Толеранттылық өздігінен қалыптаспайды
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйымдастыруымен дін саласында қызмет атқаратын мамандарға арналған екі күндік облыстық оқыту семинары өтті.
Өңір тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді мақсат еткен семинарға облыстың барлық аудандарынан ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мешіт имамдары мен теолог мамандар қатысты.
Семинардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинар барысында қатысушыларға арнайы шақырылған республикалық деңгейдегі лекторлар дәріс оқыды. Семинардың бірінші күні М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Толқын Өмірбаева «Көпшілік алдында сөйлеу – шеберлік пен сенімділіктің үлгісі» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Сонымен қатар облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бөлім меңгерушісі Фариза Кенжебаева әлеуметтік желіні пайдалану жөніндегі тәжірибесімен бөліссе, психология ғылымдарының магистрі Гүлмира Сарытай «Коммуникация әдістері және олардың түрлері» тақырыбында баяндама жасады.
Семинардың екінші күні «Діни толеранттылық – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының оқытушысы, философия ғылымдарының докторы Гүлнар Жұманова, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар және сарапшылар кеңесінің мүшесі, философия және исламтану саласының маманы Мұхитдин Паттеев, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай дәрістер өткізді.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Мұндай семинарлардың дін саласы мамандарының кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге де үлес қосары сөзсіз.
Айжан ӨЗБЕКОВА