Сағыныш екен сол бір кез
Жеңіс күні – толарсақтан саз кешіп, басын қауіп-қатерге тіккен батырларымыздың ерлігін еске алатын күн. Сол бір даңқты жеңістің артында қанша майдангердің маңдай тері, өмір жолы жатыр. Солардың бірі – менің атам Ахым Далбаев.
Ахым атам 1920 жылы 7 мамырда Талас ауданының Қызылтаң кеңшарында дүниеге келген. Атамның балалық шағы қиыншылықтарға толы болды. Алдымен Грозный селосындағы мектепте білім алып, кейін ата-анасымен Талас ауданына қайта оралды. Басқа түскен ауыртпалық, өмірде кездескен қиындық оны алдына үлкен мақсат қоюға жетелеп, ертеңге деген үміт отын жақты. Атам әрқашан ел үшін адал еңбек етуді, туған жерінің өркендеуіне үлес қосуды мақсат етті.
1940 жылы әскер қатарына шақырылып, соғыс басталғанға дейін Кеңес армиясы қатарында сержант, взвод командирі болып Семей қаласында қызмет атқарды. 1941 жылы Семей қаласынан әскерге алынып, Брест қаласының маңында соғысқа қатысады.
Майданда Смоленск, Брянск, Минск қалаларын, Польшаны азат етуге үлес қосады. Висладан өту операциясында жараланып, госпитальға түседі. Денсаулығы жақсарғаннан кейін Украина майданында Словакияны, Венгрияны азат етуге қатысып, Одерден жүзіп өту кезінде екінші рет жеңіл жарақат алады. Одан кейін Германияны фашистерден азат ету барысында Эльба өзенінің жағасында соғысты аяқтайды.
Соғыстың барлық ауыртпалықтарын бастан өткізген Ахым атам майданнан кейінгі өмірінде еңбекке де етене араласады. 1945-1946 жылдары Германияда шекарашы қызмет атқарған ол 1946 жылы елге оралған соң ІІ топтағы мүгедек болса да Қаратау қаласындағы комбинатта бригадир, Талас ауданындағы «Жаңа Аралтөбе» кеңшарында сиыр фермасының меңгерушісі қызметін атқарды. Кейін Жамбыл қаласында шопан, Талас ауданы Ильич атындағы кеңшарда аға шопан болып жұмыс істеді.
Ахым атам 1940 жылдары отбасын құрған. 1947 жылы қызы Доқдыркүл, кейін Әбдіжапар, Анаркүл, Үлпен, Қыздықой, Әбдісапар, Кенжекүл, Есенғали, Шүкірғали, Жаңакүл дүниеге келген. 1965 жылы атамыз екінші рет үйленіп, тағы да 9 ұл мен қыз тәрбиеледі. Бүгінде атамнан 29 немере мен 71 шөбере тараған.
Ахым атамыз соғыс кезінде өзінің жауынгерлік борышын адал атқарған ержүрек жауынгер ғана емес, сонымен бірге еліне, отбасына деген адалдықты сақтаған шынайы еңбеккер адам болды. Атамыздың ерлігі мен батырлығы, оның отбасына деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала береді.
Осы тұста Ахым атамның бізге айтып берген майдан даласындағы бір естелігі ойыма оралып отыр.
«Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кез. 1943 жылдың күз айы. Қара суық. Қар аралас жаңбыр тынымсыз жауып тұр. Майдан даласынан енді ғана оралған сарбаздар сәл де болса тынығып алуға тырысқанымен, тоңған дене, шаршаған жан ентігіп әрең дем алып жатты. Айнала үнсіз, бомба дауысы алыстан анда-санда ғана естіледі. Бірақ дәл осы ауыр сәтте бір сарбаздың жүзінде беймәлім күлкі ойнап тұрған еді.
Әсет қалтасына қол жүгіртіп, ескі, жиырылып қалған бір парақты шығарды.
Сол сәтте сарбаздар қарша бораған оқ пен жауынның арасында отырып, барлығы шынайы күлді. Бұл – үміттің, сағыныштың, адам баласына тән мейір мен сенімнің бір сәттік сәулесі еді. Нөсер жауын мен зеңбірек үнінің астында дәл осындай бір жылы сөз жанға шипа болған».
Ахым ата осы бір сәтті өмір бойы ұмытпаған.
Ұрпақтары соғыстан кейін алғаш рет түгел жиналғанда атамызды ортаға алып, ауыл шетіндегі көгалда бірге суретке түстік. Әулетіміз үшін осы бір сурет – өткен жылдардың ауыртпалықтарының артта қалғанының белгісі. Ахым атамыздың өмірі – бізге ерліктің, патриотизмнің, отансүйгіштіктің белгісі ретінде тарихта қалды. Ұл-қыздары, немерелері атамызды сағынғанда сол суретке қарап, қуанышты сәттерді еске аламыз.
Ахым атам «1941-1945» жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы», «Кеңес Қарулы Күштерінің 60 жылдығы», «Жеңіске 65 жыл» секілді мерекелік медальдармен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ ерекше ерлігі үшін берілетін «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Тіпті бейбіт заманда да ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) қола медалімен марапатталды. Бұл марапаттардың әрқайсысы Ахым атаның батырлықпен өрілген өмір жолының, елге деген адалдығы мен халқына жасаған қызметінің бұлтартпас дәлелі.
Ләззат ҰЗАҚБАЕВА,
немересі