Айыппұлдың алуан түрі бар
Соңғы уақытта заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты бірқатар құқықтық актілер қайта қаралып, айыппұл мөлшері едәуір артты. Сонымен қатар, азаматтардың өмір сүру дағдыларын жақсарту мақсатында жаңа айыппұл түрлері енгізіліп, түрлі құқықбұзушылықтар үшін жазалау шаралары күшейтілуде. Бұл өзгерістер ел ішінде ғана емес, әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түсіп жатыр. Ендеше, назарларыңызға қоғамда кеңінен пікірталас тудырған айыппұл түрлерін ұсынамыз.
ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП БАРШАҒА ОРТАҚ
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі қай кезде де өзекті. Қоғам болып өмір сүрген соң қоршаған ортаға да құрметпен қарауымыз керек. Әсіресе, көпшілік жиналатын орындарда мәдениет сақтағанымыз абзал. Шыны айтқанда, кейбір жағымсыз көріністер тұтас бір мемлекеттің беделіне нұқсан келтіріп, жергілікті жұртшылықтың деңгейін айқындап тұратыны жасырын емес. Осы орайда қоғамдық тәртіпті сақтау ниетімен бірқатар ережелердің қабылданғаны белгілі.
Мысалы, қоғамдық орындарда түкіру әрекеті үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 19 660 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл құқықбұзушылық қайталанған жағдайда, айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін өсіп, 39 320 теңгені құрауы мүмкін.
Аталған ереже алғаш рет 2017 жылы заң жүзінде бекітілгенімен, нақты 2022 жылдан бастап жүйелі түрде қолданылып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылы Ішкі істер министрлігі осындай әрекетке жол берген 127 мыңға жуық құқықбұзушыны анықтап, олардан 1 миллиард 920 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 875 миллион теңгені құрап, мемлекет қазынасын айтарлықтай толықтырған.
Дегенмен, қоғамда мұндай ережелердің әрқашан орынды бола бермейтінін алға тартатындар да бар. Мысалы, адам көшеде келе жатып аяқасты денсаулығы сыр беріп, жүрегі айнып, тұмау белгілері білініп немесе басы айналып қалса, бұл әрекет еріксіз орын алуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайларда адамның денсаулығын ескерместен жаза қолдану ақылға сыймайтын шара дейді көпшілік.
Әрине, қоғамдық мәдениетті сақтау – әр азаматтың борышы. Сондықтан да әрбір құқықбұзушылықты жан-жақты саралап, жағдайдың мән-жайына қарай жеке көзқараспен қарау құқық қорғау органдары үшін де, қоғам үшін де маңызды болмақ.
ЖАҒЫМСЫЗ ӘДЕТ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕМЕЙДІ
Қазақстанда насыбайды сатуға, қолдануға және таратуға заң жүзінде тыйым салынған. Бұл шектеу 2015 жылдан бастап енгізілгенмен, насыбай атушылардың саны айтарлықтай азайған жоқ. Керісінше бұл әдет әсіресе жастар арасында кең таралып, қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.
2023 жылдың соңына қарай және 2024 жылы бұл мәселеге қарсы күрес күшейе түсті. Насыбай қолданғандар мен оны сатқан тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері артты. Алайда, насыбай сатуға тыйым салынғанына қарамастан, жасыл пытыра жасырын жолмен саудалануда. Бұл жағдай кейде күлкілі де көрінуі мүмкін. Себебі насыбай атып, бейнебақылау камерасына түсіп қалған азаматтар құқықбұзушы ретінде құрықталады. Олардың наразылық білдіруіне қарамастан, айыппұл төлеу міндеттелген. Демек бұл азамат насыбай атқаны үшін және оны жерге түкіргені үшін екі мәрте айыппұл арқалайды деген сөз.
Айта кетейік, облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл аймақта жерге түкіргені үшін екі азаматқа, насыбай қолданғаны үшін бір азаматқа айыппұл салынған.
КӨЛІКТІ КӨП ҚЫЗДЫРСА ҚЫРУАР ҚАРЖЫДАН ҚАҒЫЛАДЫ
2025 жыл басталғалы ел ішінде тосын салықтар мен жаңа тәртіптерге қатысты түрлі пікірлер туындауда. Әсіресе, қаңтар айында тараған ақпарат көлік жүргізушілерінің таңданысын туғызды. Онда көлікті 5 минуттан артық оталдырып қойса, иесіне 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатыны айтылған. Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс тудырды. Аталған талап бойынша көлік иесіне айыппұл салу үшін нақты дәлелдер қажет. Ол үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі анық көрінетін, құқықбұзушылықтың нақты уақыты мен күні көрсетілген, 5 минуттан асқан сәт айқын жазылған бейнежазба болуы тиіс. Яғни тұрғындар көршісінің көлігінің ұзақ уақыт бойы оталып тұрғанын байқап, оны видеоға түсіріп, полицияға жолдаса бұл әкімшілік шара қолдануға негіз бола алады. Жаңа талапқа қатысты жүргізушілер арасында пікір әртүрлі. Бірі бұл ереженің көлік қозғалтқышына кері әсер ететінін, яғни жеткілікті жылынбаған қозғалтқыштың ақауға ұшырауы мүмкін екенін алға тартса, енді бірі қаржылық тұрғыдан шығын көбейетінін айтып алаңдауда. Ал кей жүргізушілер ескі көліктердің қыс мезгілінде 5 минутта қызуы мүмкін емес екенін ашық мәлімдеуде. Алайда Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салатын заң жоқ екенін айтты.
Расында да мұндай талап көлік жүргізушілерінің қалтасын қағатыны анық. Онымен қоса «темір тұлпар» иелері арасында үлкен дау тудыруы мүмкін еді. Сол себепті желі қолданушыларына мұндай ақпаратты жалған жеткізбеу керектігін, жалған мәлімет үшін айыппұл арқалайтынын жеткіземіз.
Сонымен қатар биыл көлік жүргізушілеріне қатысты бірқатар айыппұл көлемі өсуі мүмкін. Мәселен, жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін арттырған жағдайда 19 660 теңге айыппұл төлейді. Ал сағатына 20-40 шақырым шегінде болса 39 320 теңге, сағатына 40 шақырымнан асып кетсе 78 640 теңге көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бір жыл ішінде қайта заң бұзылса 117 960 теңге айыппұл арқалайды. Егер техниканы көлік жүргізу құқығынсыз басқарса 20 АЕК немесе 78 640 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Сондай-ақ көлік қозғалысы кезінде терезеден басын немесе денесін шығарып, өз өмірімен қоса өзгенің де өміріне қауіп төндірер болса ол азамат та 78 мың теңге айыппұл төлейді.
АУЛАДА ШӨП ӨРТЕГЕНДЕ АБАЙ БОЛЫҢЫЗ
Бұл айыппұл түрлері биылдан бастап қолға алынуда. От салдары опа тапсырмайтыны анық. Оның қауіптілігі де басым екені белгілі. Ауылдық жерде ауладан шыққан қоқысты немесе шөпті тастайтын арнайы орынның жоқ болуына байланысты көлемін азайту мақсатында аулада өртейтіні мәлім. Алайда мұндай әрекеттерге биылдан бастап тыйым салынуда. Демек жеке үйіңнің ауласы мен саяжай орындарында да аулада шөп өртеуге, қоқыс қалдықтарын жағуға болмайды.
Ал аулада жуылған киімді жайып, тізбектеп іліп қойған жағдайда да айыппұл төлейсің. Бұл елдімекен аумақтарын абаттандыру ережесінің бұзылуына әкеледі дейді мамандар. Алайда бұл мәселе жөнінде тиісті мамандардан нақты жауап ала алмадық. Құлаққа тұрпайы естілетін бұл айыппұлға тұрғындар да наразылық танытуда. Мәселен, Тараз қаласы «Самал» ықшамауданының тұрғындары бұл айыппұл түрімен келіспей отыр. Себебі қала орталығынан алыс орналасқандықтан кір жаю абаттандыру жұмысына кедергі келтірмейді дейді олар.
Міне, қоғамда екі түрлі ой қалыптастырып, үлкен пікірталас тудырған айыппұл түрлерін назарларыңызға ұсындық. Дегенмен мемлекет жұмысын жүйелеу мақсатында құқықбұзушылық әрекеттерге жол бермеу, оның алдын алу -бәріміздің ортақ міндетіміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ