Еліміздің ішкі-сыртқы нарықтағы әлеуеті қандай?
Еліміздің ішкі және сыртқы сауда саласында айтарлықтай серпіліс бар. Экономиканың тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделіміздің арқасында бүгінде алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасымыз нығайып, арадағы алыс-беріс айтарлықтай жандана түскен.
ОТАНДЫҚ ЭКСПОРТТАУШЫЛАР САНЫ 800-ДЕН АСТЫ
Әсіресе еліміздің ауылшаруашылық, металлургия және энергетика салаларында экспорттық әлеуеті артып, шетелге сапалы өнімдер жөнелтіліп, жаңа нарықтарды игеруге даңғыл жол ашылуда. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындар мен өндірушілер арасында тың серпіліс тудырып, еліміздің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.
Бір айта кетерлігі, еліміздің қайта өңдеу саласында айтарлықтай қарқын жоқ. Десе де Қазақстан бүгінде өңделген өнім экспортын ұлғайтып, дәстүрлі нарықтардағы орнын бекемдей түсуде. Өйткені дәл осы істі жүзеге асыруға еліміз аса мүдделі, яғни заман талабы осы. Себебі жаһандық саудада бәсеке артып, көршілес мемлекеттер өз өндірісін дамытып, дайын өніммен маңайындағы елдердің нарығын жаулап алып жатқанда бізге қол қусырып қарап отыруға болмайды.
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, жаңа экспорттық стратегия өңдеу өнеркәсібін қолдауға, сыртқы нарыққа сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім ұсынуға негізделген. Министрдің мәліметінше, соңғы жылдары қазақстандық экспорттаушылар саны 800-ден асыпты. Қазіргі таңда азық-түлік, металлургия, жеңіл өнеркәсіп сынды салаларда жаңа мүмкіндіктер ашылып, дәстүрлі нарықтармен қатар Қытай, Еуропа, Оңтүстік Азия елдеріне бағытталған экспорт ағыны күшейе түскен. Алайда негізгі түйткіл – өнім жеткізудегі тұрақтылық пен көлемнің жеткіліксіздігінде болса керек. Сол себепті аталған министрлік ендігі жерде экспорттық ағынды біріктіріп, ортақ сауда бағамын қалыптастыруды, ұзақмерзімді келісімдер арқылы отандық тауарды сыртқы нарықта бір брендпен ілгерілетуді көздеп отыр екен.
Бидай экспортында да күрделі жағдай қалыптасып отырғанына баса мән беруіміз керек. Украина соғыс салдарынан әзірге нарықтан шығып қалғаны белгілі. Ал Ресей бәсекелестік тұрғысынан әлі де белсенді әрекет етіп отырғаны баршаға аян. Бұл ретте министр бидай экспортында жыл сайын тұрақты табысқа кенелеміз деу жалаң үміт екенін айтады.
МАУСЫМ АЙЫНДА «ЖАСЫЛ ДӘЛІЗ» ЕНГІЗІЛЕДІ
Көктем шыға сала еліміздің ішкі нарығына ерте пісетін көкөніс пен жеміс-жидектің сырттан лег-легімен ағылатыны жылдағы әдет. Әсіресе оңтүстік өңірлерден жеткізілетін қияр, қызанақ, қырыққабат сынды өнімдер сауда сөрелеріне нарықтағы бағадан жоғары үстемемен жайғасатыны белгілі. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың қалтасына салмақ салып, нарықтағы жалпы баға деңгейіне әсер етеді. Осы ретте халық көптеп тұтынатын азық-түлік түрлерінің құны құбылмалы болады. Салдарынан әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі көкөніс өнімдерінің бағасы шарықтауы ғажап емес. Дегенмен бұл жергілікті билік пен бақылаушы органдардың жіті назарында тұратын мәселе. Әкімдіктер мен тиісті құрылымдар сауда орындарындағы баға өзгерістерін күн сайын қадағалап, негізсіз өсімге жол бермеуге тырысумен әуре болады. Бұған қоса, тұрақтандыру қорлары арқылы көкөніс пен өзге де азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу ісі күшейтіледі. Кейбір қалаларда ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылып, делдалсыз сатылымға жол берілмейді. Мұндай шаралар бір жағынан жергілікті өнім өндірушілерге қолдау болса, екінші жағынан тұтынушының сатып алу қабілетіне нұқсан келтірмеудің тиімді амалы.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, өткен айдың соңына таман әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,4 пайызды құрапты. Бағаның негізгі өсімі сиыр еті мен көкөністерге тиесілі болған екен. Сондай-ақ күріш пен жұмыртқа 0,3 пайызға, рожки мен қарақұмық бағасы 0,1 пайызға арзандапты.
Сиыр еті бағасына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша өнім жыл басынан 11,9 пайызға қымбаттаған. Осы өнім түріне баға өсімін тежеу мақсатында сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия елден ірі қара малды әкетуге үш айға уақытша тыйым салу туралы шешім қабылдаған көрінеді.
28 сәуірде еліміз бойынша 25,6 мың тонна ерте пісетін көкөністі ішкі нарыққа жеткізуге тиісті келісімшарттар жасалыпты. Оның 11,1 мың тоннасы картоп, 4,7 мың тоннасы сәбіз, 4,3 мың тоннасы пияз және 5,4 мың тоннасы қырыққабат екен. Оңтүстік өңірлер әкімдіктерінің ақпараты бойынша, биылғы маусымда ерте пісетін көкөністердің өнімі мол болады деп күтілуде. Өнімнің негізгі көлемі Түркістан облысына тиесілі көрінеді. Болжамға сәйкес картоп көлемі 216,6 мың тонна, сәбіз – 41,5 мың тонна, пияз – 87,5 мың тонна, қырыққабат – 228,9 мың тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Түркістан облысында 17,5 мың тонна қырыққабат жиналып, оның 1,3 мың тоннасы экспортталыпты. Сонымен қатар Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарында форвардтық келісімшарттар аясында ерте піскен ақ қырыққабатты жеткізу басталыпты. Ішкі нарықты өніммен толтыру мақсатында жыл басынан бері 80 мың тонна картоп пен 30 мың тонна қырыққабат импортталған. Шекарада кідірістердің алдын алу үшін көкөністерге маусым айының соңына дейін «жасыл дәліз» енгізу туралы шешім қабылданған. Бұл өнім жеткізуді жеделдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға, нәтижесінде ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мол мүмкіндік бермек.
Шекара демекші, бүгінгі таңда еліміздің шекаралық аймақтарындағы ауылдардағы сауда орындары отандық тауар өндірушілердің өнімінен кенде болмауы тиіс. Сауда және интеграция министрлігінің отандық өнімнің сөрелердегі үлесін арттыруға бағытталған тиісті жоспары бар. Мәселен, қазіргі талапқа сай кез келген дүкен не сауда орнында азық-түлік өнімдерінің кем дегенде 30 пайызы отандық тауар болуы тиіс. Ал мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер мұны 50 пайызға дейін жеткізуі қажет. Әсіресе шекараға жақын орналасқан сауда нүктелерінде отандық өнімнің үлесі тиісті талаптарға сай болғаны абзал. Осы бағытта жұмыс жандануы үшін еліміздің кейбір аймағында отандық өнімге қатысты өзгерістер орын алып жатқанын айта кетуіміз керек, яғни шекара маңындағы сауда орындарының кейбірінде отандық тауар үлесін 70 пайызға дейін жеткізуге талпыныс жасалуда. Біздің облыстың сауда орындарында да отандық азық-түлік үлесі 30 пайыздан кем емес.
«АЛАТАУЛЫҚТАР БАЙ ТҰРАДЫ»
Облысымызда төрт ауданның бірқатар елді мекені шекара маңында орналасқан. Оның ішінде Жуалы ауданындағы Ақтөбе ауылдық округі мен Қызыларық ауылдық округінен бір-бір ауыл бар. Жалпы Қырғыз елімен шектесетін Жуалы ауданының ауылдарында да шекаралық өңірлерді дамыту бағытында байыпты бастамалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылы- инфрақұрылымы жүйеленіп, халықтың тіршілігі қалыпты жағдайда тұрған елді мекеннің бірі. Соңғы жылдары бұл ауылда жол жөндеуден бастап, ауылшаруашылығын қолдау, әлеуметтік нысандар салу сынды көптеген істер атқарылған. Қызыларық ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбековтің айтуынша, округ аумағында 5 елді мекен бар, оның ішінде шекараға ең жақын орналасқан елді мекен – Алатау ауылы.
Шекара маңындағы ауылдарды дамытудың маңыздылығы зор. Сондықтан мұндай ауылдардың әлеуетін тек ауылшаруашылығы саласымен шектемей, туризм арқылы да дамытуға болады. Мұны осы ауылдық округтің тәжірибелі жұмысынан байқауға болады. Мысалы, Алатау ауылының аумағында орналасқан «Көксай» демалыс орны- соның бір дәлелі.
Осы ретте біз ауыл тұрғыны Назира Байдосовамен де тілдестік. Ол 23 жыл еңбек өтілі бар мектеп мұғалімі екен. «Өзін сүймеген адам ешнәрсені де сүйе алмайды» деген сөзбен ойын сабақтап, бізді елді мекеннің тыныс-тіршілігімен жете таныстырды.
Осы ретте біз ауылдағы «Әділет» дүкенінің иесі Гүлнұр Қазыловамен де телефон арқылы тілдестік. Ол тауарды Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» базарынан көтерме бағамен әкеліп, әр тауардың үстіне 10-15 теңге қосып сататынын айтты. Ауыл тұрғындарының кейбірі қарыз дәптер аштырғанымен, көп ұзатпай төлеп тастайтынын, отбасы ырзығын дүкеншілікті кәсіп ету арқылы айырып отырғанын сөз етті. Жерлестерімен бірге «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мал бағыты бойынша 2,5 пайызбен қаржы алып, бүгінде шаруашылығын да дөңгелентіп отырған жайы бар. Тұрғындардың пікіріне сүйенсек, алатаулықтардың шекара маңындағы ауылдарды, шекара маңындағы сауданы дамыту мәселесіне қатысты айтар шағымы жоқ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ