Әлеумет

Ұстаз мерейі – ұлт мерейі

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни ұстаз білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шыкпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін ұстаз» деген ұлағатты сөзі ғасыр өтсе де өз мәнін жойған жоқ.

Ұстаз мәртебесі – ұлт мәртебесі. Елімізде мұғалімнің мәртебесіне рухани жағынан да, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде, әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Оған дәлел – «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында педагогтің ерекше мәртебесі танылып, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін бар жағдайды қамтамасыз етеді. Заңда педагогтің әдебі, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, педагогті материалдық және материалдық емес қамтамасыз ету сынды тағы да басқа мәселелер қамтылған. Заң аясында мұғалімнің өз саласында жеке дамуына, шығармашылықпен айналысуына, мол ізденісіне және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндігі болуы керектігі айтылған. Педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің жеке авторлық әдістерін әзірлеуі және оны сабақ барысында қолдануы, білім берудегі оқу құралдар мен кез келген ақпараттық ресурсты тегін әрі қолжетімді түрде пайдалануы бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілген.

Сондықтан қоғамдағы педагогтердің рөлін арттыру және заманауи әлемдік білім беру процесін ескере отырып, педагогтерге қолдау көрсететін әдістемелік қызметті жаңғырту, педагогтерге қолдау жасау, әдістемелік сүйемелдеу және жұмысты жүйелеу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Қазіргі таңда әдіскерлердің және педагогтердің жеке кәсіби құзыреттерін дамытуға және идеяны іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік беретін көп өлшемді, көп деңгейлі, көп мәдениетті әдістемелік кеңістік құру зор маңызға ие болып отыр.

Бүгінде әдіскерлердің, педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға және білім саласында жаңа идеяны іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік беретін әдістемелік кеңістік құру зор маңызға ие болып отырғаны белгілі. Педагогтер қауымына сапалы қолдау көрсету үшін әдістемелік қызметті жаңғырту және жүйелеу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты қазіргі таңда түрлі деңгейдегі әдіскерлердің кәсіби құзыретін, әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облыстық оқу-әдістемелік орталығы ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай, балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс істесең, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Педагог үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеп, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру қажет.

Бүгінгі таңда педагог беделі асқақтап тұр десек, артық айтқандық емес. Өйткені, ұстаз – болашақты тәрбиелеп отырған жауапты тұлға. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның мақсаты – педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа, заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген. «Педагог мәртебесі туралы» Заң педагогтерге серпіліс әкелді. Қазіргі қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында уақыт талабына сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр.

Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын.

«Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Осы оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді.

Мұғалімдік мамандық үлкен міндет пен жауапкершілігі мол мамандық. Ол – өскелең ұрпақты қоғамның болашақ азаматы ретінде тәрбиелей отырып, кез келген адамның ортаға әлеуметтенуіне байланысты жұмыстар атқарып, баланың тілін тауып, өмірге бейімдеуге бағыт беруші тұлға. Мұғалім – ғасырлар бойы қалыптасып, түрлі өзгеріске ұшыраған, нәтижелі әлеуметтік тәжірибені саралап, ең дұрыс және ең қажетті жақтарын бала бойында қалыптастыруға тырысатынын нағыз маман. Сондықтан мұғалім мәртебесі қашан да биік, мәртебелі әрі құнды болып қала бермек.

Сондықтан, осы жауапты жұмыста ұстаз әріптестеріме шығармашылық табыс пен жоғары нәтижеге толы ізденіс, кәсіби шыңдалу мен өрлеу, жеке кәсіби құзыреттілік, тұлғалық даму  басты ұстаным болсын демекпін!

Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,
облыс әкімдігі білім басқармасының
оқу-әдістемелік орталығының қызметкері