Қоғам

Құтқарушылар қиындықтан қашпайды

Азаматтық қорғаныс саласында адал қызметімен дараланып, өзгелердің өмірін арашалап қалу жолында ерен еңбек етіп жүрген ержүрек азаматтар аз емес. Бірі – селмен алысып, енді бірі дауыл мен өрттің ортасында жүріп, адам өміріне араша түсуде. Олар – табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрып, қиын жағдайда еліне тірек бола білген шынайы қаһармандар.

ЖАУЫРЫНЫ ЖЕР ИІСКЕМЕГЕН СЕРІК

Серік Тілекеев – Т.Рысқұлов ауданының тумасы. 1984 жылдың 11 қазанында дүниеге келген кейіпкеріміз жастайынан спортқа жақын болып өскен. Еркін күрес пен ММА спорт түрлеріне ерекше құлшыныспен ден қойған Серік бұл бағытқа 15 жылдан астам уақытын арнаған. Кәсіпқой спорт әлемінде түрлі жарыстарда топ жарып, чемпион атанып, талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. ММА додаларында белді қарсыластарын тізе бүктіріп, құнды белбеулер мен автокөліктерді қанжығасына байлаған сәттері де аз емес. Уақыт өте келе Серік спорт саласындағы жинаған бай тәжірибесін ел игілігіне арнауды жөн көрген. Осылайша, 2021 жылы ол құтқару қызметіне келіп, алғашқы айдың өзінде-ақ төтенше жағдайлар департаменті басшысынан алғыс хатқа ие болған.

Кейіпкеріміз құтқарушы қызметінде жүрсе де спорттан алыстаған емес. 2024 жылдың қыркүйек айында Ташкент қаласында өткен AIGA ұйымы өткізген греплинг күрес түрінен Азия чемпионатында екі бөлім бойынша чемпион атанған.

Оның қызмет жолындағы ең күрделі әрі есте қаларлық оқиғалардың бірі биылғы жылы қаңтар айында орын алған. Қатты боран кезінде Жуалы ауданының Дүйсенбек ауылынан жоғары температурамен ауырған баланы шұғыл ауруханаға жеткізу туралы шақырту келіп түседі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ауылға қарапайым көлікпен жету мүмкін болмайды. Жедел эвакуация жасағы аудандық аурухананың дәрігерімен бірге «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен жеткен. Құтқарушылар тобы, оның ішінде Серік Есенгелдіұлы да қиын метеожағдайларға қарамастан, баланы анасымен бірге аудандық орталық ауруханаға жеткізген.

 

КИНОЛОГ МҰХАМЕТ

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы қатарында өз ісіне шын берілген, батыл мамандар аз емес. Солардың бірі – кинология бөлімшесінің бас құтқарушысы Мұхамет Омаров. Ол 1999 жылдың 12 наурызында дүниеге келген. 2019 жылдан бастап еліміздің құтқару қызметінде абыроймен еңбек етіп келеді. Қызметке алғаш кіріскен күннен-ақ ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жан аямайтын нағыз кәсіби маманға айналған.

Өз ісіне адал болып, кез келген жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын Мұхамет 2024 жылы кинолог лауазымына тағайындалады. Ол Грета атты итті тәрбиелеу ісіне кірісіп, кинология бөлімінің басшысы Рүстем Жарамбаевпен бірге іздестіру-құтқару жұмыстарына үйретіп жүр. Жуырда Грета екеуі екі маңызды іздестіру шарасына қатысты. Бірі Билікөл көлінде 50 жастағы балықшының жоғалуы болса, екіншісі Меркі ауданында болған дүмпу кезінде із-түзсіз кеткен адамды іздеу. Бұл жұмыстар Мұхамет пен оның серігі Гретаның кәсібилігін, жауапкершілігін айқын көрсетті.

Мұхамет Омаров жас болса да тәжірибелі, нағыз халық батырларының бірі. Оның әр күні адам өміріне араша түсу жолындағы қажырлы еңбектен тұрады.

 

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН ЕРЖАН

1982 жылы дүниеге келген Ержан Шанбаев Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының тумасы. Оның әкесі де төтенше жағдайлар қызметінде ұзақ жыл еңбек еткен. Ержан кішкентайынан әкесінің істеген ісіне қызығып өскен. Бала күнінде ауыл адамдарына түрлі оқиғаларда көмек көрсету оның жүрегіне сәуле құйған. Отбасындағы батылдық пен жауапкершілік сынды құндылықтар Ержанның бойында ерте жастан қалыптасқан.

Әрине құтқарушы қызметінде болғандықтан түрлі оқиғаларға тап болатыны белгілі. Бірде сел, бірде жел болса, бірде дауыл, бірде жалын аумағынан шақырту түсіп жатады. Құтқарушылар қауіптің кез келген түріне жұмылдырыла береді.

Білікті маман отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеуде.

«Ел басына күн туса, ерің шығар қарулы» деп бабалар айтпақшы халықты төтенше жағдайлардан қорғап жүрген бүгінгінің батырларына алғысымыз шексіз. Жұмысының жемісін көріп, істері алға баса берсін дейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ