Ауыл шаруашылығы

Ауылшаруашылық саласы алшаң басуда

Бүгінде аграрлық сектордың әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Соның арқасында азық-түлік қауіпсіздігі назарда ұсталып, ішкі нарық отандық ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етілуде. Еліміздің экспорттық мүмкіндігі де кеңейіп, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер өнімдерін алыс-жақын шетелдерге жөнелтуге мүмкіндік алуда. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай жүзеге асып жатқан баянды бағдарламалар мен нақты жобалардың жемісі екені анық.

ҚАРЖЫ ЖЕТКІЛІКТІ БӨЛІНУДЕ

Әулиеата өңірінде ауылшаруашылығы саласына бөлінген қаражат көлемі жыл сайын ұлғайып, нәтижесінде жаңа бастамалар жүзеге асырылып, еңбек өнімділігі де артуда. Өңір диқандары мен шаруа қожалықтар өндіріске заман талабына сай озық технологияларды енгізіп, заманауи техникаларды қолдануда. Бұдан бөлек, малшаруашылығын дамыту, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу ісі де біртіндеп алға жылжып келеді.

Биыл облыстың ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 48,2 миллиард теңге бөлініпті. Оның 32,2 миллиард теңгесі субсидияға, 11 миллиард теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға, 5 миллиард теңгесі «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға бағытталыпты. Бүгінгі күнге шаруаларға 22,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, оның 69 пайызы игерілген екен. Нәтижесінде 3 500-ге жуық шаруа мемлекеттік қолдауға ие болған. Соның есебінен осы жылдың 3 айының қорытындысымен 38 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 4,1 миллиард теңге инвестиция тартылыпты.

 

МАҚСАТ – АЗ ШЫҒЫНМЕН МОЛ ӨНІМ АЛУ

Басқарма басшысының айтуынша, шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қажетті 55 мың тонна тұқыммен толық қамтамасыз етіліпті. Оның ішінде 30 тоннасы супер элита болса, бұл жалпы тұқымның 0,1 пайызына тең. Одан кейінгі 0,6 пайыз үлестегі элита тұқымының көлемі – 333 тонна. I-репродукциялы тұқым – 6 675 тонна, II репродукциялы тұқым – 26 699, III репродукциялы тұқым 20 735 тонна болса, будандардың үлесі 0,6 пайызды құрайды екен.

Жер жырту, малалау, тырмалау, қопсыту, арық салу секілді көктемгі дала жұмыстарын атқаруға 8 мыңнан аса ауылшаруашылығы техникасы тартылған. Сонымен қатар 2 мыңнан аса басқа да техникалар осы шаруаларға жұмылдырылған. Биыл облыста ауылшаруашылығы техникаларының жаңару деңгейі 8,9 пайызды құраса, жыл аяғына дейін 400-ден аса өздігінен жүретін ауылшаруашылығы техникасын сатып алу арқылы техниканың жаңару деңгейін 6,5 пайызға жеткізу көзделіпті. Қазірдің өзінде 61 техника сатып алынса, оның үшеуі комбайн, 58-і трактор.

2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан өңірге 20 мың тонна дизель отыны бөлінгенін айта кету керек. Оны шаруаларға тарату жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Тарату бағасы 1 литр дизель отыны үшін 254 теңге болып белгіленсе, бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан көрінеді. Жанармайдың 4,1 мың тоннасы наурыз, 5 мың тоннасы сәуір айына таратылыпты. 6 мың тонна жанармай мамыр айына тиесілі болса, маусым айына 4,9 мың тонна бөлінген.

Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды алқаптарға ендіру жұмыстары да жүйелі жүзеге асуда. Осы жылы 498,5 мың гектар алқапқа 99,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Есепті кезеңде шаруалар тарапынан 20,4 мың тоннаға келісімшарт жасалыпты. Оның ішінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлесі 3,6 мың тонна болса, «КазАзот» акционерлік қоғамы өнімінің үлесі 12,7 мың тонна екен. Бүгінде тыңайтқыштардың 14,8 мың тоннасы таратылып, 74,2 мың гектар алқапқа енгізіліпті. Алқаптардың тыңайтқыш арқылы құнарлылығын арттыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаражат аванстық төлемдер ретінде «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылып, нәтижесінде 11,1 мың тонна тыңайтқыш субсидияланыпты.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала – 1» және «Кең дала – 2» бағдарламалары бойынша 4,1 миллиард теңгеден аса қаржыға өтінімдер түсіп, оның 3,5 миллиард теңгесі беріліпті. 2024 жылдың қорытындысымен салыстырғанда шаруаларды қаржыландыру 40 пайызға артып отырса керек. Мәселен, 2024 жылы барлығы 145 шаруаға «Кең дала – 1» бағдарламасы бойынша 1,5 миллиард теңге, ал «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 1 миллиард теңге үлестірілген. Биылғы жоспар бойынша 7 миллиард теңге қаралған. Жыл соңына дейін осы қаражат есебінен шаруаларды шетінен қаржыландыру көзделуде.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ МОЛ

Ауылшаруашылығы саласына инвестиция тартуға да ерекше назар аударылуда. Себебі аграрлық өндірістің ауқымын кеңейтіп, өнім сапасын арттыру, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру үшін қаржы көздерінің жеткілікті болуы шарт. Осы орайда инвесторлардың назарын ауылшаруашылығы саласына бұру жұмыстары жемісті жалғасуда. Осы ретте ауылшаруашылығы саласында жоспарланған инвестициялық жобаларға тоқталып өтсек артық болмас. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жөніндегі жол картасы шеңберінде облыс бойынша өткен жылы 12 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 201 жұмыс орны құрылыпты. 2025-2027 жылдары 67,4 миллиард теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылмақ.

Облыста ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге бағытталған, яғни әлеуметтік жағынан өте маңызды саналатын «Ауыл аманаты» жобасына да тиімді жүзеге асырылуда. Өңірде жоба аясында қайтарылған қаражат есебінен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін құны 3,8 миллиард теңгеге 532 жобаға оң шешім қабылданып, оның ішінде бағдарламаның кәсіпкерлік бағыты бойынша жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгеге 426 жоба қаржыландырылыпты. Жоба бойынша осы жылға қарастырылған 5 миллиард теңге қаржы облыста жүргізілген скрининг нәтижесімен жинақталған жобаларды несиелендіруге бағытталатын болыпты. Сонымен қатар өткен жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал сатып алу бағытында несиелендіру жұмыстарын тоқтатып, өңірде алғаш рет тауарлық несиелеу жобасын іске асыру қолға алынған екен. Жобаның механизміне сәйкес тек әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға мал таратылып жатқандығын атап өту керек. Бүгінгі күнге 18 оператор тарапынан 757 бас мал тауарлық несие ретінде 20 адамға беріліпті. Оның 686-сы уақ мал болса, 71-і мүйізді ірі қара. Жыл соңына дейін 80-ге жуық тауарлық несие шарты жасалып, 3 мыңнан аса мал тарату көзделуде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ