Брифинг

АИТВ инфекциясын жұқтыру дерегі артты

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының бас дәрігері Бағлан Қыдырбаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Бас дәрігердің айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты – АИТВ-ның (адамның иммун тапшылығының вирусы) таралу қарқынын бәсеңдету, халықтың бұл инфекция жөніндегі сауаттылығын арттыру, бағытталған ескертулер мен кешенді алдын алу шараларын жүзеге асыру, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайды жүйелі түрде бағалап, қадағалап отыру.

2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында өңірде АИТВ-инфекциясының 44 жағдайы тіркеліпті. Ал 2024 жылдың дәл осы кезеңінде 40 жағдай анықталған. Яғни аурушаңдық көрсеткіші біршама өсіп отыр.

Анықталған деректердің жас ерекшеліктеріне тоқталған спикер ең көп жағдай 30-39 және 40-49 жас аралығындағы азаматтар арасында тіркелгенін айтты.

АИТВ инфекциясының таралуын шектеу мақсатында 2025 жылдың басынан бастап облыс аумағында тұрғындар арасында кең көлемде ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – арнайы мобильді топтың құрылуы.

Сондай-ақ, ол тұрғындарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында АИТВ инфекциясына қарысы тексерілуге шақырды. Тестілеуді облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығында немесе өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханаларда тегін өтуге болады.

Брифинг соңында бас дәрігер АИТВ инфекциясы туралы қоғамда қалыптасқан қате түсініктерді жою қажеттігін атап өтті.

Орталық эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында алдағы уақытта да кешенді шараларды жалғастырып, қоғаммен тиімді байланыс орнатуға басымдық бермек.

Айжан ӨЗБЕКОВА