабылданады. Бұл әскери округ Қазақстанның батыс шекарасына таяу Башқұрт Республикасының Чкалов қаласында орналасқан болатын. Қазіргі кезде Ресейдің Орынбор облысына қарайды. Әскери округтің міндеті майданға жауынгерлік даярлығы жоғары әскери құрамаларды жасақтау болатын. Онда артиллерия, авиация, танк, инженер-саперлық құрамаларға жауынгерлер әзірленетін. Осында әскери оқу-жаттығудан өткен жауынгерлер майдан өтіне аттанатын. Жас та албырт Үмбетқұл инженер-саперлық салаға жауынгерлік әзірліктен өтеді. Батальон инженерлік-саперлық оқу-жаттығу барысында әскери бекіністер, көпір жасау, әскери жол салу, көпірлерді қирату, жерді миналардан тазарту тәсіліне машықтанады.
Осында 5 айға жуық уақыт жауынгерлік дайындықтан өткен батальон қазан айында Солтүстік Батыс майданы, 34-армияның 1391-инженерлік-сапер батальоны ретінде майданға кіреді. 34-армияға қарасты құрамалар осы сәтте Демянск операциясында ұрысқа қатысуда еді.
11 және 34-армияның Старый Русьтің оңтүстігіндегі жау шебіне бірлесе жасаған қарсы шабуылының нәтижесінде жау әскері шегініп, Ленинград ұрысы маңызға ие болды. 1943 жылы ақпанда Демянск плацдармы біздің әскер жағына өтті. Қатардағы жауынгер Үмбетқұл Жиенбаев осы қайнаған ұрыстардың бел ортасында болды. Әсіресе соғыс тарихында Демянск операциясының маңызы ерекше. Осы тұста қарсы шабуылға шыққан Кеңес әскерлерінің алғашқы жеңістерінің бірі болып саналатын бұл ұрыста неміс әскерлері қоршауда қалып, ауыр шығынға ұшыраған.
Көп ұзамай бірінші Белорусь майданында соғысады. Белорусь операциясына қатысады. Осы бағыттағы Брест, Седлец, Люблинді азат етіп Висла өзенінің батыс жағалауы плацдармына бекінеді. 1945 жылы каңтар, ақпан айларында бірінші Белорусь майданы әскерлері Висла-Одер операциясына қатысты. Осы бағыттағы соғыс Варшава-Познань операциясына ұласты. Одер өзенінің батыс жағалауына өту міндеті алға қойылады.
Бірінші Белорус майданы қарамағына өткен батальон жауынгерлері енді 48- Брест инженерлік-сапер бригадасының, 239-инженерлік-сапер батальоны ретінде осы шайқасқа кіреді. Майдан әскерлері қатты ұрыстан кейін қатынас жолдардың маңызды торабы және немістердің Берлинге баратын жолдарын бөгеп тұрған Одер өзеніндегі қорғану шебінің қуатты тіректі пункті Грайфенхаген қаласы мен қамалына тіке шабуылдап алған. Өзен жағалауы мықты бекіністерге толы болды. Онда күшті қорғанған жау әскерін бұзып өту оңайға соқпады. Жалпы соғыс кезінде өзендерден өту барысындағы ұрыстар тек түн қараңғылығында өткен. Тіпті күшті прожекторлар арқылы түнгі уақытта да өзен үсті бақылауда болған. Осы Одер өзенінен өту кезіндегі жан беріп, жан алысқан ұрыста ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев жауынгерлік ерлік жасайды. Оның бұл ерлігі 1945 жылы 23 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды.
Жеке ерлігінің қысқаша мазмұны.
Ефрейтор Жиенбаев 1945 жылы 20 сәуірде жеке батырлық ерлік жасады. Жау оғының астында Грайфенхаген қаласының оңтүстігіне таман Одер өзенінен жеделдетіп өту кезінде ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев үздіксіз жауған артиллериялық және пулеметтік оқтың астында шапшаң әрекет етіп, алғы шепке бірінші болып шығып, десанттық жаяу әскерді қару-жарағы мен оқ-дәрісімен бірге фашистер орныққан Вест Одер өзенінің батыс жағалауына өткізіп, көзсіз ерлік жасады. Бұл жағалауда жаудың ірі калибрлі пулеметі мықтап орналасқан болатын.
Пулемет оғы жаяу әскер мен саперлердің бір бөлігін саптан шығарды. Жиенбаев жолдас өз басына төнген қауіп-қатерге қарамастан жаяу әскерді жағалауға шығаруға жол ашты.
9-десант тобын өткізіп жатқанда Үмбетқұл Жиенбаев жағалауға енді жеткен Кеңес әскерлерін қайтадан өзенге тықсырып тастамақ болып өршеленген жаудың тегеурінді шабуылын жалғыз өзі қасқайып қарсы тұрып қайтарды. Оқ-дәрісі таусылған ол окоптағы неміс гранаталарын ентелеген жауға қарай лақтырды. Қарсы шабуыл аяқсыз қалды. Жауды кейін шегінуге мәжбүр етті. Ұрыс кезінде ефрейтор Жиенбаев жараланды, соған қарамастан жараланған 5 солдат пен офицерді Вест Одердің шығыс жағалауына шығарып үлгерді. Ұрыс нәтижесінде Вест Одердің батыс жағалауындағы плацдармға берік орнықты.
Ефрейтор Жиенбаевтың батырлық ерлігі екі шақырымға созылған су кедергілерінен қарулы күштеріміздің жеделдетіп өтіп, алға жылжуына мүмкіндік жасады.
Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну реті негізінде мемлекет алдындағы жеке еңбегі, көрсеткен батырлық ерлігіне байланысты ефрейтор Жиенбаев Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты.
239- инженерлік-саперлық
батальон командирі,
капитан Михеев.
23 сәуір 1945жыл
Алайда, бұл ерлік «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайықты деп табылады. Ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев бұған дейін де жауынгерлік ерліктері үшін «Ерлігі үшін» (15.02.1945 жыл) медалімен наградталған болатын. Екінші мәрте «Ерлігі үшін» (25.07.1945 жыл) медалі сәл кейінірек беріледі.
Одер өзенінен өту кезіндегі ұрыста контузия алып жараланған ол госпитальда емделіп, қайта қатарға қосылады. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған жеңімпаз жауынгер соғыс аяқталған соң Оңтүстік-Урал әскери округінде жауынгерлік әскери міндетін жалғастырады. 1947 жылдың сәуір айында туған елге оралады. Кенже ұлы қан майданнан аман-есен оралған Жиенбай қарт пен анасы Күнбаланың қуанышында шек жоқ еді.
Кейін Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1950 жылы бітіреді. Сөйтіп Ақжар жеті жылдық мектебінің мұғалімі ретінде ұстаздық еңбек жолын бастайды. 1955 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін сырттай оқып бітіреді. Көп ұзамай Сверлов аудандық партия комитетіне нұсқаушы қызметіне шақырылады. Бірақ Ақжар жеті жылдық мектебіне қайта оралып, ұстаздық қызметін жалғастырады. Содан 1983 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін ұстаз ретінде тер төкті.
Үмбетқұл Жиенбаевтың шәкірттерінің арасында есімдері елге танымал азаматтар баршылық. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, бүкіл саналы ғұмырын қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Еgemen Qazaqstan» газетіне арнаға, журналист-жазушы Әділ Дүйсенбек бар.
Мінезге бай, өмірден көргені мол Үмбетқұл ауыл-аймаққа сыйлы, аудандағы білікті ұстаздардың бірі саналатын. Оның орынды пікірімен білім саласының мамандары санасатын. 1983 жылы зейнеткерлікке шығып, өмірінің соңғы жылдарын Шымкент қаласында өткізеді. Қарт майдангер 2009 жылы дүниеден өтіп, атақоныс Ақжарында жерленді. Отбасында жары Балзада Сатыбалдиева екеуі қыздары Гүлнәр мен Зағирашқа жақсы тәлім-тәрбие беріп өсірді. Балзада апай да бастауыш сынып мұғалімі болатын. Қыздары жоғары оқу орындарын бітіріп, мұғалім, дәрігер мамандықтарын алып шықты. Қазіргі танда үлкені Гүлнәр Алматы облысында, Зағираш Шымкент қаласында тұрады. Үлкен, тату-тәтті отбасында ұл-қыздары, немерелері өсіп келеді.
Биыл Жеңістің 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатырмыз. Ауылдағы үлкен көшелердің біріне жеңіс қаһарманы Үмбетқұл Жиенбаевтің есімі берілмек. Ерлік ұмытылмайды деген осы. Туған халқының келешегі үшін толарсақтан қан кешкен аяулы ердің өшпес ерлігін еске алып, кейінгі ұрпаққа өнеге етпек.
Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,
облыстық мемлекеттік архивтің архивисті,
Байзақ ауданы