Денсаулық

Онлайн дәрігер опа таптырмайды

Қазіргі цифрландыру дәуірінде медициналық көмекке онлайн қол жеткізу күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Уақыт үнемдеу, дәрігерге лезде сұрақ қою, кез келген уақытта кеңес алу мүмкіндігі – мұның бәрі интернет арқылы медициналық көмекке жүгінуді жиілетті. Алайда бұл үрдістің өз артықшылықтарымен қатар, кәсіби шектеулері мен жауапкершілігі де бар.

Бірде әлеуметтік желіден жағымсыз видеоны көзіміз шалып қалды. Онда әйел адам қан қысымын түсіреді деген қоспаны интернеттен көріп, өзі үй жағдайында жасап көреді. Алайда бұл «дәрінің» кері әсері тиіп, әйелдің терісі күйіп, қарайып кеткен. Ақыры ол мүлде басқа әрі күрделі емге мұқтаж болып қалған. Бұл – интернеттегі кеңеске соқыр сенімнің нақты мысалы.

Осы мәселеге қатысты Тараз қалалық №2 емхананың бас дәрігерінің оқыту-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ұлболсын Жұмағалиева өз пікірін білдірді.

Маманның айтуынша, дәрігер мен нутрициологтың кәсіби білімі мен құқықтық мәртебесі екі түрлі. 2024 жылы Қазақстанда нутрициологтардың кәсіби стандарты бекітілді. Бірақ олар науқасты кешенді тексере алмайды, Сондықтан түпкілікті шешімді дәрігер қабылдауы тиіс.

Сонымен қатар кейінгі кезде «Instagram», «TikTok» сынды платформаларда дәрігер кейпіндегі блогерлер көбейіп келеді. Көпшілік солардың кеңесіне сеніп, өздігінен ем қабылдайды.

Келесі кезекте электронды рецепт мәселесіне тоқталған дәрігер қазіргі таңда интернет арқылы дәрі жазуға рұқсат бар екенін айтады, бірақ нақты талаптар сақталуы қажет.

Цифрлы дәуірдің артықшылықтарын дұрыс пайдаланып, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарасақ, қауіптің алдын алып, онлайн кеңестің шынайы пайдасын көре аламыз.

Айжан ӨЗБЕКОВА