Әлеумет

Халықаралық банк инвестиция салуға ниетті

Еуропа қайта құру және даму банкі нарықтық экономиканы дамытуға және жеке секторды қолдауға бағытталған халықаралық қаржы ұйымы екені баршаға белгілі. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығының басында құрылған қаржы ұйымының мақсаты – артта қалған посткеңестік елдерге қаржылай көмек қолын созу. Атап айтқанда, бұл банк жол салу, ауызсу құбырын тарту, энергия, көлік жүйелерін жаңғырту секілді инфрақұрылымды дамыту ісіне қатысты инвестициялық қаржы құю жұмысымен айналысады. Сонымен қатар «жасыл» экономика, яғни жаңартылатын энергия көздері, экологиялық таза өндіріс жобаларына басымдық береді.

Біздің айтпағымыз, еліміз осы халықаралық банк арқылы энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру бағытында бірқатар шаруаларды жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Тарқата айтсақ, Еуропа қайта құру және даму банкі елдегі энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңартылатын көздерді дамыту бағытында Үкімекен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алды.

Орталық Азия мен Моңғолия бойынша ЕҚДБ басқарушы директоры Хусейн Озхан мен тұрақты инфрақұрылым тобының жетекшісі Генри Бойд-Карпентер еліміздің энергетикалық жүйесін дамытуда бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін Энергетика министрлігі өкілдерімен тиісті құжаттарға қол қойған болатын. Мақсат – 2025-2029 жылдарға арналған ұлттық жобаларға инвестиция тарту. Оның ішінде жақын жылдарда Қарағанды, Түркістан, Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарындағы электр және жылу желілері жаңғыртылмақ.

Энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған жобалар қаржыландырудың тиімділігі мен ашықтығы арқылы жүзеге асырылатыны анық. Осы орайда ЕҚДБ мен өңірлік операторлар еліміздегі тиісті мекемелер арасында келіссөздер жүргізілуді қолға алыпты. Мамандар осыдан кейін инфрақұрылымның сапасының артатынына сеніммен қарап отыр.

Бұған қоса, Қазақстанда алғаш рет энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр стансаларын салу мәселесі де жоспарға еніпті. Мұндай жаңашыл тәсіл жаңартылатын көздерден алынатын энергияның тұрақсыздығын азайтып, бүкіл жүйенің үйлесімділігін қамтамасыз етпек. ЕҚДБ мамандары бұл жобаларға қызығушылық танытып, арнайы алаңдарды бірлесе әзірлеуге келісім берген екен.

Жалпы жаһандық климаттық өзгерістерге бейімделу, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолдары да назардан тыс қалмайтын көрінеді. Аталған халықаралық банк мамандары Энергетика министрлігі өкілдерімен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, еліміз қолға алып жатқан соон үдерісті, жаңашылдықты қолдауға дайын екенін білдірген. Осы халықаралық серіктестік арқылы үздік әлемдік тәжірибелер мен жобаларды басқару стандарттарына қол жеткізу мүмкіндігі де арта түспек. Қазақстан энергетика саласындағы түйткілдерді шешуде және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде ЕҚДБ-мен сол үшін ынтымақтастық іс-әрекетке барып отыр.

Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстанда қалыптасып келе жатқан инвестициялық ахуалды оң бағалап, елдің энергетикалық және климаттық мақсаттарына қолдау көрсетуге ниетті болуы мемлекет үшін үлкен олжа. Осыдан кейін Қазақстанның энергетикалық әлеуеті артып, инфрақұрылым заманауи талаптарға сай жаңғыртылады деген сенім бар. Себебі еліміздің ЕҚДБ сынды беделді халықаралық ұйыммен тығыз қарым-қатынас орнатуы осындай ойға жетелейді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ