Әлеумет

Алмақтың да салмағы бар

Бірнеше жұмыс берушіге тіркеліп, жалақы көлемін жоғары мөлшерде көрсетіп, қомақты қаржыға қол жеткізгісі келген жүкті аналар жауапқа тартылатын болады. Биылғы жылы мұндай әрекетке барып, жалған құжат әзірлеген 113 азаматша құрықталып, үстінен іс қозғалуда.

«Декретке миллионмен» шығамын деп дауға қалмаңыз

«Декретке миллионмен шығу» тақырыбы аясында даулы мәселе туындап, жүкті әйелдердің жәрдемақыны алу мүмкіндігі қиындауда. Себебі ел ішінде жеке кәсіпкер болып бірнеше жерге тіркеліп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жалған құжат өткізген азаматшалардың саны артуда.

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрі болып есептеледі.

Заңнамаға сәйкес, жүйе еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан қол үзу,  жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, бір жарым жасқа толғанға дейінгі бала күтімі секілді әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорындағы төлем туралы аталған акционерлік қоғам өкілі Гүлбағила Болатбекова «QAZAQSTAN» ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасына берген сұхбатында толықтай түсіндіріп, төлемнің тарихына да тоқталып өтті.

Оның сөзінше, бүгінде алаяқтығы әшкере болған  азаматшалар ұсталып, құзырлы органдар мәселенің мән-жайын анықтауда.

Расында мұндай алаяқтық әрекеттердің артқаны белгілі. Мәселен 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1,4 миллион адам 958 миллиард теңге шамасында әлеуметтік төлем алған. Мұның ішінде декреттік төлемнің үлесі басым. Осы мәселенің шешімін табу мақсатында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры туралы  арнайы заңға өзгертулер енгізілді. Өзгертулер бойынша мемлекет 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен (ЕТЖ) аспайтын соманы ғана төлейді. Егер табысыңыз осы мөлшерден жоғары болса, төлемдер басқаша есептеледі. 2025 жылғы ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңге болып есептелген жағдайда 7 ЕТЖ мөлшері 595 000 теңгені құрайды. Демек 595 мың теңгені 4.2 коэффициентке көбейткен жағдайда 2 миллион 499 мың теңге болады. Одан зейнетақы жарнасын шегерсек 2 миллион 249 мың 100 теңге шығады. Яғни максималды алу сомасы 2 миллион 249 мың 100 теңге болып отыр.

Дегенмен кәсібін адалынан атқарып,  әлеуметтік төлемдерін уақытылы аударып жүрсе де кейбір  аналар бұл мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр. Аты-жөнін атамауды өтінген Тараз қаласының тұрғыны осылай деп дабыл қағуда.

Осы тақырып аясында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының директоры Нұрахмет Ысқақовпен тілдесіп, мәселенің  ақ-қарасын анықтап көрдік.

Дегенмен құжаттың дұрыс немесе бұрыс екендігін құзырлы органдар тексеріп, тиісті шараларды қолданатыны белгілі. Алайда барлығы талапқа сай болса да төлемге қол жеткізе алмай отырған аналарды жоқ деп айтуға келмейді. Тек «Құжаттарыңызды қайта тапсырып, дұрыстығын дәлелдеңіз» деп кеңес береміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ