Бүгін – Халықаралық Отбасы күні
Бүгін, 15 мамыр – Халықаралық Отбасы күні,деп хабарлайды arainfo.kz
1993 жылы 15 мамырда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бұл күнді Халықаралық отбасы күні ретінде бекітті. Алғаш рет ол 1994 жылдан бастап ресми түрде атап өтіле бастады.
Бұл датаны белгілеудегі басты мақсат – әлем жұртшылығының назарын отбасы құндылықтарына аудару. Халықаралық отбасы күні – отбасылық байланыстардың маңыздылығын дәріптейтін, отбасы мүшелеріне құрмет көрсетіп, жақын жандарды қадірлеуге үндейтін ерекше мереке.
Қызығы, Қазақстанда отбасы күні жыл сайын екі рет аталып өтеді. Біріншісі – 15 мамыр Халықаралық отбасы күні болса, екіншісі – қыркүйек айының екінші жексенбісі. Бұл күн Қазақстанда 2013 жылдан бері ресми түрде мерекеленіп келеді.
Екі мереке де – бір шаңырақ астындағы бірлік пен ынтымақты, отбасылық татулық пен сыйластықты насихаттайтын маңызды күндер.