Жастар

«Úmit» жобасы үздіктер қатарында

Ғылым-білім дамып, өркениет өрлеп тұрған заманда білімді, білгір ұрпақ қалыптасуы заңдылық. Егемен еліміздің ертеңі, кемел келешегіміздің кепілі болған жастар жаңашылдық пен ғылымға әуес. Еліміздің әр өңірінде талантымен талайды тамсандырып, білімімен көзге түсіп жүрген жастар да жоқ емес. Солардың қатарында Тараз төріндегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Барысхан Қалдыбай мен Қанат Тәжіхан да бар.

Жуырда өнертапқыш өрендер «Úmit» ақылды құрылғысын жасап шығарды. Тараздық оқушылар ойлап тапқан жоба Орталық Азиядағы жасанды интеллект жобалары арасында жеңімпаз атанды. Бәсі биік «AICA Awards» 2025 байқауына бес мемлекеттен 60-тан астам жоба қатысқан. Солардың арасынан суырылып шығып, сайыстың бас бәйгесін иеленген отандық стартаптың пайдасы ұшан-теңіз.

Бір айта кетерлігі, аталмыш жоба үздік деп танылған «AICA AWARDS» – Орталық Азиядағы толығымен жасанды интеллектіге арналған бірінші марапат. Алгебраның негізін қалаушы ұлы математик Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезмидің есімімен аталатын байқаудың негізін Орталық Азия жасанды интеллект қауымдастығы құрған. Білім беру, денсаулық сақтау, агротехнология және бизнес салаларындағы жасанды зейінге негізделген өнертабыстарды қолдауға арналған жүлде Орталық Азия аймағын ғаламдық ЖИ хабына айналдыруды көздейді.

Аталған байқауда «Úmit» жобасы тек инновациялығы үшін ғана емес, сонымен қатар практикалық қолдану мүмкіндігінің жоғары болуы жағынан да назарға алынған. 5 елдің инвесторлары мен өнеркәсіп көшбасшыларын қамтитын сараптамалық қазылар алқасының көп сатылы іріктеуінен өткен өнертабысқа көптің көзі түсіп отыр екен.

Барысхан Қалдыбайдың айтуынша, жігіттер «Úmit» жобасын 2022 жылы қолға алған.

Бұл құрылғы әрбір қолданушы үшін жеке жасалады. Бірінші кезеңде капа адамның аузына дәл сәйкес келуі, сөйлеуге кедергі жасамауы және ұзақ уақыт қолдануға жарамды болуы үшін аузынан қалып алынады. Оның корпусы ұзақ уақыт қолдануға қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ететін гипоаллергенді, биосәйкестік пластиктен жасалған.

Корпустың ішінде негізгі компоненттер – микроконтроллер, сенсорлар мен датчиктер оқшауланып орналастырылған. Мұндай құрылым электрониканы сыртқы әсерлерден қорғайды және құрылғының ықшам болуын қамтамасыз етеді. Капа пайдаланушыға цифрлық құрылғылар мен мүгедектер арбасын басқарудың екі әдісін ұсынады: тіл қозғалысы және бас қозғалысы арқылы. Екі әдіс те мүмкіндігінше дәл, интуитивті және ыңғайлы етіп жасалған, жүйені толық бақылауды қамтамасыз етеді. Капаның ішіндегі сенсорлар тілдің әрбір қозғалысын тіркеп, оны командаларға айналдырады. Мысалы, тілді алға жылжыту – экрандағы курсорды жоғары қозғайды, артқа – төмен, ал тілді солға немесе оңға бұру курсорды сәйкес бағытта жылжытады. Пайдаланушы курсорды кез келген бағытта – диагональ, шеңбер немесе күрделі траектория бойынша да дәл компьютерлік тышқан сияқты еркін жылжыта алады. Бұл оған виртуалды пернетақтаны ашуға, мәтін теруге және кез келген тапсырманы еш шектеусіз орындауға мүмкіндік береді.

Тіл арқылы мүгедектер арбасын да басқаруға болады. Мысалы, тілді алға қозғау – арбаны алға жылжытады, ал басқа командалар қолданушының жеке қажеттіліктеріне бейімделе алады, бұл басқаруды табиғи және интуитивті етеді.

Бас қозғалыстары арқылы басқару – гаджеттермен өзара әрекеттесудің балама тәсілі. Жүйе басты аздап еңкейткен қозғалыстарды да тіркейді, бұл компьютерлік тышқан әрекеттерін дәл қайталауға мүмкіндік береді. Мысалы, басты оңға еңкейту курсорды оңға жылжытады, солға – солға, ал алға және артқа жылжулар курсорды жоғары немесе төмен қозғайды. Курсор экрандағы әрекеттерді толық қайталайды. Басты алға еңкейту – арбаны алға жылжытады, ал оңға және солға бұру қозғалыс бағытын анықтайды. Құрылғы басты бастапқы күйде бекітеді, бұл басқару командаларын минималды қозғалыстармен іске қосуға мүмкіндік береді, әрі жайлылық пен дәлдікті қамтамасыз етеді.

Құрылғы қосымша түрде пайдаланушының жеке қажеттіліктеріне бейімделетін бағдарламаланатын батырмалармен жабдықталған. Бұл батырмалар режимдерді ауыстыру, функцияларды іске қосу немесе басқа тапсырмаларды орындау үшін пайдаланылуы мүмкін, бұл құрылғыны әмбебап және икемді етеді.

Құрылғының аккумуляторы 8 сағаттық белсенді жұмысқа жетеді, бұл оны жұмыс күні немесе оқу сессиясы бойы пайдалануға мүмкіндік береді.

Барысхан Қалдыбай болса жобаның уақыт машинасы немесе ой күшімен басқару туралы қиял емес, шын мәнінде адамдарға көмектесетін ең тиімді және өміршең шешімдердің бірі екенін тілге тиек етті.

Өнертапқыш өрендердің менторы Давид Туганов та жобаға үлкен үлес қосты. Ол құрылғының бөлшектерін жетілдіруге көмектесті, маркетинг бойынша құнды кеңестер берді және жаңа шешімдерді іздеуге шабыт берді.

Жігіттердің алдағы жоспары – «Iteachme» және «Inclusive Аcademy» сияқты ұйымдармен ынтымақтастық орнатып, технологияны олардың білім беру бағдарламаларына енгізу.

«Úmit» жобасы ресми түрде патенттелген. Бұл өнертабыс тек ғылыми тұрғыда емес, заңды түрде де қорғалған, яғни келешекте өндіріске енгізуге және сатылымға шығаруға толық құқық береді.

Қазір жоба авторлары құрылғыны толық автоматтандырып, қолдануға барынша ыңғайлы етіп жасауды көздеп отыр. Сонымен қатар олар инвесторлар мен серіктестер тарту арқылы «Úmit»-ті халықаралық нарыққа шығармақ. Жақында жігіттер жобаның жетілдірілген прототипі жасалып шықты. Қанат пен Барысханның айтуынша, жаңа прототип бұрынғы нұсқаларға қарағанда сенімдірек, жылдамырақ және ыңғайлырақ. Негізгі артықшылығы – жасанды интеллектті қолдануында. Осылайша арнайы жүйе тек қолданушының тапсырмаларына жауап беріп қана қоймай, өздігінен үйренуге және пайдаланушы адамның іс-әрекетін алдын ала болжауға икемделген.

Қазір жас стартапшылар өз жобаларын кеңейту және сатылымға шығару үшін инвесторлар іздеуде.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ