Әкемді мақтан тұтамын
Менің әкем Ерғали Қожаназаров 1915 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майлыбас ауылдық кеңесінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Тағдыр тауқыметін ерте жастан тартқан ол 5 жасында жетім қалып, ағасы Нұрғали мен жеңгесінің тәрбиесінде болады. Бірақ қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі астарлы саясатын қазақ жеріне сұға бастаған тұстағы бір қақтығыста ағасы мертігеді. Бұдан кейін жеңгесі Ерғалиды балалар үйіне өткізеді.
Әкем еңбек жолын 1934 жылы Қазалы аудандық балалар үйінің тәрбиешісі болып бастайды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазалы ауданындағы Көларық жеті жылдық мектебінің оқу меңгерушісі, көп ұзамай Ғ.Мұратбаев атындағы колхоздың Калинин атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі болып, ұстаздық кәсібін жалғастырады. 1940 жылдың ақпан айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Белоруссиядағы 298-арнайы Зенит артдивизионына әскери борышын өтеуге аттанады. Бір жылдан кейін 22 маусымда Брест қаласындағы әскери қызмет барысында майдан даласына жіберіледі.
Гвардия ефрейторы Е.Қожаназаров фашистерге қарсы соғыста Батыс Брянск, Орталық және бірінші Белорусь майдандары құрамында Орел, Сталинград, Курск, Брянск, Сумск, Речица, Брест, Познань, Варшава, Берлин сияқты ондаған қаланы азат ету үшін болған ұрыстарға қатысқан. Зенитті-артиллериялы гвардия полкында батарея командирінің орынбасары-нысанашы болған әкем жаудың 13 ұшағын, 5 жауынгері мен офицерлерінің көзін жойған. Ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен «Сталинград қаласын азат еткені үшін» «Варшава қаласын азат еткені үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Бұдан бөлек Бас қолбасшыдан 8 мәрте Алғыс хат иеленген. Майдан шебінде көрсеткен жігерлілігі және өзінің өтініші негізінде 1943 жылдың сәуірінде Коммунистік партия қатарына қабылданды. Осылайша соғыс алаңында батылдығымен танылған ержүрек жауынгер 1945 жылдың қараша айында туған жерге оралды.
Соғыстан кейін әкем Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарды. 1948-1956 жылдар аралығында аудандық атқару комитетінде жоспарлау бөлімі бастығы болды. 1956 жылы Энгельс атындағы колхозға 30 мыңдықтар құрамында төрағалық етті. 1960 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанша Қазалы автобазасында мамандар жөніндегі аға инспектор болып еңбек етті.
Әкемнің бейбіт өмірде де ұрпақ тәрбиесіне атсалысуын үзген жоқ. Мектептердегі, комсомол ұйымдарындағы кештерде соғыс даласында көрген қиындықтарын, жолдастарының көрсеткен ерлігін, бейбіт өмірдің құндылығын айтып, ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосты.
Әкем мен анам Мұңсыз Ідірісова бауырым Нұрлан екеумізді қанаттыға қақтырмай өсірді. Анам өмір бойы мемлекеттік банкте аға кассир болып қызмет атқарды. Тек 1974 жылдан зейнетке шыққан 1978 жылдар аралығында ғана Қазалы қаласындағы автобазада кассир болып жұмыс істеді. Жұмысына адалдығы және соғыс кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы кезіндегі адал еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Балалары мен немерелерінің ортасында әкеміз Ерғали 1990 жылы тамыз айында, анамыз Мұңсыз 1993 жылы маусым айында дүниеден өтті. Бұл күнде Нұрлан бауырым әке шаңырағының түтінін түтетіп отыр. Қазалы ауданының Құрметті азаматы. Ал мен отбасыммен Жаңатас қаласында тұрамын.
Қазалы ауданының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Ерғали әкемізге Қазалы қаласының орталығынан көше берілді. Артында өшпес із, өнегелі іс қалдырған әкемді әрдайым мақтан тұтамын.
Светлана ҚОЖАНАЗАРОВА,
Сарысу ауданы Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекшісі,
аудандық аналар алқасының төрайымы,
кітапхана ісінің ардагері