Ұлы Отан соғысы: Қазақтан шыққан Кеңес одағының батырлары
P.S. Қысқаша деректің соңында ерекшеленіп көрсетілген даталар – оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы қай күні берілгендігінің көрсеткіші.
24. Ғабдуллин Мәлік (1915-1973 жж.)
Көкшетау облысы, Зеренді ауданында туған. Рота командирі. Майор. Панфилов дивизиясы сапында соғысқан батыр даңқы бүкіл Одаққа танымал болды. Ол соғыстан кейін шығармашылық жұмыспен айналысып, көрнекті жазушы, айтулы ғалым болды. Қазақ ауыз әдебиетінің тарихын жазды.
30.01.1943 ж.
25. Дәулетбеков Амантай (1917-1943 жж.)
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында туған. Зеңбірек командирі. Дон, Волга өзені, Курск доғаларындағы шайқастарға қатысып, өз зеңбірегімен жаудың 24 танкісін, 13 зеңбірегін, 200-ге жуық жауды жойды. Поныри ауданында күші басым жаумен шайқаста қаза тапты.
24.12.1943 ж.
26. Досмұхамбетов Әбу
(1920-1943 жж.)
Солтүстік Қазақстан облысы, Приишим ауданында туған. Рота командирі, аға лейтенант. Днепрден өту кезінде ерен ерлік, қаһармандық үлгісін көрсеткен.
16.10.1943 ж.
27. Елеуісов Жәнібек
1925 жылы Алтай өлкесі, Таулы Алтай автономиялық облысында туған. Пулеметшілер бөлімшесінің командирі. Воронеж майданындағы ұрыстарда қаһармандық үлгісін көрсеткен. Гурьев облысында қызмет істеген.
16.10.1943 ж.
28. Есболатов Нарсұтбай
(1913-1941 жж.)
Талдықорған облысының Ақсу ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 28 панфиловшының бірі. Дубосеково разъезі жанындағы ұрыста ерлікпен қаза болды.
21.07.1944 ж.
29. Естемісов Саттар (1919-1943 жж.)
Жамбыл облысы, Шу ауданында туған. Сержант, автоматшылар бөлімшесінің командирі. Смоленск облысының Пречистинск ауданында болған соғыста үлкен ерлік көрсетіп, қаһармандықпен қаза тапты.
04.06.1944 ж.
30. Есетов Расул
1924 жылы Шымкент облысының Түркістан қаласында туған. Бөлімше командирі. Шабуыл кезінде оның бөлімшесі жаудың 50 солдаты мен офицерін жойып, оқ-дәрі қоймасын қолға түсірді. Өз ұлтының таза қазақ екендігін, кезінде күштеп өзбектендірілгендігін жария еткен айтулы азамат.
13.09.1945 ж.
31. Есқалиев Сүндетқали (1924-1944 жж.)
Орал облысы, Бөрлі ауданында туған. Қатардағы автоматшы. Могилев облысының Лидица деревнясы маңында болған шайқаста А.Матросовтың ерлігін қайталап, амбразурасын кеудесімен жапты. Сөйтіп, Кеңес әскерлерінің сәтті шабуылына жол ашты, өзі ерлікпен қаза тапты.
24.03.1945 ж.
32. Жазықов Қожабай
1920 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында туған. Лейтенант. Барлаушылар взводының командирі. Әр кезеңде жаудың 250 офицер, солдатын тұтқынға түсірді. Будапештегі жау тобын жойып, үлкен ерлік ісімен көзге түсті.
28.04.1945 ж.
33. Жақсығұлов Садық
1924 жылы Орал облысының Жаңақала ауданында туған. Миномет бөлімшесінің командирі. Днепрден өту үшін болған ұрыста үлкен ерлік, батылдық көрсеткен. Соғысты Аустрияда аяқтады.
22.02.1944 ж.
34. Жанұзақов Абдулла (1918-1944 жж.)
Ақтөбе облысы, Қобда ауданында туған. Автоматшы. Невель қаласы мен Глуховка елді мекенінде жанқиярлық ерлікпен көзге түскен. Батыс Двина өзенінен өту кезінде ерлікпен қаза тапты.
22.07.1944 ж.
35. Жүнісов Мәжит (1917-1945 жж.)
Орал облысы, Жаңақала ауданында туған. Старшина. Автоматшы. Днепрден өту кезінде әскери басшылық тапсырмасын мүлтіксіз орындап, операцияның сәтті орындалуын қамтамасыз еткен.
20.12.1943 ж.
36. Жаманғараев Қашаған
1910 жылы Алматы облысы, Шелек ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград, Курск, Украинадағы қантөгіс шайқастарда ерлік көрсеткен.
17.10.1943 ж.
37. Жолдасов Лесбек
1920 жылы Шымкент облысы, Келес ауданында туған. Рота командирі. Дунай өзенінен өту кезінде ерлік үлгісін көрсеткен.
24.03.1945 ж.
38. Жұмалиев Қилмаш (1918-1945 жж.)
Донбасс облысының Прима ауданында туған. Кіші сержант. Варшава түбіндегі ұрыста ғажап ерліктің үлгісін көрсетті. Жаулардың 2 дзотын жойып, биіктегі блиндажын топталған гранатамен талқандап, немістерді қырғынға ұшыратты.
27.02.1945 ж.
39. Ишанов Естай
1906 жылы Қостанай облысы, Жетіқара ауданында туған. Гвардия кіші сержанты. Днепрдің батысындағы Медвин ауданында дұшпанның 3 танкісін, қару тиеген 7 машинасын, батальонға жуық әскерін жойып, ересен ерлік көрсеткен.
17.10.1943 ж.
40. Ибрагимов Темірбек (1922-1943 жж.)
Шымкент облысының Шәуілдір ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде аса зор ерлік көрсетіп, қаза тапқан.
30.10.1943 ж.
41. Исаханов Берген (1922-1970 жж.)
Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Бөлімше командирі, сержант. Днепрден өту кезінде ерлік пен батылдық көрсетіп, операцияның сәтті өтуіне үлкен ықпал жасаған.
30.10.1943 ж.
42. Кенжебаев Төле
1902 жылы Алматы облысы, Шелек ауданында туған. Атты әскер полкының жауынгері. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік пен батылдық көрсетті.
15.01.1944 ж.
43. Көмекбаев Тайымбет
1896 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында туған. Барлаушылар бөлімшесінің командирі. Ол сан мәрте ерліктің небір үлгісін көрсеткен. Бір өзі 60 фашисті өлтіріп, 12-сін тұтқынға алған. Одер өзенінен өту кезінде ересен ерлік көрсеткен.
10.04.1945 ж.
44. Көбіков Хамит
(1916-1973 жж.)
Талдықорған облысы, Панфилов ауданында туған. Зеңбірек бөлімшесінің командирі. Сталинград, Берлин, Прага үшін болған ұрыстарға қатысқан. Одер өзенінен өткен кезде жаудың 3 танкісін, 30-дай солдат, офицерін, 4 броньды машинаны, миномет батереясын жойған. Соғыстан кейін түрлі салада лауазымды қызметтер атқарды.
10.04.1945 ж.
45. Қосаев Әлікбай (1905-1941 жж.)
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Қаһарман 28 гвардияшы-панфиловшылардың бірі. Дубосеково түбінде болған жойқын соғыста ерлікпен қаза тапты.
21.07.1942 ж.
46. Қауынбаев Тоғанбай
1923 жылы Шымкент облысы, Қызылқұм ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде асқан ерлік жасап, көзге түсті. Соғыстан кейін туған облысында, Алматыда еңбек етті.
30.10.1943 ж.
47. Қизатов Жәлел
1920 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 159-Чернигов гвардияшы атқыштар дивизиясының құрамында соғысып, Днепрден өту кезінде үлкен ерлік көрсетті. Соғыстан кейін Қызылордада еңбек етті.
17.01.1944 ж.
48. Қожабергенов Әлиасқар (1917- 1941 жж.)
Талдықорған облысы, Қаратал ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Қаһарман 28 гвардияшы-панфиловшылардың бірі. Дубосеково жанындағы шайқаста ерлікпен қаза тапты.
21.07.1942 ж.
49. Құрманов Ақан
(1918- 1943 жж.)
Ақмола облысы, Атбасар ауданында туған. Атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысып, сан мәрте ерліктер жасаған. Днепрден өту кезінде ерлікпен қаза тапты.
15.01.1944 ж.
50. Қабылов Төлен
(1917-1945 жж.)
Алматы облысы, Шелек ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград, Дон, Қырым, Украина майдандарында көптеген ұрысқа қатысқан. Кенигсберг қаласы үшін болған ұрыста үлкен ерлік көрсетіп, қаза тапқан.
19.04.1945 ж.
51. Қайыпов Жүнісбай (1907-1944 жж.)
Алматы облысы, Шелек ауданында туған. Старшина, танкке қарсы оқ ататын зеңбірек командирі. Асқан мергендігімен көзге түскен. Новгород қаласы үшін болған ұрыста үлкен ерлік жасаған.
1.07.1944 ж.
52. Қайырбаев Махмет
1925 жылы Семей облысы, Бесқарағай ауданында туған. Аға лейтенант, батарея командирі. Шауляй қаласы үшін болған ұрыста жауға ойсырата соққы беріп, үлкен ерлік көрсетті. Соғыстан кейінгі жылдары жоғары лауазымды мемлекеттік, партиялық қызметте болды.
24.03.1944 ж.
53. Қалдықараев Жұмағали (1922-1944 жж.)
Түрікменстанның Ташауыз облысының Ходжейлі ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Танкіге қарсы истребитель дивизионының құрамында соғысты. 1943 жылы Днепрден өту кезінде ерен ерлік жасаған.
15.01.1944 ж.
54. Қамзин Қанаш (1919-1944 жж.)
Павлодар облысының Ермак ауданында туған. Рота командирі, лейтенант. Атқыштар дивизиясында соғысты. Днепрден өту кезінде асқан ерлікпен қаза тапты.
13.09.1944 ж.
55. Қарақұлов Жұман (1921-1944 жж.)
Қарақалпақстандағы Ахунбабаев ауылында туған. Қатардағы гвардияшы жауынгер. Украина, Солтүстік Кавказ майдандарында шайқасты. Чехословакияны азат ету үшін болған ұрыстарға қатысып, жауынгерлерді бас көтертпей қойған жау ұясын танкіге қарсы қолданылатын гранатамен талқандап, ерлікпен қаза тапты.
24.03.1945 ж.
56. Мамыраев Мартбек
1908 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туған. Аға сержант, пулеметші. Днепрден өткен кезде үлкен ерлік, батылдық көрсетті. Соғыстан кейін Қарағандыда еңбек етті.
15.01.1944 ж.
57. Мәметова Мәншүк (1922-1944 жж.)
Орал облысы, Орда ауданында туған. Аға сержант, пулеметші, 21- атқыштар дивизиясының құрамында соғысып, Невель қаласы үшін болған ұрыста ғажайып ерлік көрсетті. Шығыстың қос жұлдызының бірі атанған Мәншүк ерлігі ғажайып аңызға айналған.
01.03.1944 ж.
58. Молдабаев Ережепбай (1925-1944 жж.)
Шымкент облысы, Қатынкөпір елді мекенінде туған. Қатардағы жауынгер, атқыштар дивизиясында қызмет етті. Висла өзенінен өту кезінде ерлікпен қаза тапты.
23.09.1944 ж.
59. Молдағалиев Жанғазы (1917-1944 жж.)
Семей облысы, Абай ауданында туған. Рота командирі, гвардияшы лейтенант. Сталинград, Воронеж, Дон, тағы басқа аудандарда шайқасты.Украинадағы Черонопаровка деревнясы үшін болған ұрыста жауынгерлерді бас көтертпей пулеметпен атқылаған, немістер бой тасалаған дзоттың аузын өз денесімен жауып, қаһармандықпен қаза тапты.
19.03.1944 ж.
60. Молдағұлова Әлия (1924- 1944 жж.)
Ақтөбе облысы, Қобда ауданында туған. Ефрейтор. Құралайды көзге атқан мерген жүздеген жауды жер жастандырды. 2-Прибалтика майданында ұрысқа қатысты. Псков облысының Новосокольники стансасы маңындағы шешуші шайқаста жауынгерлерді ұрысқа бастап, қаһармандықпен қаза тапты. Шығыстың қос жұлдызының бірі болған Әлияның ерлігі ел есінде мәңгі қалды.
04.06.1944 ж.
61. Мұсаев Мұқат
(1919-1954 жж.)
Астрахань облысының Қарабалы ауданында туған. Қатардағы жауынгер, пулеметші. Тисса өзенінен өту үшін болған ұрыста жаудың 60 солдаты мен офицерін, 3 пулемет ұясын жойған. Соғыстан кейін Сталинград облысында еңбек етті.
24.03.1945 ж.
62. Мүткенов Серікбай (1913-1944 жж.)
Павлодар облысы, Краснокутск ауданында туған. Зеңбірек командирі. Бір өзі жаудың 1 танкісін, 40 шақты солдаты мен офицерін жойған. Украинаны азат ету соғысында ерлікпен қаза тапты.
03.02.1944 ж.
63. Махамбетов Жақыпбек
1912 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында туған. Кіші сержант. Пулеметші. Черкасс облысының Крещатик селосы үшін болған шайқаста 40-тан астам жауды жер жастандырып, бір танк пен үш машинаны жойды.
22.02.1944 ж.
64. Мамұтов Хасан
1922 жылы Шымкент облысы, Ленгір ауданында туған. Қатардағы жауынгер, пулеметші. Сталинград, Днепр үшін болған ұрыстарға қатысты. Рогачев қаласын жаудан азат ету кезінде қаһармандық, ерлік көрсетті. Соғыстан кейін Шымкентте еңбек етті.
03.06.1944 ж.
65. Масин Темір
(1907-1947 жж.)
Орал облысы, Орда ауданында туған. Ұлы Отан соғысында қатардағы жауынгерден рота командиріне дейін көтерілген. Минск тасжолын жаудан қорғау кезінде үлкен ерлік жасаған. Бейбіт өмірде Тайпақ аудандық партия комитетінің хатшысы болған. 1947 жылы дала өртінде қаза тапты.
24.03.1945 ж.
66. Момышұлы Бауыржан (1910-1982 жж.)
Жамбыл облысы, Жуалы ауданында туған. Гвардия полковнигі. Панфилов дивизиясы құрамында соғысқан. Рота, батальон, полк командирі болды. Соғыстың соңғы жылы гвардиялық дивизия командирі болды. Соғыс жылдарында жеке басының қаһармандығымен, ұрыс жүргізудегі шеберлігімен көзге түсті. Сол кездің өзінде-ақ оның әскери тұлғасын айқын бейнелеген А.Бектің «Арпалыс» повесі жарық көрді. Соғыстан кейінгі жылдары бірыңғай шығармашылықпен айналысты. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1990 жылы 12 желтоқсанда оған қайтыс болғаннан кейін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
67. Наурызбаев Іният
(1918-1999 жж.)
Қарақалпақстанның Төрткүл ауданы, Ғани Әділов ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде пулеметші І. Наурызбаевтың расчеты 42 фашистің көзін жойып, 3 нысанның оқ-дәрі қоймасын құртады. Соғыс аяқталған соң Тамбовтағы әскери училищені бітіріп, 1954 жылға дейін Қырғызстанда әскери қызметте болды.
22.02.1944 ж.
68. Нысанбаев Боран (1918-1943 жж.)
Гурьев облысы, Есбол ауданында туған. Қатардағы жауынгер, минометші. Орал облысының Лески қаласында болған шайқаста жауып тұрған оққа қарамастан жаудың мықты бекінген атыс ұясын танкіге қарсы қолданатын гранатамен талқандап, жауынгерлерге жол ашып, ерлікпен қаза тапты.
23.09.1943 ж.
69. Нұрлыбаев Жолдыбай (1922-1945 жж.)
Шымкент облысы, Мақтаарал ауданында туған. Капитан. Артиллерия батареясының командирі, Сталинград, Украина, Белоруссия майдандарында ерлікпен шайқасты. Лукац-Крейц қаласы маңындағы сұрапыл ұрыста ерлікпен қаза тапты.
24.03.1945 ж.
70. Нұрмағанбетов Сағадат
1924 жылы Ақмола облысы, Алексеев ауданында туған. Рота батальон командирі болды. Солтүстік Кавказ, 4-Украина, 1-Белоруссия майдандарында соғысты. Пилица өзені маңында болған шайқаста асқан ерлік көрсетті. Соғыстан кейінгі жылдары Москвадағы жоғары әскери академияны бітірді. Лауазымы жоғары әскери қызметтер атқарды. Қоғам қайраткері. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Халық қаһарманы
27.02.1945 ж.
71. Нұрпейісов Біліс
(1919-1945 жж.)
Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында туған. Ұшқыш, аға лейтенант. Авиациялық барлау полкінде қызмет етіп, үлкен ерлік көрсетті. Берлин маңында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ерлікпен қаза тапты.
18.08.1945 ж.
72. Нұрсейітов Жаппасбай
1923 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде жанқиярлық ерлік, қаһармандық көрсеткен. Соғыстан кейін туған жерінде еңбек етті.
10.01.1944 ж.
73. Ниетқалиев Ерденбек (1914-1945 жж.)
Орал облысы, Жәнібек ауданында туған. Атты әскер эскадронының командирі. Майданда батылдығымен, көзсіз ерлігімен аты шыққан. Германияның Рацебур қаласы маңында болған шайқаста асқан ерлік көрсетіп қаза тапқан.
24.03.1945 ж.
74. Нұржанов Қазбек
(1919-1945 жж.)
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында туған. Барлаушылар взводының командирі. Вологда, Орел, Зуки, Десна, Сож, Днепр, Пруть, Березина өзендерінен өту кезінде небір ерліктер көрсеткен. Волковск қаласын алу кезінде ерлікпен қаза тапты.
24.03.1945 ж.
75. Орақбаев Есен
1922 жылы Орал облысы, Чапаев ауданында туған. Артиллерия училищесінің түлегі. Чехословакияны, Венгрияны жаудан азат ету операцияларында үлкен ерліктер көрсетті. Елге оралған соң туған облысында жоғары лауазымды қызметтер атқарды.
25.03.1945 ж.
76. Оңтаев Бейсен
1922 жылы Шымкент облысы, Арыс ауданында туған. Қатардағы жауынгер, барлаушы. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік жасаған. Соғыстан кейін туған облысында еңбек етті.
30.10.1943 ж.
77. Оразов Ілияс
(1922-1945 жж.)
Ташкент облысы, Янгиюль ауданында туған. Лейтенант. Взвод командирі. Атқыштар дивизиясында соғысып, Дунай өзенінен өту операциясында қаһармандықтың шынайы үлгісін көрсетті. Соңғы ұрыста қаза тапты.
24.03.1945 ж.
78. Рахимов Сабыр (1902-1945 жж.)
Ташкент облысының Тақтапұл қыстағында туған. 1943 жылдан гвардия генерал-майоры. Полк, дивизия командирі болды. Ростовты, Польшаны азат етуге қатысты. Әскерде аса көрнекті қолбасшылық қабілетімен көрінді.
06.05.1965 ж.
79. Рысбеков Құрманбай (1922-1943 жж.)
Шымкент облысы, Фрунзе ауданында туған. Атқыштар полкының құрамында взвод командирі болды. Украинада болған ұрыстарда асқан жанқиярлық көрсетіп, көптеген жаудың көзін жойды. Днепр үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапты.
10.01.1944 ж.
80. Рубахо Филипп Яковлевич (1923-1943)
1923 жылы 13 қаңтарда Ростов облысының Ақсай қаласында жұмысшы қазақ отбасында дүниеге келген. Әкесі патша заманындағы орыс әскери флотының офицері болған. Білімі орталау. 1941 жылдан әскери теңіз флотында жауынгер сапында қызмет еткен. Қара теңіз флотының теңіз жаяу әскерінің сапында 393-жеке батальонда мерген болған. Бірінші сыныпты старшина.
1943 жылдың 9 қыркүйегінде Новороссийск ауданында теңізден жағаға алғашқылардың бірі болып әскери операцияға қатысқан. Дұшпанның 2 атыс нүктесін гранатамен талқандаған. Қоян-қолтық шайқаста жаудың 3 солдатының көзін жойған. Бүкіл ұрыс кезеңінде 346 гитлершіні өлтіріп, 8 дзотты танкты, минометті істен шығарды.
1943 жылдың 14 қыркүйегінде ауыр жарақаттан қаза тапты. 1944 жылдың 22 қаңтары күні «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Көзі тірісінде «Ленин» және «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Сочи қаласында жерленген. Туған қаласында Батыр атында көше бар.
22.01.1944 ж.
81. Сеңгірбаев Мұсабек (1914-1941 жж.)
Талдықорған облысы, Қаратал ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 28-гвардияшы-панфиловшылардың бірі. Дубосеково разъезі түбінде өз серіктерімен жаудың 50 танкісіне қарсы тұрып, ерлікпен қаза тапты.
21.07.1942 ж.
82. Сихымов Есмұрат (1922-1942 жж.)
Талдықорған облысының Ақсу ауданында туған. Пулемет расчетының командирі. Погудино қыстағында 2 сағат айқасып, 60 гитлершілді жер жастандырып, ерлікпен қаза тапты.
18.10.1943 ж.
83. Сыпатаев Қарсыбай (1918-1942 жж.)
Шымкент облысының Шаян ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград іргесіндегі болған ұрыстарда ғажайып ерлік үлгісін көрсетті. 36 танкімен жеке-дара айқасқан. Соңғы минасын қолға ұстап, танк астына құлап, оны жойып жіберіп, қаза тапты.
17.04.1943 ж.
84. Смайылов Садық
1911 жылы Шымкент облысы, Бөген ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Өз зеңбірегімен немістердің 7 танкісін, 2 зеңбірегін, 300-ден астам жауды жойып, асқан ерлік көрсеткен.
01.11.1943 ж.
85. Смағұлов Қайырғали
1919 жылы Гурьев облысының Балықшы ауданында туған. Ол Ростов, Новороссийск қалаларын азат етуге қатысты. Десантшылардан құралған 20 жауынгер 44 күн бойы жау қыспағына төтеп берді. Елтиген қыстағы үшін болған ұрыста ол жиырмаға жуық жауды жойып жіберді. Қазақтың айтулы жазушысы Ғабит Мүсірепов Қ.Смағұлов өмірін негізге алып, «Қазақ солдаты» романын жазды.
17.11.1943 ж.
86. Сүлейменов Жолдас
1921 жылы Шымкент облысының Сарыағаш ауданында туған. Барлаушылар тобының командирі. Днепр үшін болған ұрыста қаһармандық ерлік үлгісін көрсетіп, жауды орасан шығынға ұшыратқан, көп қару-жарақты қолға түсірген.
30.10.1943 ж.
87. Сұрағанов Құдайберген
1921 жылы Павлодар облысының Качир ауданында туған. Зеңбірек батареясының командирі, аға лейтенант. Волгадан Шпрееге дейін даңқты ерлік жолымен жүріп өткен. Соғыстан кейін педагогикалық жұмыспен айналысты. Ғылым кандидаты.
15.05.1946 ж.
88. Сухамбаев Ағаділ (1920- 1944 жж.)
Жамбыл облысының Свердлов ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Белоруссияны, Литваны, Польшаны азат ету соғыстарына қатысты. Польшада болған ұрыста пулемет амбразурасын денесімен жауып, жауынгерлерді сәтті шабуылға көтеріп, ерлікпен қаза тапты.
24.03.1945 ж.
89. Тасқұлов Қалыбай
1922 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепр өзенінен өту кезінде үлкен ерлік көрсеткен. Соғыстан кейін туған жерінде еңбек етті.
30.10.1943 ж.
90. Тоқатаев Рақымжан
1923 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Артиллерия атқыштар полкының құрамында соғысып, жаудың 9 танкісі мен 4 боронотранспортерін құртты. Елге келген соң педагог болып қызмет етті.
29.06.1945 ж.
91. Тоқтаров Төлеген (1921-1942 жж.)
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 8-атқыштар гвардиясында қызмет етті. 1942 жылы 9 ақпанда Бородино үшін болған ұрыста асқан ерлік жасап, немістермен қоян-қолтық шайқаста қаһармандық үлгісін көрсетті.
30.01.1943 ж.
92. Темірбаев Сейітхан
1922 жылы Қостанай облысының Таран ауданындағы Қызылжар ауылында туған. Взвод, рота командирі болып, Белоруссия, Польшаны азат етуге қатысты. Берлинге шабуылдау кезінде тапқырлық пен батылдық танытып, оның 11 кварталын жанталаса қарсыласқан фашистерден тазартты.
31.05.1945 ж.
93. Туғанбаев Қадыран (1924-1944 жж.)
Алтай өлкесі, Усть-Кан қыстағында дүниеге келген. Атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері. Ержүрек жауынгер талай қиын тапсырмаларды абыроймен орындаған. Днепрден өту кезінде жаудың тасадан атқан пулеметтерін батылдықпен жойды. Соңғы сәтте ауыр жарақат алып, госпитальда қайтыс болды.
19.03.1944 ж.
94. Түктібаев Орман (1917-1944 жж.)
Қызылорда облысы, Қазалы ауданында туған. Кіші сержант. Солтүстік-батыс, 2-Прибалтика майдандарында соғысқан. Перели қыстағы түбіндегі ұрыста асқан ерлікпен қаза тапты.
24.03.1945 ж.
95. Тышқанбаев Қожахмет (1917-1943 жж.)
Талдықорған облысы, Панфилов ауданында туған. Қатардағы жауынгер, зеңбірекші. Қырымдағы Елтиген ауданында неміс танкілерімен кескілескен ұрыста ерлік көрсетіп, қаза тапты.
16.05.1944 ж.
96. Үргенішбаев Ыдырыс (1912-1943 жж.)
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында туған. Сержант, бөлімше командирі. Днепрден өту кезінде жаудың 90-нан астам солдаты мен офицерін жойып, осы ұрыста қаза тапты.
15.01.1944 ж.
97. Үсенов Абдолла (1924-1943 жж.)
Шымкент облысының Түркістан қаласында туған. Қатардағы жауынгер. Атқыштар дивизиясында соғысып, Украина жерінде жаудың 8 танкісін жойды. Сол жойқын ұрыста ерлікпен қаза тапты.
25.08.1943 ж.
98. Хұсайынов Ахмедияр (1924-1986 жж.)
Орал облысы, Орда ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Қорғаныс полкінің құрамында соғысып, Мелитополь қаласын азат ету кезінде бір өзі 40 шақты жауды жойды. Соғыстан кейін ағарту, атқару саласында қызмет етті.
01.11.1943 ж.
99. Шәкенов Кенжебек
1924 жылы Семей облысы, Жарма ауданында туған. Пулемет училищесін бітірген. 2-Украина майданында соғысып, Днепрден өту кезінде жаудың шабуылын 3 рет тойтарып, 17 солдаты мен офицерін, ірі калибрлі пулеметін жойды. Соғыстан кейін партиялық қызмет атқарды.
22.02.1944 ж.
100. Шәкіров Астанқұл (1921-1945 жж.)
Өзбекстанның Әндіжан қаласында туған. Барлау взводының жауынгері майданда талай ерліктер жасады. Неман өзенінен ең бірінші болып өтіп, бүкіл полктың әскери тактикасын өзгертіп, жауға жойқын соққы беруге жағдай жасады. Соңғы ұрыстардың бірінде ерлікпен қаза тапты.
24.03.1945 ж.
101. Шәкіров Сәду
1922 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Атқыштар дивизиясының құрамында соғысып, Днепрден өту кезінде Лоеводағы биіктікке алдымен жетіп, ту тікті. Соғыстан соң шаруашылықта басшылық қызметтер атқарды.
30.10.1943 ж.
102. Ысқақов Қапай (1906-1973 жж.)
Семей облысының Жарма ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград, Украина майдандарында үлкен ерліктер көрсеткен.
13.09.1944 ж.
103. Ыбыраев Әйткен (1924-1944 жж.)
Семей облысы, Жаңасемей ауданында туған. Старшина. Жаудың 6 зеңбірегін, 12 пулемет ұясын, 200-ге жуық жау офицерлері мен жауынгерлерін жойған.
24.03.1945 ж.
104. Ыбыраев Ысқақ (1911-1965 жж.)
Солтүстік Қазақстан облысы, Приишим (Қаратал) ауданында туған. Атқыштар взводының командирі. Одер өзенінен өту кезінде қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетті.
27.02.1945 ж.
105. Ілиясов Нағи
1920 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында туған.
Қатардағы жауынгер. Дунай өзенінен өту кезінде батылдық пен ерлік көрсеткен.
09.04.1945 ж.
Соғыстан кейінгі дәуірде «Кеңес Одағының Батыры» атағын алғандар
106. Әубәкіров Тоқтар
1946 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Қазақтың тұңғыш ұшқыш-ғарышкері, генерал-майор. Аса қуатты, соңғы үлгідегі ауыр әскери ұшақты қондыру кезіндегі асқан шеберлігі мен батылдығы үшін 1988 жылы «Кеңес Одағының Батыры» атағы, 1995 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілген.
107. Майданов Қайырбола
1956 жылы Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында туған. Әскери ұшқыш. 1988 жылы ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Біраз жыл Қазақстанның әскери-әуе күштерінде қызмет етті. Соңғы жылдары Ресей Қарулы күштеріне ауысып, Шешенстандағы соғыста жауынгерлік операцияларды сәтті орындағаны үшін «Ресей Батыры» атағы берілген. 2000 жылы Шешенстан соғысында қаза тапты.