Жаңалықтар

Құрбан айт-2025: маусымда қазақстандықтар қанша күн демалады

Маусым айында қазақстандықтар мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесін атап өтеді,деп хабарлайды arainfo.kz

2025 жылы мұсылмандардың ең маңызды мерекелерінің бірі — Құрбан айттың бірінші күні 6 маусым, жұма күніне түсіп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дін өкілдерінің ұсынысы негізінде бұл күнді демалыс етіп бекітті. Осыған байланысты қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады.

Бес күндік жұмыс аптасымен жұмыс істейтін азаматтар үшін Құрбан айтқа орай 6, 7 және 8 маусым күндері — демалыс күндері болып белгіленген.

Ал алты күн жұмыс істейтіндер үшін 6 маусым (жұма) және 8 маусым (жексенбі) — демалыс, ал 7 маусым (сенбі) — жұмыс күні болады.

Құрбан айт — ислам дініндегі ең маңызды діни мейрамдардың бірі. Бұл мереке Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң атап өтіледі және Меккеде қажылықтың аяқталуымен тұспа-тұс келеді. Құрбан айт мұсылман жұртшылығы үшін рухани тазару мен қайырымдылықтың, бірлік пен мейірімнің белгісі саналады.