Әлеумет

Энергетика саласында серпін байқалады

Облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алған сайын және өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы секілді негізгі салалардың ырғақты дамуы энергетикалық жүктемені арттырып отырғаны белгілі. Бұл өңір экономикасының әлеуетін арттыру энергетика саласын дамытумен тікелей байланысты екенін көрсетеді. Сол үшін облыста энергетика саласына инвестиция тарту, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, баламалы энергия көздерін өндіру, жаңа қосалқы стансалар салу, тозығы жеткен электр бағаналары мен желілерді жаңғырту секілді шаруаларды атқару өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспей келеді.

Осы ретте айта кету керек, елімізде энергетика жүйесінің жұмысын үздіксіз қамтамасыз етумен «КОРЭМ» акционерлік қоғамы айналысады. «КОРЭМ» – еліміздегі электр энергиясы мен қуатының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыратын жалғыз ұлттық оператор. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу, сауда жүйесінің дайын болуын қамтамасыз ету, электр қуатына қатысты сауда-саттық жүргізу, жаңартылатын энергия көздері жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық өткізуді жүзеге асыратын құрылым осы мәселеге қатысты есеп-қисап жүргізіп, мониторинг жасап, сауда жүйесінің техникалық тұрғыда тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Саудаға қатысатын ұйымдар мен кәсіпорындарға нұсқама өткізіп, нарықтағы индикативтік бағалар жөнінде толыққанды ақпарат береді. Электр энергиясын саудалауға қатысқан әрбір нарық субъектісі «КОРЭМ» АҚ-ның қызметі үшін бекітілген тариф негізінде төлем жасайды. Мәселен, 1 кВт/сағ энергия үшін 0,002 теңге мөлшерінде қосымша құн салығынсыз төлем алынады. Электр энергиясының өндірушілері мен тұтынушылары арасындағы ашық әрі әділ сауда-саттық осы оператор арқылы жүзеге асырылады десек, өткен жылы «KOРЭM» компаниясының сауда алаңында Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Солтүстік және Оңтүстік аймағы үшін маневрлік генерациялау режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін қондырғылардың құрылысы бойынша аукциондық сауда-саттық өткізілген екен. Нәтижесінде Тараз қаласында 200 МВт-ны құрайтын бу-газ қондырғысын (ПГУ) орнату бойынша аукциондық сауда-саттықтың жеңімпаздары анықталған. Мәселен, «GazEnergyQZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алған жобаның қуаттылығы – 150 МВт. Сол секілді «GES MYRZATAI» ЖШС қуаты 50 МВт болатын жобаны жүзеге асырады. Бүгінде жеңімпаз компаниялардың тиісті құжаттары рәсімделіп жатса керек. Дегенмен бұл шаруалар толық 2028 жылы іске асырылатын көрінеді.

«Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамы 2024-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында қуаты 210 МВт-ны құрайтын газ-турбиналық қондырғысын (ГТУ) орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр екен. «ГурьевПроектМонтажСтрой» ЖШС әзірлеген жоба 2027 жылы іске асырылады деп күтілуде.

Энергетикалық қауіпсіздік пен ел аумағындағы электр энергиясының үздіксіз айналымы үшін жауап беретін тағы бір компания бар, ол – «KEGOC» акционерлік қоғамы. Бұл компания электр энергиясын тасымалдау, диспетчерлік басқару, өндіріс пен тұтыну теңгерімін сақтау секілді жүйелік қызметтерді жүзеге асырады. Осы «KEGOC» АҚ тарапынан бүгінде Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту бойынша облыс аумағында 300 шақырымды құрайтын 500 кВт электр желісінің құрылысы және «Шу», «Жамбыл» қосалқы стансасын қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Жаңа 500 кВт әуе желісінің құрылысы облысқа қосымша қуаттылығы жоғары нысандарды енгізуге, электр энергиясының тұрақтылығына, оңтүстік өңірдің электр энергиясына деген тапшылықты жоюға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, бүгінде «Жамбыл-Шымкент» арасындағы әуе желісінің жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. «Шу-Жамбыл» арасындағы әуе желісінің жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұл бойынша мердігер мекеме болып «ABM-Building 2007» ЖШС анықталған. Жобаның құны 154 миллиард тенгені құраған. Әуе электр желілері Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандары аумақтары арқылы өтеді екен. Осы әуе желілерінің құрылысын 2027 жылы аяқтау көзделіпті.

Елімізде электр энергиясын өндіру көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Өткен жылы 106,7 миллиарт кВт/сағат электр қуаты өндіріліпті. Бұл – алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,7 пайызға жоғары көрсеткіш көрінеді.

Энергетика саласында жаңартылатын қуат көздерінің үлесі де біртіндеп ұлғаюда. Жыл басына дейін республика аумағында жалпы белгіленген қуаты 2903,7 МВт болатын 148 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұрған. Олардың қатарында қуаты 1409,55 МВт болатын 59 жел электр стансасы бар. Сонымен қатар 1222,61 МВт қуат өндіретін 46 күн электр стансасы іске қосылған. Қуаты 269,785 МВт болатын 40 су электр стансасының да жұмысы қалыпты. Бұған қоса қуаты 1,77 МВт болатын биогаз қондырғысының 3 нысаны жұмыс істеуде.

Өткен жылдың соңына таман жаңартылатын энергия көздерінен 6,4 миллиард кВт/сағат электр энергиясы өндіріліпті. Былтыр қуаты 34,95 МВт болатын 3 жоба іске қосылған екен. Оның екеуі – Ақмола облысындағы жалпы қуаты 14,95 МВт болатын жел электр стансалары болса, үшіншісі өзіміздің Әулиеата өңірінде салынған 20 МВт қуаттылықтағы күн электр стансасы. Өткен жылдың соңына дейін қуаты 128,4 МВт болатын 5 жаңартылатын энергия нысаны пайдалануға беріліпті. Ал облысымызда жүзеге асуы тиіс инновациялық жобаларға келсек, қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт-ны құрайтын 22 жаңартылатын энергия көзі жұмыс істеуде. Оның ішінде қуаты 24,4 МВт болатын 6 су электр стансасы, 275,6 МВт 10 жел және 251,2 МВт 6 күн электр стансасы бар.

Өткен жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт-ны құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр стансасы іске қосылды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр стансасын қосымша 20 МВт-қа кеңейту жұмыстары жүргізіліпті. Алдағы жылдары облыста жалпы қуаты 2 ГВт құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Олар – Мойынқұм ауданындағы «Total Eren» ЖШС тарапынан жүзеге асырылатын қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы, Сарысу және Талас аудандарындағы Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» компаниясы тарапынан жүзеге асырылатын қуаты 1 ГВт жел электр стансасының жобалары. Сарысу және Талас аудандарында «Masdar» компаниясы тарапынан энергияны жинақтау жүйесімен қуаты 1 ГВт жел электр стансасы жобасын іске асыру көзделуде. Жобаның құны 742,0 миллиард теңгені құрайды. Жел электр стансасына жобалау-іздестіру жұмыстарына 44 мың гектар жер учаскесі берілген. Осы жылға компания жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, 2026 жылы құрылыс жұмыстарын бастап, 2029 жылға жобаны іске қосуды көздеп отыр. Мойынқұм ауданында Францияның «Total Eren» ЖШС компаниясы тарапынан энергияны жинақтау жүйесімен қуаты 1 ГВт жел электр стансасы жобасын іске асыру жоспарда бар. Жобаның құны 1 триллион теңгені құрайды. Жел электр стансасына, жобалау-іздестіру жұмыстарына 52 мың гектар жер учаскесі беріліпті. Осы жылға компания жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, 2026 жылы құрылыс жұмыстарын бастап, 2028 жылы жобаны іске қосуды көздеп отыр.

Облыста жалпы 1260 мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі тіркелсе, оның ішінде 892-сі мемлекеттік мекеме, 341-і квазимемлекеттік субъекті, 27-сі заңды тұлғалар екен. Облыстағы 4 қалада жалпы 1 855 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 620-сының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, 657 үй жөндеуден өткен, 578 үй жөндеуді қажет етеді. 2011-2024 жылдар аралығында жалпы 23,8 миллиард теңгеге 657 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіпті. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 17,7 миллиард теңгеге 444 үй жөнделген. Жергілікті бюджет есебінен 1,8 миллиард теңгеге – 63, қайтарым қаржы есебінен 3,2 милиард теңгеге – 148, демеушілер есебінен 29,5 миллион теңгеге 2 тұрғын үй жөндеуден өткен. Бұл тұрғын үйлерді жөндеуден өткізудегі негізгі мақсаттардың бірі – тұрғындарды элекр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету.

Облыста электр жүйесіне қатысты кейбір мәселелерді ашып айтпасқа болмас. Мысалы, Шу ауданында өткен жылы аудан әкімдігінің теңгеріміндегі электр желілері мен қосалқы стансалар арқылы тұтынылған жарыққа байланысты «Жамбыл жарық сауда – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 93,2 миллион теңгеге шот ұсынған. Оның 51,5 миллион теңгесі тұтынушыға дейінгі аралықта далаға кеткен электр энергиясы. Сол себепті жергілікті әкімдіктер өз иелігіндегі желілер мен қосалқы стансаларды «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігіне сенімгерлік басқаруға беріп, өзімен өзі болғаны әлдеқайда ұтымды. Жергілікті атқамінерлер жұмыстың жүйелілігі мен тұрғындарға қызмет көрсетудің жауапкершілігін нақты бір мекемеге жүктеудің жолы осы екенін ұғынуы тиіс. Жоғарыда айтқанымыздай облыста бұл бағыттағы шаруаларды жүзеге асыру әлдеқашан қолға алыған. Бастысы бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсуі керек. Сонымен қатар облысымыз еліміз бойынша «АСКУЭ» маркалы электр қуатын есептейтін автоматтандырылған жүйені алғаш қолданысқа енгізген өңір ретінде белгілі. Қазіргі таңда облыс тұрғындары осындай электронды есептегіш құралдармен қамтылған. Нақты айтар болсақ, бүгінде 139 мыңнан астам құрылғы орнатылған. Оның 121 мыңы – Тараз қаласында, ал қалған 18 мыңы аудан тұрғындарының үйлерінде тұр. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетіп үлгеріпті. Көпқабатты тұрғын үйлерде бұрын 30 пайызға дейін жететін артық шығын 8 пайызға дейін қысқарса, жеке секторда бұл көрсеткіш 35-тен 15 пайыз аралығында қалыптасқан. Бұл өз кезегінде жұртшылықтың тек нақты тұтынған эенергия көзіне ғана қаржы жұмсауына мүмкіндік береді

Осы жылы облыс аумағында тағы 5 307 дана жаңа есептеу құрылғысын орнату жоспарланыпты. Жүйені толықтай автоматтандыру бақылауды күшейтіп, есептілікті нақтылауға жол ашады деп күтілуде.

Міне, облыста энергетика саласындағы жүзеге асырылып жатқан жаңашыл жобалардың көрінісінің бір парасы осы. Қысқаша айтқанда, электр жүйесін басқару ісіне заманауи тәсілдер енгізіліп, инфрақұрылымның қызмет сапасын арттыру секілді маңызды жұмыстарды жүзеге асыруға барынша басымдық беріліп отыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ