Денсаулық

Мақтаулы мейірбике

Жуырда Халықаралық мейіргерлер күніне орай «Облыстың үздік мейіргері – 2025» кәсіби байқауы өткен болатын. Өз ісінің нағыз майталмандары сынға түскен байқаудың қорытындысы бойынша облыстық көпбейінді аурухананың кардиохирургия бөлімінде жұмыс істейтін реанимация мейіргері Гүлфарида Айдарова бірінші орынды иеленді.

Гүлфарида Орынбасарқызы – Жуалы ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Жамбыл жоғарғы медициналық колледжін қызыл дипломмен бітірген. Қазіргі таңда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде академиялық бакалавриаттың соңғы курсында білім алуда. Медицина саласындағы тәжірибесі мол маман 2024 жылы облыстық көпбейінді аурухананың үздік мейіргері атанып, облыстық байқауға жолдама алған.

Гүлфарида қазіргі таңда кардиохирургия бөлімінде жұмыс істейді. Мейіргердің айтуынша, аталған бөлімге келетін науқастар – басқа емдеу әдістерінен күдерін үзген, соңғы үмітін арқалаған жандар. Соларға көмек беріп, денсаулығының қалпына келгенін көру – мейіргер үшін ең үлкен марапат.

Гүлфарида мейіргер болуды бала күнінен армандаған. Жауапкершілігі мол мамандықты таңдауының басты себебі – ағасы, марқұм Ақылбай Несіпханұлының жолын жалғау.

Гүлфариданың айтуынша, науқастың дертін жеңуіне медициналық ем ғана емес, айналасындағы мамандардың қарым-қатынасы, жылы сөзі мен сенімі де әсер етеді. Сол себепті де ол өз жұмысында әрбір пациентке туғанындай қарап, шынайы мейіріммен қызмет етеді.

Гүлфарида тек білікті маман ғана емес, қоғамдық іс-шараларға да белсене араласатын белсенді жан. Сонымен қатар бос уақытын тиімді өткізіп, кәсіби білімін үнемі жетілдіруге тырысады. Ана ретіндегі міндетін де жоғары қояды. Балаларына жақсы тәрбие беруді басты парызы санайды.

Гүлфарида Орынбасарқызының кәсіби жолы – табандылық пен үнемі даму үстіндегі еңбек жолының жарқын үлгісі. Ол колледжді үздік бітіріп қана қоймай, бүгінгі күнге дейін үнемі өзін жетілдірумен келеді. Университеттегі білімін де жұмысымен қатар алып жүру – ерік-жігер мен үлкен жауапкершіліктің көрінісі. Медициналық ғылым мен заманауи технология дамыған уақытта мейіргердің де білімі мен біліктілігі үнемі жаңарып отыруы тиіс екенін ол жақсы түсінеді.

Айта кету керек, мейіргер мамандығы – медицинадағы ең жауапты салалардың бірі. Әрбір екпе, әрбір өлшенген қан қысымы, дұрыс орындалған күтім – адамның өміріне тікелей әсер етеді. Осындай сәттерде мейіргердің сергектігі мен сауаттылығы аса маңызды. Гүлфариданың айтуынша, бұл мамандықты тек еңбек көзі ретінде емес, жүрек қалауы ретінде таңдаған адам ғана толыққанды атқара алады.

Кардиохирургия – аса күрделі әрі психологиялық тұрғыдан ауыр бөлім. Бұл бөлімде адамның өмірі жиі шекара үстінде тұрады. Гүлфарида осындай ортада сабыр сақтап, науқас пен туыстарына үміт сыйлап жүрген мейіргерлердің қатарында. Ол ауыр сәттерге үйренгенімен, әрбір пациент үшін жаны ауыратынын жасырмайды. Оның жұмысы тек физикалық көмек көрсету емес, жан жарасына да ем болу.

Гүлфарида сияқты өз ісіне адал мамандар – еліміздің денсаулық сақтау саласының тірегі. Олар аянбай еңбек етіп, күнделікті өмірде көзге көрінбейтін үлкен жұмыстарды атқарып жүр. Оның жетістігі – талмай ізденген еңбектің, адами қасиеттің және кәсіби жауапкершіліктің нәтижесі. Осындай мейірім иелері көбейсе, қоғамдағы сенім мен адам өмірінің бағасы да арта түсері сөзсіз.

Айжан ӨЗБЕКОВА