«Соғыстың салған зардабы»
Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында «Соғыстың салған зардабы» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің сарбаздары мен үйірме оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылды.
Кеш шымылдығын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаев ашып, бабалар ерлігін ұмытпай, дәріптеу азаматтық борышымыз екенін атап өтті. Келесі кезекте айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған жүрекжарды арнауын орындап, кештің шырайын кіргізе түсті.
Жиын барысында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық университетінің қызметкері, бауыржантанушы Бақтияр Бекназаров Бауыржан Момышұлының майдан даласындағы ерлігі, сол жерде жүріп жазған күнделіктері мен естеліктері жайлы мазмұнды әңгіме өрбітті. Ол даңқты қолбасшының рухани мұрасы қазіргі ұрпақ үшін сарқылмас тәрбие көзі екенін тілге тиек етті.
Іс-шара барысында «Ақберен» айтыскер ақындар және «Қаратау» жыршы-термешілер үйірмесінің шәкірттері өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, Інжу Жаңабайдың жүрек тербеген арнауы, Ораз Ержігіттің шебер орындаған «Әлқисса» күйі, Нұрай Есмамбетованың «Әлия Молдағұлова туралы» монологы көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Сонымен қатар, Қанат Джасаров пен Айша Сұлтанханның орындауындағы поэзиялық композиция, 5513 әскери бөлімінің сарбазы Тұрсынхан Насыров нақышына келтіре орындаған Мұқағали Мақатаевтың «1941 жылғы ақпан», «Соғыстың соңғы көктемі», «Үш бақытым» өлеңдері көрерменнің көңілін тербеттті.
Кеш соңында барлық қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың «Бейбіт күн тілегі» атты әнін хормен орындады.
Ақмарал ІЛЕБАЕВА,
облыстық айтыскер ақындар,
жыршы-термешілер орталығының әдіскері