Әлеумет

Өртсөндірушілер дайындықтарын пысықтады

Облысымыздың бірнеше ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу, дала және орман өрттерін сөндіру мақсатында оқу-жаттығу жиындары өткізілуде. Даярлық жиындары өртсөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттырып, табиғи апатқа төтеп беру жолдарын үйретеді.

Оқу-жаттығу жиыны Жамбыл ауданында басталды. Дала және орман өрттерінің алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрттің таралуына жол бермеу мақсатында бұл ауданда өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында төтенше жағдайлар қызметі, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, шартты өртті сөндіру, қауіпсіз аумаққа эвакуация және техникалардың іс-қимылдарын үйлестіру жұмыстарын пысықтады.

Ал Т.Рысқұлов ауданы аумағында өткен дала мен орман алқаптарындағы өрттерді сөндіруге арналған өрт-тактикалық оқу-жаттығуында шартты өрт Ақбұлақ ауылы маңында орын алып, шамамен 45 гектар жерді қамтыды.

Оқу-жаттығуға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 4 техника және 16 қызметкер, күре жолдық медициналық-құтқару пунктінен 1 техника және 4 құтқарушы, «Луговое» орман шаруашылығынан 6 техника және 29 адам жұмылдырылса, Ақыртөбе орман шаруашылығынан 5 техника және 20 қызметкер, аудандық орталық ауруханадан 2 техника және 10 медицина қызметкері, 15 ауылдық округтен 21 техника және 150 адам белсене қатысқан.

Дәл осындай оқу-жаттығу жиыны Қордай ауданында да жалғасын тапты. Шартты өрт жоспар бойынша Қаракемер ауылының баурайынан басталып, орман алқабына таралуы керек. Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері, округтердегі ерікті құрылымдар және орман шаруашылықтарының мамандары жұмылдырылған. Өрт үш учаскеде сәтті оқшауланып, жалпы аумағы 35 гектарды құраған. Зардап шеккен адам ауруханаға жеткізіліп, қайта тұтанудың алдын алу үшін патрульдер мен бақылау бекеттері ұйымдастырылған.

Жамбылдық құтқарушылар дала және орман өрттерінің алдын алу, оларды сөндіру оқу-жаттығуларынан бөлек 2025 жылы 25 сәуірде «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шу ауданы филиалында бірлескен оқу-жаттығу жиынын жасады. Оқу-жаттығу барысында шахтада тау жынысының опырылуы жағдайындағы өзара іс-қимылдар және зардап шеккен адамды медициналық мекемеге жеткізу іс-қимылдары пысықталды. Аталған дайындық жұмыстарының басты мақсаты техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларының шынайылығын тексеру, күштер мен құралдардың міндеттерді шешуге дайындығын арттыру, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау әдістері мен тәсілдерін жетілдіру.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде тұрақты байланысты қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін дайындық аясында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің базасында «Iridium спутниктік телефондарын пайдалану тәртібі» тақырыбында жеке құраммен оқу-жаттығу сабағы өтті. Сабақтың мақсаты – байланыс жоқ жағдайда спутниктік телефондарды қолдану дағдыларын меңгерту, сондай-ақ оқшау және қол жетуі қиын аймақтарда әрекет етуге дайындығын арттыру. Сабақ барысында Iridium спутниктік байланысының жұмыс ерекшеліктері, құрылғылардың техникалық сипаттамалары мен мүмкіндіктері, құрылғыны қосу, желіге тіркеу, қоңырау шалу және хабарлама жіберу тәртібі түсіндіріліп, тұрақты сигнал алу үшін орынды дұрыс таңдау қағидалары, құрылғы жадында телефон нөмірлерін сақтау ережелері баяндалды. Мұндай дайындықтар төтенше жағдайлар, табиғи апаттар, техногендік апаттар мен басқа да тосын оқиғалар кезінде жедел әрекет ету мен ақпарат алмасуда маңызды рөл атқарады. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әрекет ету тиімділігін ұлғайту мақсатында қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша оқу-жаттығуларды жүйелі түрде жалғастырады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ