Қазақстандық дзюдошылар 9 медаль жеңіп алды
Астанада үш күнге созылған дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирі өз мәресіне жетті,деп хабарлайды arainfo.kz
Ел құрамасы бұл жолы рекорд орнатып, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Қазақстандық спортшылар 3 күміс және 6 қола медаль еншіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан құрамасының жүлдегерлері:
- Ғұсман Қырғызбаев – күміс (-66 кг)
- Ерасыл Қажыбаев – күміс (+100 кг)
- Талғат Орынбасар – күміс (-60 кг)
- Мағжан Шамшадин – қола (-60 кг)
- Аман Бақытжан – қола (-60 кг)
- Абылайхан Жұбаназар – қола (-81 кг)
- Есет Қуанов – қола (-73 кг)
- Бақжан Байтас – қола (-100 кг)
- Марат Байқамұров – қола (-100 кг)
Жарыс Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 44 елінен 358 дзюдошы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар қатарында Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпионатының жеңімпаздары да болды.
Медаль кестесі бойынша үздік үштік:
- IJF құрамасы – 3 алтын, 2 күміс
- Оңтүстік Корея – 3 алтын
- Жапония – 2 алтын, 4 күміс, 1 қола
Айта кетейік, бұл турнир әлем чемпионаты алдындағы соңғы Grand Slam кезеңі саналады. IJF ережелеріне сәйкес, жүлдегерлерге әлемдік және олимпиадалық рейтингтер үшін ұпайлар беріледі: алтын – 1000, күміс – 700, қола – 500 ұпай.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) арасындағы келісімшартқа сәйкес, еліміз бұл халықаралық жарысты 2026 жылға дейін қабылдайтын болады.
Жарыстың басты қонағы — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысымен бірге трибунада IJF президенті Мариус Визер және Олимпиада чемпионы Елдос Сметов те жарысты тамашалады.