Әлеумет

Айналма жол ақылы

Тараз қаласының айналма жолы ақылы негізде жұмыс істей бастады. Бұл шешім көлік қозғалысын оңтайландыру, жол инфрақұрылымын дамыту және жол күтіміне тұрақты қаржыландыру көзін қамтамасыз ету мақсатында қабылдануда. Жалпы ұзындығы 57 шақырымды құрайтын Тараз айналма жолы еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін маңызды көлік бағытының бірі саналады. Жолдың әр бағытында бір қозғалыс жолағы бар, ал әр жолақтың ені – кемінде 3,75 метр.

Ақылы жол енгізудің басты мақсаты – жолды күтіп ұстауға, жөндеуге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті қаражатты тұрақты түрде жинақтау. Сондай-ақ бұл жоба мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестік аясында іске асып отыр. Жолды күтіп ұстау мен қызмет көрсету шығындары пайдаланушылардың өздерінен жиналатын төлемдер есебінен өтеледі. Жол ақысы көлік түріне және төлем тәсіліне қарай есептеледі. Төлем мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген айлық есептік көрсеткішке (АЕК) негізделген. 2025 жылы 1 АЕК мөлшері 3 930 теңгеге тең болып отыр.

Дегенмен ақылы жол жүйесінің енгізілуіне байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Жүргізушілердің бірі бұл шешімді қолдаса, енді бірі бағалардың тиімді емес екендігін алға тартуда. Көп жылдан бері көлік жүргізіп жүрген тараздық жүргізуші Ербол Көкімбаев жаңа тәртіп туралы өз пікірін білдірді.

Көлік иелеріне қолайлы болу үшін абонементтік жүйе де енгізілді. Бұл жүйе арқылы жолды шектеусіз пайдалану мүмкіндігі беріледі. Абонементтер ай сайынғы және жылдық негізде сатылымға шығарылады. Мәселен айлық абонемент құны 1-ден 5 АЕК-ке дейін, жылдық абонемент құны 12-ден 60 АЕК-ке дейін көлік түрлеріне байланысты беріледі.

Ақылы жол жүйесінің енгізілу мерзімі 20 жылды қамтиды. Аталған уақыт аралығында жиналатын қаражаттар жол инфрақұрылымының сапасын тұрақты түрде сақтау, жол бойындағы сервистік қызметтерді жаңғырту, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын іске асыру бағытында жұмсалады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ