Білгім келген бір сұрақ?

«Менің Қазақстаным» әні қалай жазылды?

Алғаш рет тыңдарманға жол тартқан сәттен бастап үлкен танымалдылыққа ие болған «Менің Қазақстаным» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов пен «Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов бірігіп жазған өлмес туынды бүгінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны.

Естеріңізде болса, елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа Мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге Мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті. Жаңа Әнұран алғаш рет 2006 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау кезінде орындалды.

Ал осы уақыттың сынынан өзгеріссіз өтіп, халық жүрегінен орын тапқан «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихын білеміз бе? Қазіргі жастарымыздың әнұранымызды жатқа білгенімен, шығу тарихын білмейтіні анық. Сондықтан есімі ел есінде жатталып қалған қайталанбас композитор Шәмші Қалдаяқовтың естеліктеріне сүйеніп, әннің тарихына қысқаша тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

«Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді.

Бірақ көп ұзамай бұл әннің өлеңі жөнінде дау шықты. Әнді баспаға жарияламақ болып, біз оны «Мәдениет және тұрмыс» журналына апарған едік, оның бір дөкейі (атын айтпай-ақ қояйын) бізге дүрсе қоя берді.

– Жоқ, болмайды! Партия – заманамыздың ары, ожданы, ол біздің бастаушымыз. Жеті жылдық жоспар оның ұраны. Біз алдымен соны жырлауымыз керек.

– Ал Қазақстанды ше?

– Шыныңды айтшы, сенің партия туралы жазған әндерің бар ма?

– Жоқ.

– Сонда қалай? Сен парияны мойындамайсың ба?

Ақыры не керек амал жоқ, өлеңнің бір шумағын:

Жеті жыл жоспары, жеті қыр асқаны

Думанды бастады, қазақтың жастары» деп жөндедік.

Журналға осы өлең басылғанымен, радиодағы тексті өзгерткеніміз жоқ, халық арасына сол нұсқа тарады» деп еске алады бір естелігінде композитор.

Осылайша 1956 жылы жазылған туынды жылдар бойы халқымен бірге жасасып, Әнұран дәрежесіне дейін көтерілді.

Ақнұр СҰЛТАНБЕК,
М.Мәметова атындағы №27 орта
мектептің 11-сынып оқушысы,
Тараз қаласы