Жаңа дәуірдің мүмкіндіктері мен шектеулері
Цифрландыру – ХХІ ғасырдың басты үдерісі. Бұл – уақыт талабы. Технологиялық жаңғырудың аясында адамзат тіршілігінің барлық саласы жаңа сипатқа ие болып, күнделікті өмір мен қызмет ету мәдениетіміз түбегейлі өзгеріске ұшырап отыр. Мұндай бетбұрыс ең алдымен білім беру саласына әсер ететіні сөзсіз. Себебі білім – ұлттың ұстыны, ел болашағының кепілі. Сондықтан цифрлық білім беру жүйесін қалыптастыру – еліміздің стратегиялық даму бағытының маңызды тетігіне айналды.
Цифрлық технологиялар негізінде жүзеге асатын жаңа білім беру форматы – қашықтан оқыту, онлайн платформалар, интерактивті ресурстар – бүгінгі жастар үшін білімді қолжетімді, икемді және жекешелендірілген түрде игеруге жол ашты. Білім енді аудитория қабырғасынан шығып, кеңістіктен тыс, шексіз мүмкіндікке айналды. Бұл – әсіресе шалғайдағы ауыл жастары үшін бұрын-соңды болмаған игілік. Олар әлемдік деңгейдегі курс пен лекцияларға қатысып, жаһандық білім кеңістігінің толыққанды мүшесі бола алады. Coursera, edX, Udemy, Khan Academy сынды платформалар – осының айқын дәлелі.Бірақ цифрлық білім беру тек мүмкіндік емес, ол – үлкен жауапкершілік. Жаңа форматтағы білім – білім алушыдан өзіндік ұйымдасу, жоғары деңгейдегі уәждеме мен тәртіпті талап етеді. Мұнда оқытушының көзімен бақылау аз болғандықтан, студенттің өз бетінше білім игеруіне, ізденісіне, уақытын тиімді басқаруына көңіл бөлінеді. Бұл – қазіргі заман адамына қажет құндылықтар. Сондықтан цифрлық білім беру – тек оқыту әдісі емес, тұлғаның өзін-өзі дамытуына арналған құрал.Алайда бұл үдерістің өз шектеулері де бар. Ең басты мәселе – цифрлық теңсіздік. Қазақстандағы интернет инфрақұрылымының даму қарқыны өңірлік деңгейде әртүрлі. Қала мен ауыл арасындағы сандық алшақтық әлі күнге дейін сақталып отыр. Бұл – тек техникалық проблема ғана емес, әлеуметтік әділеттілікке де тікелей әсер ететін фактор. Әсіресе ауыл жастарының цифрлық білім ресурстарына қол жеткізе алмауы – олардың тең мүмкіндік алуына кедергі.
Сонымен қатар, цифрлық білім беру жүйесінің толыққанды дамуы үшін оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жеткілікті деңгейде болуға тиіс. Мұғалім мен оқытушы – цифрлық жүйенің басты тірегі. Егер педагог жаңашылдыққа икемделмесе, технология қаншалықты дамығанымен, нәтиже бермейді. Сондықтан оқытушылардың ІТ құзыреттілігін арттыру, цифрлық педагогиканы меңгерту – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі қолдау мен жаңғыртылған білім саясаты қажет.
Цифрлық білім берудің мазмұны да терең ойластырылуы тиіс. Қазақ тілді цифрлық контентті арттыру, ұлттық құндылықтарымызды ескеретін оқыту ресурстарын әзірлеу – рухани қауіпсіздігіміздің де бір кепілі. Тек аудармаға сүйенбей, төл өнімдерімізді жасап, оны әлемдік кеңістікке шығару арқылы ғана біз цифрлық дәуірге өз болмысымызбен қадам баса аламыз.
Қорыта айтқанда, цифрлық білім беру – жай ғана технологиялық тренд емес, бұл – жаңа дәуірдің мәдениеті. Ол – жастардың көкжиегін кеңейтетін, білімді демократияландыратын, тұлғаны еркіндік пен жауапкершілікке тәрбиелейтін жүйе. Бірақ бұл жүйенің жемісті болуы – тек платформалар мен құрылғыларға емес, ең алдымен адами капиталға байланысты. Сондықтан біз цифрлық білімді дамытқанда, технологиямен бірге адамды – оқушыны, мұғалімді, қоғамды дамытуымыз керек. Сонда ғана біз тек ілеспей, осы дәуірдің көшін бастай алатын ұлтқа айналамыз.
Диана Мадиярбек,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің 1 курс студенті