Жас физиктің жарқын жетістігі
«Disney» студиясының ВАЛЛ-И мультфильмін көргендеріңіз бар ма? Анимациялық туынды желісі бойынша жер бетін түгел қоқыс басқанда, адамзат атаулының бәрі ғарышқа көшіп кетеді. Жер ғаламшарында жалғыз ВАЛЛ-И атты кішкентай робот қалады. Құлтемір сүреңсіз күндерін адамдар артына қалдырып кеткен қоқысты жинаумен өткізіп, планетамызды құтқаруға тырысады. Әрине сюжет қиял-ғажайып дүние сияқты көрінуі мүмкін. Ал біздің өңірімізде осы ойды шындыққа айналдырғысы келетін жастар бар екен.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінде физика мұғалімдерін даярлау мамандығы бойынша білім алып жүрген Мұхамедали Саулебеков болашағынан үміт күттіретін өрен. Жас физик қазіргі сәтте қоқысты жинап қоймай, оны қайта өңдеп, пайдалы затқа айналдыруға болатын соны жобаны жүзеге асыру қамымен жүр.
Бір қызығы кейіпкеріміздің әкесі Қанатбек ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болған соң ба, Мұхамедали бала күнінде осы тілді меңгеруге басымдық беріп, физика саласына мүлде қызықпапты. Мектеп қабырғасында жүріп ағылшын пәні бойынша өткен олимпиададан 8, 9 сыныптарда қатарынан жүлделі І орынды иеленген.
Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде білім алып жүргенде физика әлемін жаңа қырынан ашқан ағайы Ержан Койшибековтің өткен сабақтарының арқасында осы салаға қызығушылығы ашыла бастайды. Физика дәрістерін ағылшын тілінде оқуы пәнге деген ынтасын арттыра түседі.
Ауқымды жоба жасауды биыл ғана қолға алған өрен «ғылыми салада жұмыс істеу үшін әлі біраз тәжіриебе жинауым керек» деп санайды. Дейтұрғанмен талапты жігіттің білімін арттыруға өзі оқып жүрген университеті де барынша қолдау көрсетіп жүр. Атап айтқанда, 2024-2025 оқу жылында Мұхамедали академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы Польшаға барып, Лодзь университетінде білім алып қайтты. Бұл мүмкіндіктің арқасында жалынды өрен Франция, Германия, Испания, Австрия, Чехия секілді Еуропаның бірнеше елін аралап, сан түрлі әсерге бөленіп келді.
Польшаның Лодзь университетінде ол ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша білімін тереңдетіп, нанофизика, астрофизика және кванттық физика секілді күрделі де қызықты салаларды меңгерді. Білім алып қана қоймай, Мұхамедали шетелдік жоғары оқу орындарында қазақстандық студент ретінде сабақ беріп, еліміздің тарихы, ұлттық дәстүрі мен мәдениеті жайында мазмұнды дәрістер өткізді. Тіпті қазақтың ұлттық тағамдарын таныстырып, шетелдік студенттерге еліміздің болмысын танытуға өз үлесін қосты.
Еуропадағы бұл сапар Мұхамедали үшін тек оқумен шектелген жоқ. Ол тарихи қалаларды аралап, өркениет бесігі саналған орындарды өз көзімен көріп, бұрын кітаптан оқыған әлемнің шынайы болмысын сезініп қайтты. Бұл оның дүниетанымын кеңейтіп, болашақ ғылым жолындағы ұмтылысына тың серпін берген ерекше кезең болды.
Өз кезегінде кейіпкеріміз де өзіне үлкен қолдау көрсетіп отырған жоғары оқу орнының атын шығарып, түрлі жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Дебатпен ағылшын тілінде айналысқанды ұнататын өнерлі жас тіл шеберлері сайысының Алматы, Тараз қалаларында өткен республикалық деңгейдегі байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Тарқатып айтқанда, өнертапқыш өрен 2 айдан бері «Қоқысты ғарышқа шығару» жобасымен айналысып жатыр. Осылайша жас ғалым бар адамзатты алаңдатқан қоқыс мәселесін қалдықтарды ғаламшарға шығару арқылы шешуге бекініп отыр.
Аталмыш жобаның басты мақсаты – Жер ғаламшары және оның серігі Айда пайда болатын барлық қоқыстарды яғни, тағам қалдықтары, ескі киімдер, құрылыс материалдары қайта өңдеп, олардан жаңа пайдалы заттар жасау. Мұндағы міндет қоқысты жою емес, оны қайта әжетке жарату. Ескі киімдерден жаңа құрылыс материалын жасау, тағам қалдықтарынан биогаз шығарып, оны тағы бір мәрте пайдалану.
Өнертапқыш аталмыш жобасымен «NASA»-ның ресми «LunaRecycle Challenge» байқауына қатысып жатыр. Қазір Мұхамедали жобасының техникалық сипаттамасын дайындап қойған. Келесі қадамда прототип және сандық модельді толық аяқтап, оларды сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. «NASA» байқау қатысушыларынан нақты шешімдер күтетіндіктен жас ғалым сайысқа жай идея емес, нақты жұмыс істейтін жүйе қажет екенін түсініп, жобасына бар ынта-жігерімен кіріскен.
Бір айта кетерлігі, әзірге тек сипаттамасымен танысып үлгерген «NASA» да бұл жобаға қазірдің өзінде қызығушылық танытқан. Өйткені үлкен ғылыми академия болашақта Айда тұрақты база салуды жоспарлап отыр екен. База орналасқан жерден міндетті түрде қоқыс қалдықтары шығады.
Кейіпкеріміз ғылыми білім ала жүріп ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейді. Жас ғалым жақында университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Еуропада білім алу мүмкіндігіне тағы да ие болды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ