Қоғам

Жүгенсіз жігіттерді жөнге салу керек

Облыстық «АR-AI» жастар газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызының «Қызға обал жасап, баланың наласына қалмаңыз» деген тақырыпта жазылған мақаласы қолыма қалам алуыма себепші болды.

Қоғам – адамнан тұрады. Ал адамның қадірі – оның адамгершілігінде. Біз неге уақыт өткен сайын жүрек пен сезім мәселесіне салқын қарайтын болдық? Қыз – болашақ ана, отбасының ұйытқысы. Ал «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз – қорған, сақтық сөзі ретінде жай ғана қалып қойған сияқты. Себебі біз және менің замандастарым үлкендердің сөзіне құлақ асқымыз келмейді. Алдыңғы толқынның ескертпесін ести қалсақ, тулап қоя береміз.

Иә, нәзік жан иесінің тағдыры оңай бола бермейді. Қоғамда ұл балаға рұқсат етілген дүниенің көбісі қыз бала үшін жат болатыны тағы бар. Бұл түсінік жылдан-жылға, дәуірден дәуірге көшіп, адаммен бірге жасап келеді.

Қыздар кей жағдайда ата-ананың үмітін ақтау, туыстың сөзінен сақтану үшін өз арманынан бас тартып жатады. Ал ұл балаға барлығы оңайырақ. Сонда қыздың өмірі сынақ, ұлдың жолы еркіндік пе? Еркектің қыдыруы – ерлік, қыздың шалыс басуы ғана қателік пе? Бұл әділетті емес сияқты. Қыз бала қандай зәбір көрсе де «ұят болады» деген бір ауыз сөз үшін бәрін ішке жасыратын кездер жиі кездеседі. Сол үнсіздік талай тағдырды сыңдырды.

Үлкендер қызды тәрбиелегенде емес, қорғағанда, түсінгенде және қолдағанда ғана оған дұрыс бағыт-бағдар беретінін ұмытпасақ екен. Қыздың тағдыры – бүтін бір ұлттың болашағы. Жастық шақтың буымен қыздың сеніміне кіріп, оны өз ермегі үшін пайдалану жігіттікке жатпайды. Бұл – әлсіз бен арсыздың ісі.

Жас қызды алдап-сулап, сенімін сатып кеткен жігіттердің әрекетін қылмыс демей не дейміз? Абыройынан айырған соң «мен емес» деп теріс айналып кететін адамдарды ер-азамат деуге бола ма? Жоқ! Шынайы ер-азамат өз сезімі тұрмақ, айтылған бір ауыз сөзі үшін жауап береді. Егер ол қыздың жүрегіне жол ашса, ол жолдың соңына дейін бірге жүруге дайын болуы керек. Қыз баланың тағдыры үнсіздікке көмілмеуі керек.

Облыстағы ауылдың бірінде тоғызыншы сыныптан кейін колледжге оқуға түскен студент қыз ауылға дипломмен емес, сәбиімен оралды. Жасөспірім қыз Әлия колледж оқып жүріп, бір жігітпен танысып, ғашық болады. Жігіт үйленгенін, отбасы бар екенін жасырып қалған.

Жігіт қызды бір отырысқа ертіп апарып, сусынына әлдене қосып беріп, масайтып, абыройын таптап кетеді. Қыз бұл оқиғаны ешкімге айтпай үнсіз қалды. Неге? Себебі біздің қоғам қызды арашалап алып қала алмайды. Ол сусынды байқамай ішіп қойғанына сенбейді. «Қыздың өзіне сауап» деп табалап шығады. Міне, сол улы сөздерден қорыққан қыз басынан өткен оқиға туралы ешкімге тіс жарып айтпайды.

Арада айлар өтіп, аяғы ауыр екеніне көзі жетеді. Жігіт істеген ісін мойындамайды, Кейін ішіндегі шаранаға жеті ай болғанда колледждегі ұстаздары байқап қояды. Қызбен колледж психологі жұмыс жүргізіп, бір аптадан соң мұғалімі болашақ ананың шешесіне хабар береді.

Сол сәтте қатты күйзелістен жас қыз мерзімінен бұрын босанып қояды. Сонда Әлияның әкесі қызынан бас тартты.

Қыздың абыройы төгіліп немесе аяғы ауырлай қалса арына қара дақ түседі. Ал жігіттің аты да аталмай, мұндай ұятты оқиғаға түк қатысы жоқтай тыста қалып қояды. Негізі мұндай жауапсыз жігіттер тасада қалып қоймай, жазалануы тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана қоғамда тастанды бала мен жалғызбасты аналар азаяр еді.

Алтынай СЕЙДАХАН,
№ 3 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы,
Тараз қаласы