Екпіндіде туған ер Уәли
Қабылбек Сарымолдаев сынды жалынды революционердің атымен аталатын ауылдың «Кузминка» деген атауының әлдеқашан келмеске кеткенін білсе де таксистер, тегі жалпақ жұрт оның Кузминка деген атауын жадынан жоғалтпай келеді. Сол кулак Кузминнің пристав Лундинмен бір жүріп талай қазақты қан қақсатқанын олар біле ме екен? Әй, білмейді-ау... Әйтпесе осынау содыр көпестің аты жойылып, оның орнына Меркі жеріне Тұрар Рысқұлов сынды асыл тұлғамен бірге жүріп Кеңес үкіметін орнатқан Қабылбек Сарымолдаевтың есімі берілгенін ұмытпас еді.
Бүгінде осы аймаққа да (округке) Қабылбек Сарымолдаевтың аты берілген. Сәуір айының тәуір күндерінің бірінде біз жаңа ғимаратқа жаңадан көшіп-қонған ауыл әкімдігінің есігін ашып, едені де, қабырғасы да көз қарықтыратын қазіргі заманның озық үлгісімен салынған әсем кеңсеге таңырқай да, тамсана кірдік. Алғашында аудан әкімінің өкімімен, кейін халықтың таңдауымен ауыл әкімі болып сайланған Сәбит Бәбіжанов бауырымыз бізді емен-жарқын қарсы алды. Келген мақсатымыздың өзі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай майдангерлер туралы мәлімет алу болған соң сөзімізді содан бастадық. В.Савва сынды Кеңес Одағының Батыры бар ауылдың әкімі еңсесін биік ұстап, кабинетіне әкімдіктің әскери тіркеу орнының инспекторы Нұрболат Өмірбековты шақыртты. Ұзын сөздің қысқасы елді мекенде көзі тірі майдангер қалмаса да сол сұрапыл соғысқа қатысқандардың ұрпақтарын көріп қайту үшін Сарымолдаев ауылына бет бұрдық.
Нұрболат қара жаяу біреу емес екен. Жол-жөнекей бізге бұрынғы аудандық тұтынушылар одағы мен «Жылы бұлақ» кеңшары кеңсесі алдындағы және Ойталдағы мектептің алдына қойылған майдангерлерге арналған ескерткіштерді көрсетті. Бұл да болса кешегі Жеңісті жақындатқан батыр ағаларымыздың ерен ерлігін еске түсіретін жәдігер ғой.
Нұрболат бізді осы ауылдың Сарымолдаев көшесіндегі №190 үйге әкелді. Баяғы большевик-коммунистер сықылды мойнына галстук тағып, көзіне көзәйнек киіп алған ақсақал қарсы алды. Өзін Асқар деп таныстырған ақсақалымыз біз іздеп келген майдангер Уәли Шүршітбаевтың ұлы екен. Жасы 79-ға келсе де сөзі де, жүрісі де ширақ. Асекең архивін ақтарып тастап әкесінің майдандағы құжаттары мен суреттерін ақтарыстырып қарай бастады.
Асқар ақсақал Ульяновск пен Қарағанды жартылай техникалық университеттерін тәмамдаған жоғары білімді маман екенін, «Ақбақайдағы» алтын кенінде директордың орынбасары болғанын, «Жамбыл облысының Құрметтті ардагері» екенін бізден жасырып қалды. Алайда, осының бәрі өзі бізге ұстатқан қағазда тайға таңба басқандай жазулы тұр еді. Меркіден зағиптер қоғамын ашқан да, шахмат федерациясын құрған да осы Асекең болып шықты. Десек те «Әкеге қарап ұл өсер» деген рас екен. Уәли ақсақалдың өмір жолы арпалыста өткенін екі парақ ақ қағазға зер салғанда анық ұқтық.
Кеңес үкіметі әлі де орнай қоймаған 1903 жылы осы Екпінді топырағында кедей шаруаның отбасында дүние есігін ашқан ол алғашында Меркіде, одан кейін Түркістанда орыс-түзем мектебінде оқып, білім алады. Қабылбек сынды қайраткермен өмірі өзектес болған соң 1921 жылы Қазақ жастарының төңкеріс одағына мүше болып қабылданады. Осы одақтың төрағасы Қабылбек Сарымолдаев болған соң оның жанынан жарты қарыс қалмай жүрген өз ағасы Әбдіразақ Кәденовке ілесіп, Самарқант пен Хорезмдегі көтерілісті басуға аттанады. Бүлікші, бұзақы содырлар Әулиеата, Ташкент қалаларынан да бас көтере бастаған осынау өлара шақта Уәли ешнәрседен қаймықпай күрес жүргізіп, ел ішіне іріткі салып жүрген басмашы, бай-манаптардың жымысқы әрекеттерін әшкерелеп, Кеңес үкіметін орнатуға жастық жігерін аямайды.
1928 жылы елде коммуна, артель құрыла бастаған кезде уездегі басшылар оны артельдерді ұйымдастыру комитетіне инспектор етіп тағайындайды. Жас кезінен әр іске алғыр болып өскен ол қарға тамырлы қазақтың мұңы мен мұқтажын жете түсініп, кедей үкіметін орнату жалшы-жақыбайларды бай-манаптардың өктемдігінен құтқаратын бірден-бір жол екенін жандүниесімен сезінеді. Сөйтіп, өзіне қарсыласқандарға қайсарлық көрсетіп, белсенді жастардың үнемі алдыңғы легінде жүрді. 1928-1933 жылдар халыққа ашаршылық әкелді. Тұрар Рысқұлов Мәскеудің көмегіне сүйенбей-ақ, Әулие-Ата уезінен азық-түлік камиссариатын ашты. Осы кезде эмиссарлар ашыққан елге ашық аспан астынан қазан-ошақ көтеріп, тамақ таратты. Аштықтан өлген елде есеп жоқ болатын. Ақтоған ауылының күн Шығыс жағындағы «Қаратөбе» аштан өлген адамдардың мазарына айналды.
1934 жылы Уәли Шүршітбаев уездің тапсырмасымен Қарабалта милициясына тергеуші болып тағайындалды. Бұл ел азғындап, ұры-қарылар коллективтік меншікке қолын аямай салып жатқан мазасыз мезгіл болатын. Ел ішіндегі телі мен тентекке тосқауыл қою кеңестік милицияның төл борышы болған соң Уәли осындай топ пен тобырға құрық салуға аянбай кірісті. Уәли Қырғызстанда екі жыл болып Меркіге келген соң аудандық ұжымдастыру комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл өзі Сталин мен Голощекиннің қылышынан қан тамшылап тұрған аумалы-төкпелі заман еді. Қазақ интеллигенциясының қаймағы болған талай арыс «халық жауы» деген жалған жаламен атылып кетіп жатқан 1937 жыл Уәлиге де оңай тиген жоқ. Қайда барсаң «Қорқыттың көрі» деген осынау аласапыранда Уәлиді үкімет «Екпінді» артеліне бастық етіп жіберді. «Өзің – өлтірмейді» деген рас-ау. Өз ауылы, өз азаматы болған соң халық Уәлиді жатсынбай, өздеріне басшы етіп сайлап алды. 1939 жылға дейін Уәкең аттан түскен жоқ. Кейін ферма меңгерушісі, кеңшар бастығының орынбасары болып жүріп, адал еңбегімен елге жақты.
Халық аштықтан енді еңсесін көтеріп, өз қолдары өз аузына жете бастаған мамыражай шақта тып-тыныш тіршіліктің шырқы бұзылды. Қызыл империяның Батыс жақ шебіндегі Брест қамалына фашистік Германия соғыс жарияламай жатып баса көктеп кіріп келді деген суық хабар қазақ даласындағы әр шаңырақты шырт ұйқысынан 22 маусым күні үлкен үреймен оятты. Қолына қару ұстай алатын еркек кіндіктің бәрі Отан қорғауға шақырылды. Шүршітбай қарттың 6 баласының үшеуі соғысқа алынды. Батыста тұтанған соғыс өрті 1945 жылдың мамыр айына дейін басылған жоқ. Осы сұрапылда Уәлидің Зейтін мен Шайхазым деген інілері майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Ал, Уәли Шүршітбаев жауынан жасырынатын жігіт емес қой, қаруын тастамай Берлинге дейін барды.
... Осы көшеде жасы 74-ке келген Шүршітбай қарияның Құлтай деген баласынан туған Сәрсен деген азамат тұрады екен. Өзі осынау сұрапыл соғысты көрмесе де аталарының айбынды жорығын әлі ұмытпаған ол: «Уәли көкемді көзімізбен көрдік. Көкемді қазақтың нағыз қайсар ұлы деп айтар едім. Ол кісі соғыстан келген соң да ерен еңбектің үлгісін көрсетіп омырауындағы «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», Варшаваны, Берлинді алғаны үшін медальдарының жанына «Еңбек Қызыл Ту» орденін де тақты ғой еренім. Сонда ол кісі соғыс туралы көп айта бермейтін. Өзінің «Прогресс», «Екпінді» кеңшарларына бастық, ферма меңгерушісі болғанын аузынан тастамайтын. Әсіресе, «Құрметті колхозшы» деген медалін бет орамалымен қайта-қайта сүрткілеп отырып: «Бізді көркейтетін де, көрікті етіп көрсететін де осы атақ» деп отырушы еді жарықтық. Ол кісінің суреті өзі оқыған В.Савва атындағы және Тұрар Рысқұлов мектептерінің мұражайларында да бар. Демек көкемізді бүгінгі жастар да ұмытпайды», дейді Сәкең тебірене сөйлеп.
Уәли майдангер 1963 жылы зейнетке шықты. 1983 жылы 80-ге келгенде дүние салды. Ол кісінің қара шаңырағында жасы 79-ға келген жалғыз ұлы Асқар отыр. Әке жолын қуған ұл осы Сарымолдаев ауылдық округінің ардагерлер кеңесін басқарды. Анасы Алуа ертеректе көз жұмған екен. Екеуінің 2 ұл, 6 қызы бар. Олардан өрбіген немерелер мен шөберелер тағы бар. Асекеңнің бүгінгі ермегі шахмат. Ол оның 1969 жылдан бері ермегі. Шахматтан 4 дүркін аудан чемпионы атанған Уәли қарттың баласының жүзінен оның әлі қажығаны білінбейді. Өйткені ол майдангердің ұлы ғой.
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Екпінді ауылы,
Меркі ауданы