Денсаулық

Басты міндет – обырдың алдын алу

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы бекіткен кестеге сәйкес, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының басшылығы Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды.

Орталық директоры Жандос Сейдахметов бастап барған делегация құрамында ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Александр Тин, онкологиялық бақылау және диспансерлік қызметті қадағалау бөлімінің басшысы Кенжехан Бекқұлиев та бар.

Іссапар барысында мамандар алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде онкологиялық қызметтің ұйымдастырылуымен, онкологиялық көрсеткіштердің орындалуымен және білікті мамандармен қамтамасыз етілу барысымен танысты. Ерекше назар обырды ерте кезеңде (0-I сатыда) анықтауға, әйелдер мен ерлерді тексеру кабинеттерінің жұмысына, жағдайлық орталықтың қызметіне, скрининг пен диспансерлеуді ұйымдастыруға аударылды.

Жыл басынан бергі 4 айдың қорытындысы бойынша ауданда онкологиялық қызметтің екі негізгі көрсеткіші – обырды ерте кезеңде анықтау және онкологиялық науқастардың бес жылдық өміршеңдігі орындалмаған. Қаралу кабинеттері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, қызметкерлері өз міндеттерін жақсы меңгерген.

Сапар соңында Жуалы орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Батырбек Үсеновтің қатысуымен жиын өтті. Сонымен қатар жалпы тәжірибелік дәрігерлермен кездесуде скрининг, онкологиялық қырағылық және мобильді бригадалардың жұмысы жөнінде мәселелер талқыланды.

Талқылау қорытындысы бойынша медициналық ұйымдарға қатерлі ісіктерді ерте анықтау жұмыстарын күшейту, онкологиялық қызмет көрсеткіштерінің толық орындалуын қамтамасыз ету, жағдайлық орталықтың жұмысын жандандыру, рентгенологтарды маммографияны оқу және цитологтарды даярлау бойынша оқытуды 2025 жылдың соңына дейін ұйымдастыру сынды тапсырмалар берілді. Сүт безі, жатыр мойны және тоқішек обырын ерте анықтауға бағытталған скрининг жұмыстары жалғасады.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі