Жолданған сауал жауапсыз қалмады
Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Қамқор қоғам» тақырыбында «Ашық есік» күні өтті. Репродуктивті денсаулық апталығы мен Аналар күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға қала тұрғындары, әлеуметтік қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласының мамандары, ғалымдар, психологтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Ермек Қорабаев пен облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілектерін арнады. Олар қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтудың, әлеуметтік әріптестікті дамытудың және азаматтарға көрсетілетін жан-жақты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Ашық есік» күні аясында нәзікжандылар түрлі сала өкілдерінен тегін кеңес алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар әйелдер қауымы облыстық заң консультанттар палатасының заң консультанты Бақытжан Оразымбетов, адвокаттар алқасының адвокаты Айнұр Кененбаева, жеке сот орындаушы Алтынбек Дильжанов, облыстық әділет департаменті құқықтық түсіндіру жұмысы және заң қызметін көрсету бөлімінің бас маманы Еркебұлан Джумажанов сияқты тәжірибелі мамандардан көмек алды.
«Басты байлық – денсаулық» тақырыбында өткен психологиялық қолдау алаңын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының аға оқытушысы Тәтті Орынтай жүргізді. Жиынға арнайы келіп, мамандарға көкейдегі сауалын жолдаған әйелдердің бірі отбасылық дау-дамай, енді бірі алимент мәселесін көтерді. Сонымен қатар жалғызбасты, көпбалалы отбасылар көрсетілуге тиіс әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу жолдарын сұрады.
Жиын барысында жиналған көпшілік өздеріне қажетті сауалдарына жауап алып, мәре-сәре болды.
«Ашық есік» күні 12-16 мамыр аралығында жалғасын таппақ.
Ажар МҰҚАН,
Бауыржан Момышұлы атындағы
мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы,
Жуалы ауданы