Асабалар арнайы куәлікке ие болды
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қолдауымен «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» тақырыбында асабалар жиыны өтті.
Іс-шара басталмай тұрып Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлары халқымыздың салт-дәстүрлерінен қойылым көрсетсе, белгілі кәсіпкер, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева қазақ тойындағы ас мәзірінің қандай болуы керектігін айтып, келген қонақтарға дәм таттырды.
Басқосуда «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев алғашқы болып сөз сөйлеп, той мәдениетіне кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, жиынға арнайы шақырылған қонақтар қазақ халқының дәстүрлі той мәдениетінің тарихи-этнографиялық негіздері мен қазіргі таңдағы трансформациялық сипаттары жайлы мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда «Қазақ тойының этномәдени негіздері», «Қазіргі той мәдениеті: салтанат па, сән бе?», «Тойдағы ысырапшылдық – ұлттық менталитетке әсері» сынды өзекті тақырыптар төңірегінде ой қозғап, тың пікірлер мен ғылыми тұжырымдар ұсынды. Қазақтың той өткізу дәстүрінің рухани-мәдени болмысын сақтап, заманауи бағытта қалыптастыру мәселесін мақсат еткен жиынға арнайы қатысқан тәжірибелі ардагер асабалар мен жас асабалар да сөз алып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, игі іске ұйытқы болған орталық ұжымына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Жиын соңында ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген бірқатар ардагер асабаға «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің арнайы төсбелгісі табысталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ